Қазығұртта лимон өсіріле бастады
Қазығұртта лимон өсіріле бастады
8 жыл бұрын 2695 Baq.kz

Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылының тұрғыны Оспанәлі Таңсықбаев былтырдан бері көлемі 0,57 гектар болатын жылыжайға лимон көшеттерін отырғызып, баптап келеді, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тез жерсінген цитрустық көшеттер алғашқы нышанын көрсетіп, өткен жылы мол өнім берді.

Егістікке отырғызылған 640 түп көшеттің әрбірінен шаруа 17-18 келі төңірегінде өнім жинады. Нәтижесінде, 11 тонна лимон ішкі нарыққа шығарылып, шаруаның тұрмыс жағдайы жақсарды.

Кәсібінен нәсіп тапқан шаруа биыл жылыжайының көлемін 6 сотыққа ұлғайтып, лимон өнімін жылдағыдан көп алуды жоспарлап отыр. Айта кеткен жөн, цитрустық өнімді өсірумен айналысатын О.Таңсықбаев сынды шаруа ауданда, әзірге, жалғыз болып тұр.

Жалпы, Қазығұрт ауданында жылыжай көлемі 82,8 гектар алқапты құрайды. Оның 40 пайызына, яғни, 32,31 гектарға қияр егілсе, 50 пайызында (41,1 гектар) қызанақ өсіріледі. Ал аудандағы жылыжайдың 8,22 гектарында (10 пайыз) болгар бұрышы өсірілуде.

2016 жылдың 5 айында Қазығұрттағы жылыжайлар көлемі артып, жаңадан 3,5 гектар жылыжай салынды. Жыл соңына дейін оның көлемін тағы 3,5 гектарға ұлғайту жоспарлануда.

0 пікір
Мұрағат