Тәпсірші Ибн Кәсир сәләфит болған ба?
Тәпсірші Ибн Кәсир сәләфит болған ба?
9 ай бұрын 2296
  • Әссәләмуғалейкум! Ибн Кәсирді Ибн Тәймияның шәкірті болған деседі. Ибн Кәсир де сәләфит болған ба?
  • Әссәләмуғалейкум! Тәпсірші Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) ол кісі төрт мәзхабтың бірінде болған ба?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму ълә расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ибн Кәсирдің (рахимаһуллаһ) ұстазы көп болған, солардың арасында шейх Ибн Тәймия да болғандығы рас. Жас күнінде Ибн Тәймияның дәрістеріне қатысқан. Бірақ Ибн Кәсир Ибн Тәймияның жолын қумаған. Өйткені, Ибн Кәсирдің одан да басқа ұстаздары болды. Сондықтан, болар Ибн Кәсир саләфит-уахабит жолын емес, сәләф жолын ұстанған. Мысалы, Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) "Алла аршқа истиуә етті" деген аяттағы «истиуә» сөзіне сәләфиттер секілді «отырды», «орнықты» деп мағына бермеген, керісінше аятты сол күйінше қабыл етіп, негізгі мағынасын Аллаға қалдыру керектігін айтқан. Оны әйгілі тәпсіріндегі мына сөздерінен оңай ұғуға болады. Ибн Кәсир өзінің атақты Құран тәпсірінде «Алла Аршқа истиуә етті» деген аят-и-кәримаға былай деп тұжырым білдіреді: 

فَلِلنَّاسِ فِي هَذَا الْمَقَامِ مَقَالَاتٌ كَثِيرَةٌ جِدًّا، لَيْسَ هَذَا مَوْضِعَ بَسْطِهَا، وَإِنَّمَا يُسلك فِي هَذَا الْمَقَامِ مَذْهَبُ السَّلَفِ الصَّالِحِ: مَالِكٌ، وَالْأَوْزَاعِيُّ، والثوري، وَاللَّيْثُ بْنُ سَعْدٍ، وَالشَّافِعِيُّ، وَأَحْمَدُ بْنُ حَنْبَلٍ، وَإِسْحَاقُ بْنُ رَاهَوَيْهِ وَغَيْرُهُمْ، مِنْ أَئِمَّةِ الْمُسْلِمِينَ قَدِيمًا وَحَدِيثًا، وَهُوَ إِمْرَارُهَا كَمَا جَاءَتْ مِنْ غَيْرِ تَكْيِيفٍ وَلَا تَشْبِيهٍ وَلَا تَعْطِيلٍ.

«Адамдар осы аят төңірегінде көптеген сөздер айтқан. Оның бәрін мына жерде айтып отыру орынсыз. Бұл мәселеде бұрынғы салихали саләф ғалымдардың жолымен жүріледі, ол - Әузәъидиң, Сәуридің, Ләйс бин Сәъдтің, Шәфиғидің, Ахмад ибн Ханбәлидің, Исхақ ибн Раһауәйхтың т.б. мұсылмандардың бұрынғы және кейінгі көшбасшыларының жолы».

Әрі қарай сәләф солихин ғалымдардың аталмыш аятқа деген ұстанымы қалай болғандығын Ибн Кәсир былай түсіндіреді:

 «وَهُوَ إِمْرَارُهَا كَمَا جَاءَتْ مِنْ غَيْرِ تَكْيِيفٍ وَلَا تَشْبِيهٍ وَلَا تَعْطِيل

"Олардың ұстанымы - аят қалай келген болса сол күйінше қабылдау (немесе сол күйінше оқып кету-ауд.). Қандай деместен (кәйфиетсіз) және тәшбиһке бармастан (яғни, жаратылыстарға ұқсатып қоймастан) жәнә мүлдем (истиуәны) жоққа шығармастан»1.

Ибн Кәсир бұл жерде: "ең дұрысы - аят қалай айтылған болса, солай қабыл етіп, оның қандайлығын қарастырмау" деп отыр. Бұл Имам Мәликтің: «Истиуә - мәлім. кәйфиеті - беймәлім, ол жайында сауал қою - бидғат» деген сөзіне ұқсайды. Имам Мәліктің «истиуә мәлім» дегені - «истиуә жайында аятта айтылған» дегені. «Кәйфиеті беймәлім» дегені - оған пәлен, түген деп анықтама бермейміз дегені. Қазіргі сәләфиттер болса, бұл аяттағы «истиуә» сөзіне «отырды, орналасты» деу арқылы кәйфиет береді, осылайша Алла Тағалаға "мекен" береді, бұл жаратылыстарға ұқсату. Аллаға мекен беру күпірлік. Сондықтан да, мұсылмандарды ондай түсініктен ұзақ ұстау керек. 

Әріқарай Ибн Кәсир «истиуә» сөзін қалай түсіну керектігін былай деп қорытындылайды: 

«وَالظَّاهِرُ الْمُتَبَادَرُ إِلَى أَذْهَانِ الْمُشَبِّهِينَ مَنْفِيٌّ عَنِ اللَّهِ

"Алланы жаратылыстарға ұқсатушылардың ойына келетін "истиуә" сөзінің беткі мағынасы Алла Тағалаға тән етілмейді»2.

Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) бұл жерде "истиуә аятын сол күйінше қабыл етеміз, бірақ ойға келетін беткі мағынасын қабыл етпейміз" деп отыр. Истиуәның беткі мағынасы қандай? Оның беткі мағынасы - отырды, орналасты. Мұндай мағынасын қабыл етпейміз дейді Ибн Кәсир. Осы сөзімен де Ол (р.а.), сәләфит-уаһабиттер сияқты «истиуә» сөзіне «отырды», «орнықты» деп мағына беретін сәләфит-уаһабиттердің ұстанымымен келіспейтіндігін білдіріп отыр. Өйткені сәләфиттер-уаһабиттер айтады: «истиуә сөзінің беткі мағынасы отыру, орнығу, демек аятты солай қабыл етуіміз керек» дейді. Сөйтеді де «Алла аршта отыр, Алла аршта орныққан» дейді. Мұны Ибн Кәсир дұрыс емес деп отыр. 

Ибн Кәсирдің бұл түсіндірмесі Имам Нәуәуидің мына сөзімен ұштасады: «Біз оның мағынасын білмейміз. Бірақ, біздің сенімімізше ол сөздің негізгі түсінігі заһири (беткі) мағынада емес. Оның өзіндік Аллаға лайықты мағынасы бар. Бұл әуәлгі ғұламалардың басым көпшілігінің және біраз кәләмшылардың ұстанымы...»3

Қарап тұрсаңыздар Имам Нәуәуи де (р.а.) «истиуә сияқты аят-хадистердегі мүтәшәбиһ сөздердің мағынасын білмейміз, бірақ "отырды", "орнықты" деген заһири беткі мағынасында қабыл етпейміз» деп отыр. Бұл жоғарыдағы Ибн Кәсирдің «Жаратылыстарға ұқсатушылардың ойына келетін беткі мағынасы Алла Тағалаға тән емес» деген сөзінің дәл өзі. 

Демек, атақты ғұлама, мухаддис, тәпсірші Ибн Кәсир сәләфит-уаһабит болмаған. Ол - мүтәшәбиһ аяттарға қатысты «тәфуид» әдісін ұстанатын шынайы сәләф жолындағы ғұлама болған. Және де Ибн Кәсир осы ұстанымның бұрынғы Әузәъидиң, Сәуридің, Ләйс бин Сәъдтің, Шәфиғидің, Ахмад ибн Ханбәлидің, Исхақ ибн Раһауәйх сынды атақты сәләф ғұламаларының ұстанымы деп отыр.

Өкінішке орай қазіргі біздің елдегі сәләфит бағытындағылар Имам Әузағи, Имам Шәфиғи сынды сәләф ғалымдарын уахабиттердің қате сенімдерін ұстанған қылып көрсеткісі келеді. Сөйтеді оған қате аударып берген біреулердің жазбаларын дәлел қылады. Ал негізінде Ибн Кәсир (р.а.) жоғарыдағы сөзінде ашықтан ашық аталмыш сәләф ғалымдардың ұстанымы сәләфиттердікіндей болмаған деп отыр. Олардың ұстанымы - «истиуә аятын сол күйінше қабыл ету, оған мағына бермеу, онымен қатар сәләфиттердің «отырды», «орнықты» деген беткі мағыналарын да қабыл етпеу» екендігін білдіріп отыр. Арабша білетін діни ілімі бар әркім ғұламаның жоғарыда келтірілген сөзінен осыны анық көре алады. 

Ендеше, бүгінгі сәләфиттердің «сәләф жолындамыз» деп, өздерінің қате пікірлерін насихаттаулары және ең сорақысы сол қате ұстанымдарын - бұрынғы ескілікті сәләф ғалымдарының ұстанымы сияқты көрсетіп бағулары өрескел қате екен. Сондықтан да, қазіргі сәләфиттердің арбауына түсіп қалып жүргендерге айтқым келеді: егер шынымен сәләф салихин жолымен жүргілеріңіз келсе, Ибн Кәсир сынды ғұламалар айтқандай, "истиуә" секілді мүтәшәбиһат айтарға мағына бермей, Аллаға қалдырып, оны сол күйінше қабыл ету керексіңдер және "истиу" сынды мүтәшәбиһат аяттарға "орнықты", "отырды" деген сияқты Аллаға мекен берер және Алланы жаратылыстарға ұқсатып қояр мағыналар берместен, "Истиуә хақ, бірақ кәйфиетсіз және орнығусыз" деу керексіңдер. Мүтәшәбиһат аяттарға "орнықты", "отырды", "Алла аспанда" деп мағына берулерің шынайы сәләф салихиндердің ұстанымы емес. Ол - Аллаға мекен беру. Сендердің "сәләф жолындамыз" деп жүрген ұстанымдарың шынайы сәләф жолы емес, ол Ибн Тәймияның қате ұстанымының жалғасы. Ибн Тәймия ақида мәселесінде көпшілік ғұламалардың жолынан ауытқыды. Онікі "шәзз" пікір. Шәзз пікірлер Исламда, әсіресе ақидада қабыл етілмейді. 

Ал "Ибн Кәсир (р.а.) мәзхаб ұстанған ба?" - деген сауалға келесі жазбамызда жауап берелік. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Ибн Кәсир тәпсірі, «Аъраф» сүресінің, 54 аят тәпсірі.
2  Ибн Кәсир тәпсірі, «Аъраф» сүресінің, 54 аят тәпсірі.
3  Имам Нәуәуи, Шархуль муслим.