Қазақстан: Қытай мен Ресей ойыны
Қазақстан: Қытай мен Ресей ойыны
3 жыл бұрын 7258 Думан БЫҚАЙ
Қазақстан? Бейжің нені қаласа, соны алады – Қытай сарапшысы

Бейжің Орта Азия елдерімен өктем сөйлеседі. Аймақтың элитасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауда. Қытайдың қабағынан қаймығатын Қазақстан билігі Бейжіңнің айтқанын екі етпеуге тырысады. ЕҚЫҰ сарапшысы Нива Яу сөй дей келе, Қытайдың жылы-жұмсақ саясаты Орта Азияны сонау 90-шы жылдары жіпсіз байлап тастағанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Аймақтың саяси жетекшілері Шыңжаң өлкесіндегі қуғын-сүргінді айыптауға батылы бара бермейді. Керісінше, бұл мәселеде Бейжіңнің антисепаратизмге қарсы күресін қолдайтын ортақ ұйғарым бар. Қытайға да керегі осы…”, – дейді Нива ханым. 

Бейжің арадағы алыс-берісті саяси құрал ретінде ұтымды пайдаланып отыр. Экономикалық әріптестіктің астарында саяси ықпалын күшейту мұраты жатыр. 

Биліктегі элитаның аузын майлап үйренген Бейжің Орта Азиядағы шенді-шекпендінің әлсіз жерін жақсы біледі. Аймақтағы саяси элитаның сұранысын өтеп, Қытаймен байланысты бизнес жобаларын қаржыландыру арқылы байлап-матап алған. Яудың айтуынша Орта Азия басшыларының Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге келгенде жұмған аузын ашпай, жауаптан жалтарып кетуі де содан. 

Қытай курортынының тұрақты клиенті кімдер? 

Қытай басқаларға қарағанда ерте қамданған. Орта Азияға сонау 90-шы жылдары көз салып, саяси һәм экономикалық әріптестіктің іргетасын қалауға көшкен. 

КСРО шекпенінен шыққан аймақ елдерінің басшылары Қытайдың қымбатты курорттарында демалып, аунап-қунап қайтуды әдетке айналдырған. 

“1990-2000 жылдардың аралығында Орта Азия лидерлері Қытайға күн құрғатпай келетін. Ресми сапардан бөлек, ой сергітіп, бой жазып қайтатын. 

Мәселен ұзақ жыл ел басқарған Назарбаев мен Эмомали Рахмон Саньядағы қытайдың дәстүрлі медицина курорттарына жиі келеді. 

Қытай Орта Азияның ресми өкілдеріне арналған оқу бағдарламаларын өз қалтасынан қаржыландыруда. Аймақтағы элитаның біразы Қытайда оқып, Қытайда білім алған. Бейжің осы арқылы өзінің саяси идеологиясын дәріптеп, Орта Азиядан келген шенеуніктерге бұдан үлгі алуды үгіттеуде”, – дейді сарапшы. 

| DalaNews 

Шыңжаңдағы қазақтар? Билік не істерін білмей, дағдарып отыр

 Қытай Орта Азияны уысынан шығармай, мықтап ұстауда. Аймақтан нені қаласа, соны алады. Шыңжаң мәселесінде аймақ басшыларының бірауызды болуын талап етеді. Бұған сай Орта Азия елдері Шыңжаңдағы қыспаққа шыдамай, шекараны кесіп өткен қытай азаматтары, яғни этникалық ұйғыр, қазақ, қырғызды Бейжіңнің сұрауы бойынша депортациялауы тиіс.      

“Айталық бір топ адам шекараны заңсыз кесіп өтіп, Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрады делік. Шарт бойынша Қазақстан әлгі азаматтарды алды-артына қарайлатпай, жедел кері қайтаруы қажет. Осы күнге дейін Бейжіңнің қалауы қалтқысыз орындалып келді. Тек соңғы жылдары бұған халық қарсы шығып, ел Үкіметі этникалық қазақтарға қатысты позициясын сәл-пәл жұмсартты”, – дейді сарапшы. 

