Қазақстандық 20 жастағы өнертапқыш Мұхаммеджан Кеңесбек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бионикалық протез жасады
Қазақстандық 20 жастағы өнертапқыш Мұхаммеджан Кеңесбек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бионикалық протез жасады
3 ай бұрын 385 forbes.kz Әмина Кемелбай

2023 жылдың қазан айында Астанада өткен Digital bridge форумы аясындағы стартап жобалар байқауында жартылай финалға шыққан 100 жобаның тек біреуі ғана қазақ тілінде қорғалды. Ол – бионикалық протездер жобасын ұсынған қазақстандық жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбектің жобасы болатын.

«Жартылай финалға біз 89-шы болып шықтық. Және бұл байқауда қазақша «сөйлеген» жалғыз жоба біз болдық. Әрине, шет елдерден де қонақтар келгенін ескеріп, презентацияны орысша ұсындық. Залда отырғандардың ілтипатына қарап, бізді барлығы түсінді деп ойлаймын. Жобамды ана тілімде қорғасам, артықшылық болатынын сездім», - дейді ол.

Бала кезінен электроникаға қызығушылығы болған Мұхамеджан, үйінде табылған кез келген моторлы затты ақтарып-қопарып, оның жұмыс істеу принципін тексеріп, тіпті одан жаңа зат жасап шығаруды ойын еткен.

Уақыт өте Түркістан жоғары колледжіндегі робот техникасына мүлдем қатысы жоқ инженер мамандығына оқуға түседі. Дегенмен, іздегенге – сұраған, қиыстырғанға – құраған болса керек, оқу барысында колледж басшылығы робот техникасына бейімі бар бес баланы сабақтан босатып, қосымша білім алуға жібереді.

Мұхамеджанның айтуынша, дәл осы тұста ол өзі таңдаған сала бойынша базалық білім және тәжірибе жинақтай бастайды. Оның әу бастағы негізгі мақсаты – физикалық мүмкіндігі шектеулі інісіне көмектесіп, протез жасау болатын.

«Бала кезімдегі қызығушылығым кәсібилікке ұласып, өзім жасаған құрылғылар негізінде қоршаған ортадағы ауқымды проблемалардың шешімін табуға болатынын түсіндім. Сөйтіп, бүкіл Интернетті ақтарып, ашық деректердегі барлық ақпараттармен танысып, протезді қалай жасау керек дегеннің жауабын іздедім. Нәтижесінде – аса сапалы болмаса да, ініме қажет протезді жасап шығардым. Сол кезде інімнің қуанғанын көріп, осындай өнім арқылы айналама көмектесе алатыныма көз жеткіздім», - деп әңгімелейді жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбек.

Әрине, уақыт өте ол бұл тұрғыдағы білімін шыңдап, жетілдіруге көңіл бөліп, алғашқы прототипті жасау барысында жіберген қателіктерін талдап, сарапқа салуды да ескереді.

«Протездің бірінші нұсқасын жасау барысында жіберілген қателіктерді талдап, оларды түзету аясында Интернеттегі барлық ашық ақпараттан бас тарттым. Енді тек өзіміздің қайталанбас өніміміз болатын, бірегей дүние жасаймын деген шешімге келдім. Протезді дамытудағы негізгі мотивация –физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға күнделікті өмірге толыққанды қатысуға мүмкіндік беру болатын», - дейді ол. 

Осындай мақсат жетегімен 2021 жылы бастаған жобасына Мұхамеджан Кеңесбек Kazbionics деген атау береді. Ал жоба аясында шығарылатын түпкілікті өнімін «X Hand pro» деп атамақшы. Адамдарға физикалық кедергілерді жеңуге және олардың тәуелсіздігін арттыруға көмектесетін технологиялық шешімдердің арқасында қазіргі протездерге тиісті өзгерістер енгізіп, олардың мүмкіндігін арттыруға болады, деп отыр ол. 

Жас өнертапқыш ұсынған шешімдердің арқасында, біріншіден, бионикалық протез арқылы тұтынушының сезіну қабілеті арта түседі, мысалға, ол жанасуды, температураны, қысымды, текстураны сезіне алады.

Екіншіден, протездегі саусақтарды әртүрлі деңгейде басқарумен қатар, онда «қолмен» қармап ұстау қиымылының отыздан астам мүмкіндігі бар. Үшіншіден, әр саусақты дәл басқару үшін жасанды интеллект технологиясын қолдануға болады, сонда протездегі саусақ 0,01 мм деңгейінде дұрыс басқарылады. Мұхамеджанның айтуынша, мұндай протез тіпті хирургиялық мақсатта қолдануға да жарамды.

Ол, сондай-ақ бұл протездер суға төзімді деп отыр, демек оларды әртүрлі жағдайларда пайданалу мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, жас өнертапқыш протездегі «алақанды» жедел шешу үшін онда арнайы жүйе орнатылғанын айтады: «Осы арнайы жүйе арқылы алақанды жедел түрде босатып, қайта қалпына келтіре аламыз».

