Ибн Кәсир мәзхаб ұстанған ба?
Ибн Кәсир мәзхаб ұстанған ба?
9 ай бұрын 2195

Әссәләмуғалейкум! Тәпсірші Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) ол кісі төрт мәзхабтың бірінде болған ба?

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бірегей дін ғұламасы Ибн Кәсир (Алла оны рахымына бөлесін) - амалда Шәфиғи мәзхабын, ал сенімде Әшғари мәзхабында болған. Ғалымның мүтәшәбиһат аяттарға (екі ұдай мағына берер аяттарға) қатысты ұстанымы - алдыңғы буын сәләф ғұламаларының «тәфуид» ұстанымы болғандығын тәпсірлерінен байқаймыз. Әшғари және Мәтуриди сенім мектептерін сәләф және хәләф деп бөлуге болады. Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) Әшғари ғалымдарының ішіндегі «тәфуид» ұстанымын артық көретін сәләф ұстанымындағылардың қатарынан. Ғалымның ол жөнін «Ибн Кәсир сәләфит болған ба?» деген жазбамыздан оқи аласыздар. Мысалы, Ибн Кәсир мүтәшәбиһат аяттарына қатысты былай деген:

ﻭَﻫَﺬِﻩِ ﺍﻟْﺂﻳَﺎﺕ ﻭَﻣَﺎ ﻓِﻲ ﻣَﻌْﻨَﺎﻫَﺎ ﻣِﻦْ ﺍﻟْﺄَﺣَﺎﺩِﻳﺚ ﺍﻟﺼِّﺤَﺎﺡ ﺍﻟْﺄَﺟْﻮَﺩ ﻓِﻴﻬَﺎ ﻃَﺮِﻳﻘَﺔ ﺍﻟﺴَّﻠَﻒ اﻟﺼَّﺎﻟِﺢ ﺃَﻣِﺮُّﻭﻫَﺎ ﻛَﻤَﺎ ﺟَﺎﺀَﺕْ ﻣِﻦْ ﻏَﻴْﺮ ﺗَﻜْﻴِﻴﻒ ﻭَﻟَﺎ ﺗَﺸْﺒِﻴﻪ  

«Осы және осыған мағыналас хадистерге қатысты ең жақсы ұстаным - сәләф солихиндердің жолы, яғни, кәйфиет бермей және тәшбиһ жасамай (жаратылыстарға ұқсатып қоятын мағына бермей) өтіп кету»1.

Мұны кәләм ғылымында «тәфуид» дейді. Ибн Кәсир Әшғари мәзхабының кейбір мүтәшәбиһат аяттарына қатысты «тәфуид» ұстанымын ұстанған ғұлама. Бірақ оны қазіргі «сәләфиттердің» ұстанымымен шатастырмау керек. Қазіргі сәләфиттер алдыңғы сәләф ғұламаларының «тәфуид» ұстанымын мойындамайды.

Ибн Кәсир Әшғари мәзхабында болған дегенге дәлел

Ибн Кәсир Әшғари екендігін өзі айтқан. Имам Зәһәбидің (раһимаһуллаһ) келтірген мәліметінде, Ибн Кәсир (р.а.) Ибн Қаюм әл-Жәузияның ұлы Ибраһиммен сөзге келіп қалғандығы әңгімеленеді. Сонда Ибн Кәсир оған (Ибн Қаюмның баласына):

«Мені Әшғари болғандығым үшін ұнатпайсың!» дейді. Ибн Қаюмның баласы болса: «Егер сенің басыңнан, табаныңа дейін шаш өскен болса да, ұстазың Ибн Тәймия болғандықтан адамдар сенің «Әшғаримін» дегеніңе сенбейді» деп жауап қатады.

(Бұл мәліметті Имам Зәһәби «әл-Мұъжәмуль Мұхтәсс» атты кітабында келтірген және Имам Асқалани де өзінің «әд-Дурур әл-Кәмина» атты еңбегінде риуаят етеді)2.

Өздеріңіз куә болып отырғандай Ибн Кәсир Ибн Тәймияның бірегей шәкірті Ибн Қаюмның ұлына: «Мен Әшғаримін» деп ашық айтып отыр. Егер Әшғари мәзхабында болмаса, неге өзін оған «Әшғаримін» деуі керек? Осыдан келіп Ибн Кәсирдің ақидада Әшғари, ал амалда Шәфиғи мәзхабын ұстанғанын ұғынамыз.

Ал Шәфиғи мәзхабын ұстанады дегенге оның Шәфиғи мәзхабына қатысты кітап жазғандығынан байқау қиын емес.