Дәл қазір қазақ билігі не істерін білмей дағдарып отыр. Екі оттың ортасында қалған саяси элита қай жағына жығыларын білмей дал. Бұлай тартса өгіз өледі, бұлай тартса арба сынаданың кері. Халықтың ашуына тисе қазіргі саяси жүйенің шаңырағы шайқалады, Бейжіңнің көңіліне кірбің түсіруге тағы болмайды. 

Нива Яу Орта Азия елдерінің Қытайдың сөзін сөйлеуден өзге амалы жоқ дейді. 

Оның пайымдауынша Бейжің аймақты Батысқа қарсы қалқан ретінде пайдалануда. Орта Азияны Шыңжаңдағы қуғындауға көз жұма қарап, Қытайдың осы бағыттағы позициясын құптайтын саяси пулға енгізіп жіберген.  

Орта Азия басшыларына тапсырма: Қытайды сынауға жол бермеңіздер 

Сөй деген Нива Яу Бейжіңнің аймақ елдерін дегеніне көндіріп, қалағанын алатынын тағы бір қайталапты.

Орта Азиядағы белсенді аудиторияның антиқытайлық акциялары Бейжіңге жақпай қалған көрінеді. Қытай билігі аймақтағы бес елдің басшысынан бұл мәселені уақыт оздырмай кез-келген жолмен шешуді сұраған.

Сарапшының айтуынша бұл бөгде елдің ішкі ісіне ашық килігудің көрінісі.    

“Аймақтағы Қытай елшіліктері тырнақ астынан кір іздеудің хас шебері. Алдымен қырғыздың ақпарат құралдары Бейжіңді құбыжық қып көрсеткені үшін елдің бірінші басшысына шағымданды. Қытай саясатын сынаған сарапшыларды қылмыскерге теңеді. 

Тәжіктегі жағдай да осыған ұқсас. Бұл елде антиқытайлық пікір білдіру қылмыс жасағанмен пара-пар, сотталасыз. Қырғызстанда мұндай белсенділердің бірнешеуі қамауға алынған”, – дейді ол.

Сарапшының сөз ауанына қарағанда уақыт өте келе Қытайды сынау табу тақырыпқа айналады. Бейжіңге “тіл тигізгеніңіз” үшін абақтыдан бір-ақ шығасыз. Қытай билігі Орта Азия басшыларынан дәл осыны талап етуде.  

Қытай қысымына ұшыраған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бейжің біздің елдің Шыңжаңнан қашқан этникалық қазақтарды қабылдауына қарсы. Оларды қабылдау арқылы біздің ел Шыңжаңдағы репрессия туралы қауесетті растап, Батыс пен АҚШ-тың күдігін ұлғайта түседі-мыс.  

“2010 жылдан бастап Қытайдың репрессиялық саясаты кәріне мінді. Өлкедегі қуғын көрген аз ұлттар атажұртынан безіп, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын заңсыз кесе бастады. Бірқатары босқын мәртебесін сұрады. Көпшілігі қазақ, қырғыз шекарашыларының қолына түсіп, ілгерідегі шарт бойынша лезде Қытайға қайтарылып отырды. Көші-қон талабына сай олардан “кімсің?”, “қайдан келесің? деп те сұраған жоқ”, – дейді Нива ханым. 

Қытай технологиясы несімен қауіпті? 

Бейжіңнің бірқатар технологиялық өнімінен бас тартқан АҚШ-тан басқалар да сабақ алуы тиіс. Нива Яудың пікірінше Қытай технологиясын талғаусыз, талғамсыз тұтына беру қауіпті. 

Айталық, “ақылды қала” атты қытай технологиясы сырт көзге қауіпсіз көрінгенмен, арғы жағында саяси астары бар жоба. 