Мұхамеджан Кеңесбек өзі қолға алған Kazbionics жобасы аясындағы протездерге біздің елімізде ғана емес, жаһандық деңгейде де сұраныс болады деген сенімде. «Бұл протездер арқылы әлемнің кез келген еліндегі ортопедия орталықтарымен серікетстік орната аламыз», - дейді ол.

Өнертапқыштың айтуынша, бұл протездер әйелдерге не ерлерге арналған деп бөлек-бөлек категорияларға бөлінбейді.

«Бионикалық протездерді біз адамдардың жасына шақтап жасаймыз, мысалға, 6 жастағы балалардан бастап. Ерлерге не әйелдерге деп бөлмейміз, барлығында бір функция ескерілген. Бір протез жасауға ең көп дегенде бір апта кетеді. Қазір бір протезді бір күнде жасап шығаруға машықтанып жатырмын. Жұмыс 3000 АҚШ долларына бағаланады, бұл шетелдік өндірушілердің өнімінен 15 есе арзан. Біз үшін басты ұстаным: «адамдардың игілігі үшін». 2024 жылы бионикалық протездің альфа нұсқасын аяқтаймыз. Содан соң ҚР денсаулық сақтау министрлігінен сертификат алып, патентке жіберуді жоспарлап отырмын», - деп қосады Мұхамеджан Кеңесбек.

20 жастағы өнертапқыш жігіт өз білімін жетілдіру үшін Астанадағы NIS университетінде, Мароккода бизнес саласына арналған арнайы курстардан өткен. Түрлі халықаралық көрмелерге, форумдарға, онлайн шараларға қатысып тұрады. Осының арқасында әлемнің әр түкпіріндегі мамандармен байланыс орнатып, Үндістаннан, АҚШ-тан әріптестер, серіктестер тауып, командасын жасақтаған. Қазір Мұхамеджанның халықаралық ұжымында маркетолог, инженер және 3D дизайнері бар.

Айтпақшы, қазақстандық өнертапқыш жігіт кезінде мемлекеттік грант алуға талпынып, бірқатар байқауларға да қатысып көрген, алайда белгісіз себептермен ұта алмапты.

«Мүмкін, біз дайын болмаған шығармыз... Байқаулар әділетсіз өтті дегім келмейді... Және де, егер біз осылай әр байқауға үміт артып жүре берсек, уақытымызды жоғалтатынымызды түсініп, жобамызды өз қаражатымызға дамытуға бел будық. Жақында Qazinnovations ұйымдастырған байқауда 4 млн теңге грант ұтып алдық, бірақ ол грантты алу үшін өз тарапымыздан 5 млн теңге қосуымыз керек. Менің ойымша, бұл өте тиімсіз», - дейді Мұхамеджан Кеңесбек.

Оның айтуынша, бүгінде отандық және көрші қырғызстандық ортопедия орталықтары бұл протездерге қызығушылық білдіріп, ұсыныс айтуда.

«Протездің альфа нұсқасы аяқталғанда, пилоттық жоба басталады. Біздің өнімнің ең бірінші тұтынушысы – Шымкент қаласының 6 жасар тұрғыны. Екіншісі – 38 жастағы ақтаулық кісі», - дейді өнертапқыш жігіт.

Биыл күзде ел астанасында өткен Digital Bridge 2023 форумында Мұхамеджан өз жобасын қазақша таныстырып, спикер ретінде көрерменнің назарын бірден жаулап алды. Айта кетейік, Digital Bridge ІТ форумы елімізде 2018 жылдан бері өткізіледі, негізгі ұйымдастырушылары: ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі.

«Тіл жағынан менде ешқандай қиындық жоқ, өйткені, біздің командада қазақ, орыс, үнді, американдық та бар. Шыны керек, бұған дейін жобаны орысша қорғап келдім. Алайда, мен туып-өскен өңірде қазақ тілі негізгі тіл, мен үшін өзімнің ана тілім ең ыңғайлы тіл. Форумға 15 күн қалғанда қарсыластарымды бір бақылап шықтым. Қарасам, ешкім жобасын қазақша қорғамайды екен. Жобамды ана тілімде қорғасам, артықшылық болатынын сездім. Ал өзге елдерден келген азаматтарға түсінікті болуы үшін, презентацияны орысша әзірлеп, ұсындым», - деп әңгімелейді Мұхамеджан Digital Bridge 2023 форумын еске алып.

Бионикалық протездер ойлап тапқан қазақстандық жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбек әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың қатарына кіруді мақсат етеді. Протездеу саласы бойынша елімізде жетекші кәсіпорын ашу жоспары да жоқ емес. Осы мақсатқа жету үшін ол бүгін технологияларға негізделген жобаларға белсенді қатысып, заманауи инновациялық жобаларды әзірлеп, енгізу жолында жұмыс істеп жүр.

Алдағы уақытта ол отандық нарықта сенімді серіктестер тауып, бизнес- қоғамдастықпен өзара сенім мен ынтымақтастыққа құрылған байланыс орнатуды көздейді, сондай-ақ, еліміздегі және әлемдегі инновациялық іргелі компаниялармен бірлесе әрекет етуден де үмітті.

Фотосуреттер кейіпкердің өз рұқсатымен жеке архивінен алынды.

0 пікір
Мұрағат