Қазақстанда әскердің жаңа түрі пайда болады
Қазақстанда әскердің жаңа түрі пайда болады
2 жыл бұрын 3994 Автор:Жанат АрдақФото: Мария Матвиенко

Украинадағы соғыстан сабақ алған еліміз "кеңес мектебінің мұрасынан" бас тартуы мүмкін. Бұл туралы nbusiness.kz ақпарат көзінің сараптамалық материалынан біле аласыздар. 

Соғыста әрбір минут алтыннан қымбат

Қорғаныс министрлігінің байламынша, заманауи қарулы шиеленістер – әскери сипаттағы қауіп-қатерлерді тек дайын мобилизациялық ресурстары бар, модернизацияланған армия көмегімен ғана тойтару мүмкін екенін көрсетті. Бетін аулақ қылсын, бірақ, Қазақстанда соғыс бола қалса, ұлттық армияны шұғыл түрде жауынгерлермен қамтамасыз етудің тек 1 ғана тәсілі қарастырылған: ол сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағыдай халықты жаппай жұмылдыру. Қорғаныс ведомствосы "кеңес мектебінің мұрасы" саналатын мобилизация қазіргі заманға жарай бермейтінін хабарлады. Неге? Оны оңтүстік-шығысындағы үлкен территориясынан айрылған посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттің ахуалы көрсетіпті.

"Украинадағы оқиғалар қарулы күштерді мобилизациялауға, әскери резервті даярлауға, сондай-ақ адам шығынын толықтыру немесе жеке құрамды ротациялау үшін запастағы әскери қызметшілердің дер кезінде келіп жетуіне қатысты бірқатар проблеманың болғанын әшкереледі. Сондықтан азаматтардың резервте қызмет өткеруін ұйымдастыру арқылы бізде Қарулы күштердің әскери бөлімдерін адам ресурстарымен қамтамасыз етудің заманауи қағидаттарын қарастыру қажеттігі туындады", – деген байламын жария етті министрлік тиісті заң жобасына тұжырымдамасында.

Осылайша, енді Қазақстан тарихында тұңғыш рет "резервтегі әскер" институты енгізіледі деп күтілуде.

Қорғаныс министрлігінің дәйектеуінше, резерв әскері тек ел шетіне дұшпан баса-көктей енгенде ғана емес, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимінде де шұғыл қимылдау үшін қажет. Әрине, "Қазақстанда әскери тапсырмаларды орындау үшін әскери даярланған резерв те, мобилизациялық ресурстар да жеткілікті көлемде бар". Онда бөлек "резерв әскерін" жасақтау не үшін қажет? Запастағы немесе іс басындағы әскерилерді жұмылдыру үшін алдымен заң бойынша елде ТЖ немесе соғыс жағдайын енгізу талап етіледі екен. Бұған белгілі бір уақыт кетеді. Ал ондай ауыр жағдайда уақыттан ұтылуға болмайды, әрбір минут сайын жау ондаған шақырымға ішкері еніп, ілгерілей беруі ықтимал: "Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін жағдайда кешігудің әрбір минуты әскери ұрыс театрындағы күштердің үстемдік етуіне елеулі әсер етуі не табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда ахуалды нашарлатуы мүмкін".

Қорғаныс ведомствосының тұжырымдауынша, осы себепті соғыс не төтенше жағдайдың енгізілуін күтпей, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі бөлімдерді де, резервтегі әскерді де лезде өрістету қажет. Резервтегі әскерді және сол аумақтағы қорғаныс әскерлерін жеделдетілген түрде жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру – қауіп төнген бағытта әскерлердің сан түрін шұғыл шоғырландыруға және саны көп әскерлерді тарта отырып, жауға жойқын соққы жасауға мүмкіндік береді.

Соғыстың сабағы қандай?

"Украинадағы қақтығыс тәжірибесі көрсеткендей, елде әскери-оқытылған резервтің болғанына қарамастан, оларды нақты ұрыс қимылдарына даярлауда бәрібір проблема туындайды. Өйткені, уақыт өте запастағы әскерилер әскери дағдыларын жоғалтады. Оның үстіне, армияға дүркін-дүркін жаңа қару-жарақ пен байланыс құралдары алынады, оларды меңгеруге уақыт қажет. Сондай-ақ, запастағы әскерилерден құралатын бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру үшін де уақыт керек. Салдарынан, Украинада жаңадан құрылған бөлімшелер ұрыс аймағына жіберілмес бұрын, полигондарда бірнеше ай бойы қосымша даярлықтан өтті. Алайда, соның өзі ұрысқа дайындықты лайықты деңгейде қамтамасыз етуге жетпеді", – деп түсініктеме берді қорғаныс ведомствосы.

Бұл ретте ұдайы өткізілетін жиындар запастағы әскерилерді даярлауға қатысты проблемаларды шешпейді, өйткені, ол 5 жылда 1 рет өткізіледі және әскери міндеттілердің шектелген санын ғана қамтиды. Осы орайда Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі 2021 жылғы 19 мамырдағы №2 шешімімен "резервтегі қызметті" енгізуді мақұлдапты. Сондықтан республикада 2021–2025 жылдары резервтегі әскери қызметті енгізу бойынша іс-шараларды жүзеге асырылу ұсынылды.

"Резервтегі әскери қызметті құру – бейбіт уақытта Қарулы күштердің санын ұлғайтпай-ақ, әскери міндеттілердің белгілі бір топтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді: олар соғыстың бастапқы кезеңінде, толық немесе ішінара мобилизация жүргізілгенге дейін өз алдына қойылған міндеттерді шұғыл атқаруға кәсіби тұрғыда дайын тұрады.  Техногендік немесе табиғи сипаттағы ТЖ туындағанда резервтегі әскери қызметшілер бірінші кезекте қолданылады. Бұл Қарулы күштерге өзіне тән емес функцияларды орындауға алаңдамауына, жауынгерлік даярлықты жоспарлы түрде ары қарай жалғастыруына мүмкіндік береді", – деген ұстанымда Қорғаныс министрлігі.

Резервте әскери қызметті өткеру туралы контракт жасасқан азаматтар, яғни резервистер Қорғаныс министрлігі айқындаған тәртіппен әртүрлі жиындар мен даярлықтардан өтеді. Олар үшін даярлық 1 айда 1–2 рет, ал жиын – 30 күн бойы өткізілетін болады. Сонда жалпы алғанда 1 жылда екі айдан аспайтын уақыт бойы жаттығады, соғысқа даярланады. Жиындар мен жаттығулар кезінде резервистер өзінің әскери білімін, шеберлігі мен дағдысын жетілдіреді, бөлімше, взвод, рота құрамында үйлесімді әрекеттесуге үйренеді, өзімен бірге қызмет ететін әскери ұжымымен, қаруластарымен танысады. Яғни, ел шетіне жау кірсе, олар сол взвод не рота құрамында жедел жиналып, майданға аттанады.

Резервистке қандай ынталандыру тетіктері қарастырылады?

Тұжырымдамада әлемдік алпауыт – Американың үлгісіне назар аударылады: АҚШ Қарулы күштері жалдамалы еріктілерден тұрады. Ал резервистері жылына кем дегенде 48 рет төрт сағаттық жаттығулардан және әскери даярлықтан өтеді. Бұған қоса, жылына бір рет 14–15 күнге созылатын лагерлік жиынға қатысуы шарт.

"Белсенді емес кезеңде", яғни, соғысқа қатыспаған бейбіт уақытында резервист әскерилерге белгіленген лауазымдық айлықақының 12%-ы көлемінде ай сайын жалақы алады. Ал лагерлік жиын кезінде төлемақы көлемі 100%-ға дейін өседі. Резервтегі әскери қызметті өткерген кезеңінде ол АҚШ әскери қызметшісіне қарастырылған барлық жеңілдікті пайдаланады. Зейнетке ерте, 25 жылдан кейін шығады. Резервте қызмет еткісі келетін қазақстандықтар да осы жайтқа назар аударыпты: "Резервте әскери қызметін өткеру туралы контракт бекітетін адамдарға да ақшалай ризық төленуге тиіс. Алайда, бұл жөнінде еш жерде айтылмапты. Тек жиыннан өту, даярлық кезінде жұмыс берушісі оның жалақысын сақтауға міндетті екені ғана көрсетілген", – дейді пікір білдірушілердің бірі.

Жалпы тұжырымдамада: "Резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтың жұмыс орнын, атқаратын лауазымын және жалақысын сақтауды, ал жұмыс істемейтін адамға – мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшерін (биыл – 42 500, алда 60 мың теңге) төлеуді заңнамалық деңгейде көздеу жоспарлануда" деп жазылған.

