Хайызға қатысты 2 сұрақ
Хайызға қатысты 2 сұрақ
8 жыл бұрын 8284

- Әссәләму аләйкум! Бір құрбымның хайызы 7 күннен соң тоқтап, 8,9-шы күндері ораза ұстаған. Бірақ 10-шы күні қайтадан қан көріпті. Оны хайыз деп санайды ма? Ал алдында ұстаған 2 күн оразаның қазасын өтеуі керек пе? Шынар. 

- Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 
Хайыздың ең көп келетін уақыты - он күн. Сондықтан да, өзіңіз айтып отырған 10-шы күнді хайыз күні деп есептейміз. Ал, осы аралықта туындаған үзілістер де хайыз келген күндерден саналатындықтан, сұрақта айтылған  8-ші және 9-шы күндері ұстаған оразасы есепке алынбайды (яғни, 2 күнгі оразасы). Қазасы өтеледі. 

- Аллаһ разы болсын!
Осыдан тағы бір сұрақ туындап отыр. Әйел адамда қалыптасқан хайыз күн - 7 күн болса. «Бір жолға 10 күн бойы қан көрсе де 7 күн хайыз деп санап, қалған 3 күнін үзір ретінде есептейді» деп айтылатын еді. Сол дұрыс па? Және жоғарыдағы жағдай осындай кезде орын алса не істейді?

 - Жоғарғы жағдайда он күннің бәрі хайыз күндері ретінде есептеледі. Ал, өзіңіз айтпақшы «қалыптасқан хайыз күндері, яғни, 7 күні – хайыз, одан артығы – үзір ретінде саналады» деуіміз үшін қан 10 (он) күннен астам уақыт келген болуы тиіс (мысалы, 11 күн). Сол кезде ғана: «қалыптасқан хайыз күндері, яғни, 7 күні - хайыз,  қалған 4 күні – үзір ретінде есептеледі», - деп айта аламыз. Демек, қан он күннен көп уақыт келген кезде ғана, қалыптасқан күндерін хайыз күндері ретінде есептеп, одан артығын истихаза, яғни, үзір қаны деп санайды.  

Абдусамат Қасым