“Бұл технология жол қозғалысын қадағалау мен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте-мөте пайдалы. Алайда таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық. Белгілі бір елге мұндай технологияны енгізген Қытай сол елдегі халық санының статистикасы мен тұрғындардың барыс-келісін тікелей эфирде бақылап отырады. Былайша айтқанда бөтен елдің қоғами-әлеуметтік тыныс-тіршілігі Бейжің билігінің алдында жарқырап жатады. 

“Ақылды қала” технологиясы Қытайдың әскери жобасы. Осы технологияны қолдана отырып Бейжің кез-келген елдің киберкеңістігін талқандай алады. Көшедегі кез-келген бағдаршамды сөндіріп, көлік апатын немесе ұзын-сонар кептеліс туғызуы мүмкін.

Мұның бәрін Қытай ұйымдастырғанын тұрғындардың қаперіне де кірмейді…”, – дейді Яу.

Сондықтан да Орта Азия елдеріне өзінің осы бағыттағы төл технологиясын әзірлеу қажет деген кеңес беріп отыр. Алайда аймақ басшыларының бұған құлақ асуы екіталай. Бейжіңнің айтқанынан шықпайтын Орта Азия Қытайда жасалған технологияға тәуелді болып қалған. АҚШ пен Батыстың байбаламы аймақ елдерін айналып өткен түрі бар. 

“Орта Азия Қытай технологиясын дәл бүгінгі қарқынмен тұтынар болса, күндердің күні бас еркіндігінен айырылады. Құпия мәліметтер Бейжіңнің қолына өтіп, аймақтағы кибер қауіпсіздікке қатысты заң жобалары Қытайдың қалауын ескеріп қабылданады”, – дейді Нива Яу. 

Сарапшы сөз етіп өтіп отырған жайтты саясатта “жұмсақ күш” деп атайды. Орта Азия елдері әл әзір мұның салдарын толықтай сезіне қойған жоқ. Әлбетте Қытаймен арадағы қарым-қатынасты тек біржақты бағалауға болмас. 

Нива ханымның айтуынша Бейжің бірқатар салада көрген-түйгенімен бөлісіп те отыр. Айталық түрікмен жастарына Қытайда білім алуына жағдай жасалған. Жобаны CNPC мұнай компаниясы қаржыландырады. Дәл осы компания демеушілік ететін мұндай бағдарлама Қазақстанда да бар. CNPC Ақтөбеде 16 жастан асқан бозбалаларға арналған арнайы стипендия тағайындаған. Мұны ұтып алған жастар Қытайда мұнай-газ саласы бойынша білім алып, кейіннен Қытайға тиесілі “АқтөбеМұнайГаз” компаниясына жұмысқа тұрады. 

Қауіп қытайтанушыдан келуі мүмкін 

Осыдан екі жыл бұрын қытайтанушы Константин Сыроежкинге үкім шықты. Хабардар боларсыздар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті: 

“Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Константин Львович Сыроежкинді “мемлекетке опасыздық жасау” (175-бап, 1-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттады” делінген хабарлама таратқан. 

Сыроежкинді еске алғанымыз бекер емес.

Нива Яу Орта Азия елдері Қытайды мүлде танымайды деп есептейді. Қытайды жете білмейміз. Ол туралы мәлімет тым тапшы. Ал Бейжің болса ұзақ жылдар бойына аймақтағы қытайтанушымен қойын-қолтықтасып жұмыс істеп келеді…

“Олардың тамырын басып, әлі күнге дейін сыр суыртпақтауда. Бейжің орталық азия қоғамының Қытай туралы не ойлайтынын бүге-шігесіне дейін білгісі келеді. Қытай ықпалындағы спикерлер әлбетте сыни пікір білдірмейді. 

Бейжіңнің аймаққа қатысты осы күнге дейін сарымайдай сақтап келген ұзақмерзімді стратегиясы бар. Ол мұны енді-енді жүзеге асыруға кірісті. 

