Күлді неге басуға болмайды дейді?
Күлді неге басуға болмайды дейді?
4 жыл бұрын 28301

Ассаламуғалейкум! Неге күлді басуға болмайды? Шариғи үкімі қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кейбір халықтарда, соның ішінше қазақ халқында да «күлді басуға болмайды»«күлге дәрет сындыруға болмайды» деген түсініктің бары рас. Бұндай түсінік - «күл жиналған жерлерді жындар мекендейді» деген сенімнен туындаған болуы мүмкін. Себебі, күл – борпылдақ. Кейбір көзқарастарға қарағанда жындардың кей түрі жұмсақ жерлерді мекен еткенді жақсы көреді екен. Күлге дәрет сындырған жағдайда, жындар тарапынан ол адамға залал тиюі ықтимал деседі. Сондықтан да, қазақ халқындағы «күлді баспа» деген тыйымды да жындардан келуі ықтимал зиянның алдын алу үшін айтылған сөз деп қабылдауға болады.  

Алайда, не күлді басуға болмайды деген тыйымға, не болмаса, күл жиналған орындар жындардың мекені деген сөзге негіз болар нақты шариғи бір риуаят кездестірмедік. Бірақ, Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадисін оқып қарағанда, ондағы арабша нұсқасындағы «хумәмә» сөзіне – «ағаш, сүйек т.б. осы сияқты нәрселердің өртеңген қалдығы» деп түсініктеме берілген. Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтан (р.а.) жеткен ол «сахих» риуаятта ардақты сахаба былай әңгімелейді:

قَدِمَ وَفْدُ الْجِنِّ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالُوا: يَا مُحَمَّدُ: اِنْهَ أُمَّتَكَ أَنْ يَسْتَنْجُوا بِعَظْمٍ أَوْ رَوْثَةٍ أَوْ حُمَمَةٍ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى جَعَلَ لَنَا فِيهَا رِزْقًا، قَالَ: فَنَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ ذَلِكَ

«Алла елшісіне (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жындар тобы келіп: «Уа, Мұхаммед! Үмбетіңді әжеттерін өтегеннен соң сүйек, малдың тезегін және өртеңген қалдықты қолданудан тый. Шынында Алла Тағала ол нәрселерді бізге азық қылып жаратты», - дейді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.у.) ол нәрсені (яғни, аталмыш нәрселерді іш дәретте әжетін өтегеннен кейін пайдаланудан) тыйды»[1],

- делінеді ол хадисте.

Осы риуаяттағы «өртеңген заттың қалдығы» деген сөз «күлді де қамтып тұр» деп түсінсек, «күл жиналған жерлерді жындар мекендейді» деген сөздің шындыққа жанасатындығын жоққа шығаруға болмас.

Қалай болғанда да, күлді басуға қатысты «харам» немесе «мәкруһ» деп шариғи бір үкім қоя алмасымыз анық. Өйткені, олай деуге арқау болар нақты хадис кездеспеген. Бірақ үлкендердің «күлді баспа» деген сөздеріне құлақ асудың да қате тұсы жоқ деген ойдамыз.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым