Адам атаның пейіштен қуылуына себеп - Хауа анамыз екені рас па?
Адам атаның пейіштен қуылуына себеп - Хауа анамыз екені рас па?
9 жыл бұрын 7269

Сәлеметсіздер ме! Пейіштен Адам атамыздың қуылуына себеп болған Хауа анамыз дегенді естиміз. Тыйым салынған жемісті Адам атаға азғырып жегізген Хауа анамыз екен. Сол рас па, әлде аңыз ба? Сандуғаш.

Сәлеметсіз бе! Құрметті Сандуғаш, сіз айтып отырған түсінік Құран Кәрімде келтірілген аяттарға сәйкес келмейді. Құран аяттарына үңілер болсақ Адам атаны да, Хауа ананы да азғырып, тыйым салынған жемісті жегізген Ібіліс малғұн екенін байқау қиын емес. Дәлірек айтқанда Құран Кәрімнің Ағраф сүресінде:

«Бірақ ол екеуінің (Адам мен Хауаның) абиырын ашу үшін шайтан оларды азғыра бастады. «Бұл ағаштың жемісін жеуден сендерді тыюы – періште болып кетпесін, ұжмақта мәңгі тұрып қалмасын дегеннен басқа түк те емес», - деді шайтан... Сөйтіп, оларды алдап түсірді. Әлгі ағаштың миуасын жеген сәтте-ақ ол екеуінің абиыры ашылып қалды...»[1], - делінсе,  Бақара сүресі мен Таһа сүресінді:

«Екеуіңді шайтан жәннаттан тайдырды. Ол екеуін пейіштің иіліктерінен шығарды...»[2],  «Ей, Адам! – дедік. – Мынау сенің де, әйеліңнің де дұшпаны. Сен екеуіңнің ұжмақтан шығып кетулеріңе осы себепші болмасын! Машақатқа түсесіңдер»[3] - дей келе Адам атаның пейіштен шығуына себеп болған Хауа анамыз емес, шайтан екендігі ашық айтылуды.   

Тіпті мына бір аятта бұйрыққа жеңіл қарап, тыйым салынған жемісті жегені үшін жауапты кісі ретінде Алла Тағала Адам атаны атап отыр: «Біз бұрын Адамға әмір еттік. Бірақ ол әмірді есінде ұстамады. Біз одан пәлендей бекем жігер байқай алмадық» , - делінеді аятта.  

Демек, Адам атаға жемісті жегізіп, пейіштен шығуына себеп болған Хауа анамыз деген тұжырым Исламға сай емес.

Ал, аталмыш түсінік қайдан шыққан?

Мұндай сенім христиан діні мен яхуди дінінде орын алады, Исламмен қатысы жоқ. Олардың Киелі Кітаптарында келген мына бір шумақ соның дәлелі:

«Сонда жылан әйелге (Жылан кейпіндегі шайтан): «Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатыңдарыңды Ол жақсы біледі», - деді.  Әйел ағаштың қасына барып, жемісінің жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін және өзін ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көріп, жемісті алып жеді. Оны қасындағы күйеуіне де берді, ол да жеді... Құдай Ие Адамнан: Саған жалаңашсын деп кім айтты? Әлде Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісін жедің бе? – деп сұрады. Ол: Қасыма Өзің жіберген әйел маған сол ағаштың жемісін берді, мен жедім, - деді»[4].  


[1] Ағраф сүресі, 21,22-аяттар.
[2] Бақара сүресі, 36-аят.
[3] Та-һа сүресі, 117-аят.
[4] Киелі Кітап: жаратылыстың басталуы – 3-тарау.

Абдусамат Қасым