Адамдар неге ғайбат айтады?
Адамдар неге ғайбат айтады?
9 жыл бұрын 6861 vk.com/ҚМБ

Сәлеметсіздер ме! Сіздерге Алла риза болсын. Сұрайтын сұрағым - ғайбат жайында болмақ. «Ғайбат айту - ауыр күнәлардың бірі, бауырыңның етін жегенмен тең» делінген. Оған қарамастан өзгенің артынан ғайбат айтып жатамыз. Неге адамдар ғайбат айтады? Сәулә А.

Сәлеметсіз ме! Құрметті Сәуле, мамандардың айтуынша, кісіні ғайбат айтуға итермелейтін бірнеше себептер бар. Соның бір қатары төмендегідей:

  1. Жек көрушілік. Әлдекімді жек көрген кісі, оның артынан жаман сөздерді ғана айтуға дайын тұрады.
  2. Ашу-ыза. Ашу - адамды өзгенің артынан ауыр сөздер айтуға итермелейді.
  3. Эгоизм. Өзімшіл адам өзгені орынсыз сыңай отырып, өзін дәріптегісі келеді.
  4. Қызғаншақтық пен көре алмаушылық. Көре алмаушылыққа бой алдырған кісі – қызғанып жүрген адамның үнемі кем тұстарын аңдып, кемшіліктерін елге жайғысы келіп тұрады.
  5. Жаман ой. Кей жағдайларда адамға жаман ойлар келеді. Әлдекімнің оның артынан жаман сөздер айтып жүруі ықтимал деген ой мазалауы мүмкін. Осы ойдың нәтижесінде  ол да оны жамандау арқылы кегін алғысы келеді. Ол жағдайда жаман ойдан өзін аулақ ұстап, дініміз үйреткен «Хусни занн», яғни, «жақсы ой» принципін негізге алуы шарт.
  6. Орта. Әркімнің кем тұстарын сөз етіп, ғайбат айтудан  ләззәт алатын топ арасында отырған адам,  ерекшеленбейін деген оймен айтылып отырған ғайбатқа өзін кіріптар етуі мүмкін.  

Осы айтқандарымыздан мынадай қорытындыға келуге болады: Жаман қылық,  тек жаман қылықты ғана тудырады. Ендеше, бойымызды жаман қылықтардан мейлінше тазартып, жаман ойларға ерік бермеуіміз тиіс. Бұған қалай қол жеткіземіз дейтін босаңыз, әр бір мұсылман өзін үнемі бақылауда ұстап, ішкі жан-дүниесін тәрбиелеп жүрсе, жаман қылықтардан арылу қиынға соқпас деген пікірдеміз. 

Абдусамат Қасым