Сондай-ақ, Ибн Кәсирдің Әшғари-Шәфиғи болғандығын, оның қызмет еткен оқу орнынан да білуге болады. Мысалы, мәліметтерге қарағанда Ибн Кәсир Дамаск қаласындағы «Дәруль Хадис әл-Әшрәфия» атты оқу орнында сабақ беріп, сол медресенің аға оқытушысы қызметінде болған. Ал аталмыш оқу орнына тек қана «Әшғари ақидасындағылар» ғана алынатын, талап сондай тұғын. Бұны Имам Субки өзінің «Табақат» кітабында: 

«Дәруль Хадис әл-Әшрәфияда ұстаздыққа қабылданатын мұғалімнің Әшғари ақидасында болуы шарт болған» деп танытады.

Осыдан да, Ибн Кәсирдің ақидада Әшғари ақидасында болғандығын сенімді түрде айтуға болады. Егер ол Әшғари ақидасында болмағанда оны жақсы танитын жергілікті ғұламалар оның аталмыш оқу орнына ұстаз ретінде қабылдануына тосқауыл болар еді. 

Ибн Кәсирдің Әшғари болуын кейбір сәләфизм бағытындағылар «өзінің жергілікті халқы Әшғари болғандықтан, ол да Әшғариді ұстанды» деп түсіндіргісі келеді.

Біріншіден, Ибн Кәсир секілді ғұламаның қате ұстанымды ұстанбайтыны анық.

Екіншіден, егер жергілікті халықтың ұстанған ақидасын ұстану керек болса, неге біздегі сәләфиттер Мәтуриди ақидасын ұстанбайды?

Ендеше, Ибн Кәсир сынды ғұламалардың дұрыс деп ұстанған сенім-негіздерін қалайша қазіргі сәләфизм бағытындағылар «қате» деп айтуға дәттері барады? Әлде Ибн Кәсир ақымақ та, олар ақылды болғаны ма? Немесе Ибн Кәсирден ілімдері асып кеткен бе екен?

Қорытынды 

Қорыта келе, Ибн Кәсирдің Әшғари ақидасында болғандығын оның тәпсірлерінен және өзінің куәлік сөздерінен біліп отырмыз. Амалда Шәфиғи мәзхабында болған. Енді осыған орай еліміздегі сәләфизм бағытындағы мұсылмандарға айтқым келеді:

Ибн Тәймияның ұстанымы - Жүмһур (көпшілік) ғұламалардың ұстанымына теріс, яғни, шәзз ұстаным. «Мәзхабымыз - сахих хадис» дейтін сәләфиттер ақидада да «шәзз» пікірді алмаулары керек еді. Алайда, ешбірі: «Неге дін ғұламаларының 99 пайызы дұрыс деп ұстанған жолды үстанбаймын? Неге көпшілікті қате деп, ал бір Ибн Тәймияның сөзін дұрыс деуім керек?» деп ойланбайды ғой. Оның орнына, өтірік мәліметтер ойлап тауып немесе мәліметтерді бұрмалап, Әбу Ханифа, Имам Шәфиғи сынды ғұламаларды уахабист қылып көрсетуге тырысып бағады. Осылайша, өтірік екендігін өздері біліп тұрса да өзгелерді адастырады. Біле білсе, олардың бұл тірліктері о дүниеде тозаққа жетелейтін тірлік.

Сондықтан да, сәләфизм бағытындағы бауырларға айтарым, тіпті Мәтуриди болмай-ақ қойыңдар, бірақ шынайы сәләф жолын ұстансаңдаршы! Мәтуриди мәзхабында «сәләф ұстанымы - әсләм!» деп айтылған, яғни, Мәтуриди жолында сәләф ұстанымы да дұрыс саналады. Алайда, шынайы сәләф жолы сендер ойлағандай "сәләфизм" емес. Шынай сәләф жолы «тәфуид» жолы. Ал қазіргі сәләфизм, ол - Ибн Тәймияның жолы. Бірақ сендерге оны сәләф жолы қылып көрсетіп бағуда.

Алла баршамызға тәуфиқ бергей!

Абдусамат Қасым

 


Ибн Кәсир тәпсірі, «Бақара» сүресі, 255 аят тәпсірі.
وذكره الذهبي في ( المعجم المختص ) فقال : تفقه بأبيه ، وشارك في العربية ، وسمع ، وقرأ ، واشتغل بالعلم ؛ ومن نوادره أنه وقع بينه وبين عماد الدين ابن كثير منازعة في تدريس الناس ، فقال له ابن كثير : أنت تكرهني لأنني أشعري ! فقال له : لو كان من رأسك إلى قدمك شعر ، ما صدقك الناس في قولك : إنك أشعري ؛ وشيخك ابن تيمية .