«Бірден үш талақ» айту күнә ме?
«Бірден үш талақ» айту күнә ме?
9 жыл бұрын 9734

Сәлеметсіз бе! Сіздердің сайттарыңыздан талаққа байланысты мақала оқыдым. Сол жерде бірден үш рет талақ ету - шариғатқа теріс ажырасу түрі деп берілген екен. Сұрайын дегенім, бірден үш рет талақ айту күнә ме? С. 

Сәлеметсіз бе! Қадірменді С., бір-бірімен түсінісе алмаған ерлі-зайыптылар бірден ажырасуды ойламай, арадағы келеңсіздіктерді тудырған факторларды анықтай отырып, бір мәмілеге келуге тырысып бағады. Мұсылман ер кісі «маған талақ айту құқы берілген» екен деп жөн-жосықсыз талақ айта беруі - қателік, күнә[1]. Осындай қателікке бой алдырмас үшін, шариғатымызда  ажырасудың қарастырылған өзіндік жолдары бар. Осы рет бойынша, шариғатқа сай ажырасу жолы және шариғатқа теріс ажырасу жолы деп бөлінген[2]. Бұлай бөлінуінің себебі, біріншіден,  ойланып-толғануға мүмкіндік беру, шынымен де, ажырасуға тұрарлық па соған көз жеткізу. Еш нәрсенің байыбына бармай, ойланбай, талақ етіп қойған кісі - артынан өкініп жатады. Екіншіден, шариғатқа теріс ажырасу түрі әйел кісіге де залалын тигізуі мүмкін.

Бір мезгілде  үш талақты айту  - күнә. Бұл  - «бидғи талақ», яғни, шариғаттың үйреткен ажырасу тәсіліне теріс. Өйткені, әйелін бірден үш талақпен талақ еткен кісінің бұл әрекетін естіген ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) ашуланып: «Алланың аяттарын мазақ еткісі келеді ме?!»[3], – деп ренжіді.

Сахаба Абдулла ибн Омар, бір кісінің үш талақты бірден айтқанын естігенде: «Әйелімен қайта некелесу құқы жойылды[4]. Бұл әрекеті – Ұлы Раббысына қарсы келу болып табылады. Ол сүннетке теріс әрекет етіп отыр»[5], – деген.

Ендеше,  ажырасуға бел буған мұсылман кісі «бірден үш талақ» айтуға асықпауы тиіс, бұл -  күнә.

[1]Әбу Заһра, әл-Әхуалуш шахсия – 287 бет.
[2]Толық мағлұмат үшін мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/questions/januya/talaq/sharigatqa-sai-ajyrasu-joly-qandai-65/  
[3]Даруқутни – 3/272 бет. №(55)3879 хадис.
[4]басқа ерге тұрмысқа шықпайынша (және кейін одан ажыраспайынша), оған ол әйел адал емес
[5]Даруқутни – 3/283 бет. №(84)3908 хадис.; Сахих Муслим: Китабут Талақ «Бәбу тахрими талақил хаиз», №1471

Абдусамат Қасым