Сарапшылар жұмыс істейтін және істемейтін резервистерге контрактідегі сержанттармен тең деңгейде, лауазымы мен әскери атағына сай жалақы төлеуді ұсынады. Әйтпесе, 60 мың теңге үшін кез келген мезетте басын бәйгеге тігіп, майданға аттануға ешкім құлық, құштарлық танытпауы мүмкін. Әлемде "жалдамалылар" әлдеқайда көп табыс табатыны мәлім. Резервтегі әскерилерге кезекті әскери атақ, погон беру секілді әлеуметтік ынталандыру көзделмек. Резервистті жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге салықтық не өзге де жеңілдіктер қарастырылады. Әскери міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, мертіккен не науқастанған резервист санаторлық-курортық емдеуге жіберілмек. Азаматтар әскери қызметі мен негізгі азаматтық жұмысын қатар атқара алуы үшін Еңбек кодексіне өзгеріс енгізіледі.

Тұтастай алғанда, аталған тұжырымдаманы әзірлеу кезінде тек Американың ғана емес, Ұлыбритания, Германия, Ресей және Беларусьтің де тәжірибесі зерттеліп, ескерілген көрінеді.

Қазақстанда резервтегі әскери қызметшілерге қанша төленеді

Қорғаныс министрлігі резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тұжырымдаманың жобасын әзірледі. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды Sputnik.

Заң жобасы аясында Қазақстанда алғаш рет резервтегі қызмет институтын енгізу қарастырылған. Резервист өз еркімен қорғаныс министрлігімен келісімшарт рәсімдеп, резервтегі әскери қызметтен өтеді.

"Бейбіт уақытта Қарулы күштерді ұлғайтпай, резервтегі әскери қызметті құру әскери міндеттілердің белгілі бір санын алуға мүмкіндік береді, олар толық немесе ішінара жұмылдыру жүргізгенге дейін соғыс уақытының немесе соғыс жағдайының, не табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға кәсіби тұрғыда әзір болады", - делінген құжатта.

Осылайша, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде бірінші кезекте резервтегі әскери қызметшілер тартылады. Ал әскерилер басқа нәрсеге алаңдамай, жауынгерлік даярлықты жалғастыра береді.

Резервтегі қызмет қалай өтеді?

Резервтегі адамдар үшін даярлық бір айда бір-екі рет өтеді, ал оқу-жиындар 30 күнге жалғасады. Бірақ, ондай дайындық бір жылда екі айдан аспауы шарт. Әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия, мертіккен, зақымданған немесе науқастанып қалған резервтегі адамдарды Қарулы күштер қаражатының есебінен санаториялық-курортық емге жіберу жоспарланып отыр.

Жиындар мен сабақтар кезінде резервтегі адамдар өздерінің әскери білімін, шеберлігі мен дағдыларын жетілдіреді.

Заңнамалық деңгейде резервтегі әскери қызметке түсетін азаматтың жұмыс орны, атқаратын лауазымы және жалақысы сақталады. Ал жұмыс істемейтін адамға мемлекет есебінен ең төмен жалақы төленеді.

Резервтегілердің міндеттері мен құқықтары

Тұжырымдама жобасына сәйкес, резервистің міндеттері бар.

Олар:

уәкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша әскери жиындар мен арнайы дайындыққа уақытында келу;

резервтегі әскери қызмет туралы жұмыс берушіге ескерту;

гарнизон мен елден тыс жерге шығатыны туралы командирге хабар беру;

елден тыс жерге тек командирдің рұқсатымен және мемлекеттік құпиялар туралы заңға сәйкес шығу;

резервтегі қызмет туралы келісімшартты орындау кезінде елден шықпау;
арнайы дайындықты өткізіп алған жағдайда уақыт тауып, сабақтарға қатысу.

Құқықтары:

қосымша ақылы демалыс – 5 тәулік;

жұмыс орнының сақталуы;

ай сайынғы төлемдер.

Резервтегілерге қандай төлемдер беріледі

Резервте қызмет атқаратын адамдарға оқу-жиындардың уақытын қоспағанда ең төменгі еңбекақы көлемінде ақшалай төлем беріледі. Қазіргі кезде оның мөлшері 42 500 теңгені құрайды. Ал 2022 жылдан бастап 60 000 теңге болады.

