Кәпірді Алла кешіре ме?
Кәпірді Алла кешіре ме?
3 жыл бұрын 4595

Ассалаумағалейкум! Кәпір адамды Алла кешіруі мүмкін бе?  Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Алла Тағалаға сенбеген, Исламды хақ дін ретінде қабылдамаған кәпір адам, егер жаны алқымына келгенге шейін тәубесіне келіп, тілін кәлимаға келтіріп үлгерсе, оның күнәсі кешіріледі. Өйткені, Ислам бұрынғы күнәларды кешіреді делінген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деп уәде береді:

قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا إِنْ يَنْتَهُوا يُغْفَرْ لَهُمْ مَا قَدْ سَلَفَ] (الأنفال: 38)

«Сондай күпірлікке түскендерге айт: егер күпірліктерінен қайтар болса, олардың өткен күнәлары кешіріледі...»[1].

Аяттағы «күпірліктерінен қайтар болса...» деген қасиетті сөзі барлық күпірлік атауын қамтиды. Оның ішіне пұтқа табынушылық та, Исламнан өзге дінді місе тұту да, атеист пен деистер де т.б. күпірлік түрлері кіреді.

Әзіреті Амр ибн Астың Исламның хақтығын мойындап, мұсылман болғандағы мына бір оқиғасы тақырыпты аша түсері анық. Сахаба Амр ибн Ас (радияллаһу анһ) былай әңгімелейді:

«Алла Тағала жүрегімді Исламға бұрғаннан кейін, Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келдім. Оған: «Уа, Алланың елшісі! Оң қолыңызды созыңыз, мен сізге қол берейін (бият жасайын)» дедім. Ол (с.а.у.) оң қолын созды. Мен қолымды тартып ала қойдым.

- «Саған не болды, уа, Амр?» - деп сұрады. Мен:

- «Бір шартым бар» - дедім. Ол:

- «(Шартыңды айт) Не дейсің?» - деп сұрады.

- «Менің алдыңғы күнәларым кешірілсін!» - деп, шартымды айттым. Сонда Алла елшісі (с.а.у.):

- «Уа, Амр! Сен білмеуші ме едің? Ислам діні – өзінен бұрынғы күнәларды жояды. Һижрет – өзінен бұрынғы (күнәларды) жояды. Қажылық – өзінен бұрынғы (күнәларды) жояды», - деді".[2]

Осы хадистегі «Ислам діні – өзінен бұрынғы күнәларды жояды» деген сөзінің мағынасы: кәпір адам Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған жағдайда, оның бұрынғы күнәлары жойылады деген сөз.

Кәпір адамның Исламға кіргеннен кейін, бұрынғы істеген ізгі істері қала ма?

Енді осы жерде мынадай сауал туындайды: Әлдебір кәпір адам тілін кәлимаға келтіріп, Исламға кірген жағдайда, оның Исламнан бұрынғы істеген ізгі істері үшін сауап ала ма, әлде олар да, күнәлары сияқты жойылып кете ме?

Бұл сауалға Имам Құртуби сынды біраз Ислам ғұламалары: «Кәпір адам Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған жағдайда, одан бұрын істеген ізгі істері жойылмайды, олар үшін сауап беріледі» деген.

Бұл уәж - дәлелсіз емес. Оған сахаба Хәким ибн Хизамның жеткізген мына сахих хадисі дәлел. Хәким ибн Хизам (радияллаһу анһ) былай дейді:

«Мен Алла елшісіне (с.а.у.):  «Уа, Расулаллаһ! Жәһили кезімде істеген ізгі істерім жайында не айтар едіңіз: біреуге садақа бергенім бар, құлды азат еткенім бар, туыспен байланысты үзбегенім бар - олар үшін маған сауап бола ма?» - деп сұрадым. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Сенің Исламды қабыл етуің - бұрынғы істеген қайырлы істеріңнің қабыл болуына негізделген» - деп жауап берді» - дейді сахаба[3].   

Осы хадистен түсінетініміз: Кәпір адам егер Исламның хақтығын қабылдап, мұсылман болса және мұсылман болған күйі жан тәсілім етсе, оның мұсылман болмай тұрып істеген жақсы әрі пайдалы істері ескеріліп, олар үшін сауап алады. Яғни, Исламды қабыл еткені үшін Исламнан алдыңғы күнәлары жойылады, ал істеген ізгі істері қалады деген сөз. Бұл да болса құдіреті күшті Құдай Тағаланың пенделеріне көрсеткен мейірім-шапқаты болса керек.

Алайда, ол (кәпір адам) тәубе етпей, Исламды мойындамай кәпір болған күйі бақиға аттанса, керісінше оның бүкіл ізгі істері жойылып, күнәлары қалады.

Алла Тағала һидаятсыздарға һидаят сыйласын және иманы жоқтарға иман берсін!


[1] Құран Кәрім: «Әнфәл» сүресі, 38 аят.
[2] Әл-Мунзири: «Тәрғиб»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 121.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №1436.

Абдусамат Қасым