Христиан дініндегі адамның жаназасына қатысуға бола ма?
Христиан дініндегі адамның жаназасына қатысуға бола ма?
3 жыл бұрын 11907

Христиан дініндегі адамның жаназасына қатысуға бола ма? Алмас

Діні бөлек кісінің жаназа рәсіміне және дұғаларына т.б. діни рәсімдеріне қатысуға болмайды. Ал, оны соңғы сапарына шығарып салу мәселесінде Ислам ғұламалары екі ұдай пікір баян еткен.

Ханафи мәзхабында және Шәфиғи мәзхабтарында мұсылман адам діні бөтен туысын соңғы сапарға қабірге дейін ілесіп шығарып сала алады. Бұған байланысты Имам Шаъбиден мынадай мәлімет жеткен:

«Әл-Харис ибн Әбу Рабиъаның анасы қайтыс болған еді. Ол христиан дінінде етін. Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабалары оны соңғы сапарына шығарып салды»[1].

Басқа бір риуаятта Абдулла ибн Шәриик есімді табиғин былай деп әңгімелейді:

«Бір кісі Әзіреті Абдулла ибн Омарға келіп: «Менің анам қайтыс болды. Ол христиан дінінде еді. Оның жерлеуіне қатысайын ба?» - деп сұрады. Абдулла ибн Омар: «Онымен бірге емес, оның алдында жүр (яғни, жерлеуге апара жатқанда алдында жүр)», - деп жауап берді», - дейді Ибн Шәриик[2].

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көкесі Әбу Талиб қайтыс болғанда, оны соңғы сапарына шығарып салуға Өзі де (с.а.у.) келгендігі хадис жинақтарында айтылады. Табиғин Мәкхул (р.а.) бұл жайында: «Әбу Талибтің денесін қабірге апара жатқанда Алла елшісі де ілесті. Ол оның жанында (алшақтау) жүрді. Бірақ оған дұға жасамады... әрі қабірінде тұрмады»[3]. (Әбу Талиб мұсылмандықты қабылдамаған еді).

Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед, мұсылман қамқоршысы бар бір кәпірдің қайтыс болуына қатысты: «(Егер, діндес өзге туыстары болмаса) Мұсылман қамқоршысы оны жуындырады, қабіріне дейін ілеседі әрі жерлейді» - деп жауап берген[4].

Діні бөтен бір жақынын соңғы сапарға шығарып салу үшін келген мұсылман, оның діндестерімен қатар жүрмей алшақтау жерден жүргені жөн.

Бұл айтқандарымыз діні бөтеннің жаназа рәсіміне қатысу мен оны соңғы сапарға шығарып салу мәселесі еді.

Ал, одан бөлек, қайтыс болған христианның жақындарына барып көңіл айтуға немесе христиан бір танысының туысы қайтыс болғаны себепті оған көңіл айтуға болады. Оның еш ағаттығы жоқ. Тек, көңіл айту сөздерінде «Құдай кешірсін», «иманды болсын», «пейіштік болсын», «Алла рақымына алсын» т.б. осы сияқты мұсылманға айтылар дұға мазмұндас сөздерді қолданбау керек. Оның орнына жай сөздер қолданғаны жөн. Табиғи Суфяну әс-Сәуридің бұған байланысты былай деп айтқандығы кітаптарда келтірілген:

«Мұсылман адам «Зимми» адамға (мұсылман қоғамында өмір сүріп жатқан діні бөтен адам) көңіл айта алады. Көңіл айтарда: «Ұлықтық әрі Патшалық Аллаға тән (яғни, Алла қалағанын істейді). Ей, адам баласы, өмір сүруіңді жалғастыр. Өлім міндетті түрде орын алып тұратын құбылыс» - деп айтады»[5] - дейді ол.       

Тоқ етерін айтқанда, әлдебір мұсылманның, христиан дініндегі адамның шіркеуде өтетін жаназа рәсіміне және оған оқылатын арнайы дұғаларына т.б. осы сияқты орындалар діни жоралғыларына қатысуына болмайды. Бірақ, оның туыстарына көңіл айтуға рұқсат. Сондай-ақ, егер қайтыс болған христиан оның туысы болса, қабір басына дейін соңғы сапарға шығарып салуының ағаттығы жоқ.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф». №9926.
[2] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф». №9927.
[3] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф». №9930.
[4] Махмуд әл-Бұхари: «әл-Мұхит әл-Бурһәни фил фиқһин Нұъмәни». Китабуль Жәнәиз.
[5] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф». №9947.

Абдусамат Қасым