Ал оқу-жиындары кезінде резервистке өзінің орташа жалақысы көлемінде ақшалай төлем аударылады. Әскери жиындар кезінде қайтыс болса, оның мұрагерлеріне 500 АЕК (2021 жылда - 1,4 миллион теңге) көлемінде өтемақы төленеді.

Резервист жарақат алып, мертігіп қалса, бір реттік өтемақы қарастырылған.

I топтағы мүгедекке – 250 АЕК (2021 жылда - 729 250 теңге);

II топтағы мүгедекке – 150 АЕК (2021 жылда - 437 550 теңге);

III топтағы мүгедекке – 50 АЕК (2021 жылда - 145 850 теңге);

ауыр жарақаттар – 12 АЕК (2021 жылда - 35 004 теңге);

жеңіл жарақат – 4 АЕК (2021 жылда - 11 668 тенге).

Қырғызда бар «Байрақтар», қазақта бар қай мақтар?

Қырғызстанның Ұлттық Қауіпсіздік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев елдің түркиялық және ресейлік дрондарды сатып алатынын мәлімдеді.

«Біз бұл жабдықты мемлекеттік бюджет есебінен сатып аламыз. Көп ұзамай Түркиядан «Байрактар» жеткізіледі, мұндай қару әлемнің 5 елінде ғана бар, біз де солардың бірі боламыз. Біздің ұшқышсыз басқаратын мамандарымыз да сол жерде дайындалады. Біз Ресейден Orlan-10E дрондарын сатып аламыз, бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы да бөлінді»,-деді Ташиев.

Бірақ ол қанша дрон сатып алынғанын және оларды сатып алуға мемлекеттік бюджеттен қанша ақша бөлінгенін нақтыламады.

Орталық Азия елдерінің ішінде әзірге түркиялық соққы жасаушы дрондар Түркіменстан елінде бар. Оны Түркіменстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай өткен әскери парадта Ашхабад көрсетті. Салтанатты шеруде үш соққы жасаушы дрон алаңда байқалды. Олар түркиялық «Байрақтар ТБ2» соққы жасаушы дрондары болатын.

Түркиялық дрондардың саудасы Қарабақ соғысынан кейін қыза түсті. Себебі Әзербайжан басқыншы армян күштерін дәл осы дрондардың көмегімен өз тарихи жерінен ысырып шығарды. Әр әскери операцияның видеосы арнайы сайттар мен Әзербайжан қорғаныс министрлігінің парақшасында жарияланып отырды. Оны күллі әлем көрді. Байрақтардың мүмкіндіктеріне таңдай қағып жатты. Себебі бұған дейінгі соғыстарда да соққы жасаушы дрондар қолданылып келсе де, дәл Қарабақтағыдай масштабта қолдану бірінші мәрте орын алды. Түркия өз дрондарын Сирия мен Ливияда да сәтті қолдана білді. Сирияда 2020 жылдың ақпаны мен наурыз айында Асад күштерін ығыстырса, Ливияда ресейшіл Хафтардың әскерін талқандап тастады. Сондықтан үш бірдей әлем елінде соғыс жүргізген бұл дрондар ұрыс даласында өз тиімділігін нақты көрсетті. Оған қызығушылар мен сатып алушылар саны артты.

Түркиялық дрондарға қызығушылық танытушылардың басым бөлігі Орталық Азия елдері. Оған екі себеп бар. Біріншіден, Орталық Азия елдерінің төртеуі түркі тілдес елдер. Екіншіден, басым бөлігі аталмыш дрондардың ұрыстағы тәжірибесіне көздері жетті және Анкарамен өзара әріптестік орната білген.

Қазақстан да соққы жасаушы дрондарды сатып алуға ұмтылуда. Қазір еліміздің әуе кеңістігін күзетуде қытайлық соққы жасаушы Wing Loong дрондары бар. Сондай-ақ SkyLark дрондары барлау және бақылау қызметтерін атқаруда. Отандық «Шағала» барлау дроны жақында сынақтан сәтті өтті. Енді ресми Нұр-Сұлтан түркиялық «Байрақтар» сатып алуға оқталып отыр. Келіссөздер басталып та кетті дейді. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, Анкараның өнімі данасына 4 млн долларды құрайды-мыс. Қорғаныс саласы үшін көп қаржы емес.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір
Мұрағат