ҚМДБ «халал» қасапшыларды дайындауды қолға алды
ҚМДБ «халал» қасапшыларды дайындауды қолға алды
8 жыл бұрын 2589 bnews.kz

«Халал» деген жазуы бар түрлі өнімдер бүгінде дүкен сөрелерінде сіресіп тұр. Әсіресе, ет, шұжықтардың сыртқы қаптамаларында. Иә, мол табыс табуды ғана көздеген кейбір кәсіпкерлер ет, нан өнімдерінің сыртына «халал» деп жазып, саудаға шығарып жатқаны жасырын емес. 

«Ас – адамның арқауы», «Адал тағам – денсаулық кепілі». Сондықтан әлемнің көптеген мемлекеттері, соның ішінде біздің еліміз де адам денсаулығына пайдалы әрі қауіпсіз халал тағамға тиісінше мән бере бастады. Тіпті, дамыған мемлекеттер тек халал азық-түлік саласына ғана емес, жеңіл өнеркәсіп, парфюмерия мен фармакология және басқа да салалардың халалдығына айрықша ден қойып келеді.

Осыдан екі жылдай бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан осы бағытта жұмыс істейтін халал өнімдерін стандарттау бөлімі құрылған болатын. Енді биылғы ақпанда осы басқарманың құрылтайшылығымен халал стандарттарын енгізумен және өнімді сертификаттаумен айналысатын «Халал даму» ЖШС ашылды.

Осы уақыт аралағында «Халал даму» ЖШС-нің арнайы сертификатына еліміз бойыша 50-ге жуық кәсіпорын иеленіпті. Оның екеуі күні кеше ғана облыс орталығында орналасқан екі мейрамханаға табысталды. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ жанынан ашылған «Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев айтып берді.

«Бүгінгі таңда бізде өнімдерге гендік сараптама жасайтын озық үлгідегі аппараттар да бар. Сондықтан кез-келген кәсіпорын өнімдерінің халал стандартының талаптарына қаншалықты жауап бере алатындығын тиісті деңгейде анықтай аламыз. Біз еліміздегі халал индустриясының дамуын, ел азаматтарының мейлінше жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат етеміз. Дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Ал азық ретінде пайдаланатын жануарларды элекр тогымен өлтіру еттің сапасына нұқсан келтіреді. Мұндай әдіспен малды жансыздандырғанда мал денесінен қанның біркелкі ағып кетуіне кедергі болады және қан ағзадан толық шықпай қалады. Осының нәтижесінде, әсіресе, ісік ауруларын тудыратын концероген сақталып қалады, бұл адамның денсаулығына өте қатерлі. Сондықтан біз республика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Қойылған талаптардан сүрінбей өткен қасапшыларға арнайы мөр басылған құжат беріледі», - дейді Б.Мырзагелдиев.

0 пікір
Мұрағат