Орта Азия мен Бейжің арасындағы байланысқа биыл 30 жыл толды. Қытайдың қазіргі аяқ алысына қарап, оның ертеңгі жүрісін бажайлай білу қажет. Мәселе аймақ елдерінің бұл тараптағы пайымы, танымы қандай? Орта Азия Қытайды танымайды. Танымағасын қандай қауіп күтерін де білмейді…”, – дейді Нива Яу. 

Сарапшы Орта Азиядағы коррупцияның тамыр жаюына – Қытайды кінәлі деп санайды. Аймақта жемқорланған саясаткерлердің қаулап кетуіне Бейжіңнің элитаға бағытталған дипломатиясы “жәрдемдесіп” отыр.  Бұдан қарапайым халық жапа шегуде. Бұл идеология ықылым заманнан бері өзгермеген, өзгермейді де. 

“Әрі кетсе он жыл уақыт қалды. Аймақ элитасы осы уақытта дейін ел мүддесін ескеріп, маңызды шешім қабылдауы қажет. Кешікті екен Қытайға жұтылады”, – дейді Яу.

АЭС салу? Кремль Қазақстанды 30-40 жыл уысында ұстамақ – сарапшы

Кремль Қазақстанды алысқа ұзатқысы келмейді. Атом электр станциясын салу арқылы одақтасын тағы 30-40 жылға байлап-матап тастамақ деп хабарлайды Dalanews.kz АҚШ сарапшысы Маргарита Польге сілтеп.

Қазақстанда АЭС салуға құлшынып отырған Ресей бұған аргумент ретінде: “Есесіне ауа тазарады. Экологиялық ахуал түзеледі. Көмір жағып, күннің көзін көк түтін тұмшаламайды. Баламалы қуат көзі пайда болады, таза ауамен тыныстап, таза энергияға қарық боласыздар”, – дегенді алға тартуда. 

Түнеукүні Комсомолкаға сұхбат берген Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородовкин де жұртты соған сендіруге тырысқан-тұғын:

“Росатом зауыттың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаны қабылдауға дайын. Орыс атомы туралы фобиялардың шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді. Ресейлік АЭС-тарда қолданылатын ең заманауи технологиялар құрылыс кезінде де, осы объектілерді пайдалану кезінде де қауіптің болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АЭС жобасы электр энергиясынан басқа Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін береді, білікті жұмыс орындарын ашады және ядролық физика саласындағы жоғары білім сапасын арттырады,- депті Ресей елшісі. 

Алайда Мәскеудің Орта Азияға қатысты қулық-сұмдықтарын күні  бұрын сезетін АҚШ:  “Ресейдің қоршаған ортаға жаны ашып отырғаны шамалы”, – дейді. 

Америкадағы Ядро қаруының таралуын зерттейтін ғылыми орталықтың сарапшысы Маргарита Поль мұны Кремльдің кезекті саяси жобасы деп санайды. 

Оның ойынша АЭС салу арқылы Кремль Орта Азиядағы “геосаяси активтерінің” санын арттыра түседі.  

“Қазақстан АЭС салып қана қоймай, оған сервистік қызмет көрсететін Ресейдің қас-қабағын бағып, алдағы 30-40 жылға жіпсіз байланады. Кремль аймақтан айырылып қалмаудың түрлі жолдарын іздеп, аласұрып жүр. Соның бірі – Атом электр станциясын салу. Бұл жобаның саяси мотиві бар”, – дейді ол. 

Эколог Азаматхан Әміртай да осы ойда. 

“АЭС салу Ресей үшін өте тиімді.Ресей сол арқылы Қазақстанды бақылай алады. Бұл да бір әскери орынға айналады деуге болады. Және бұл Ресейге коммерциялық жағынан өте тиімді. Өйткені, сол үшін Қазақстан оларға ақша төлейді. Олардың бизнес компаниялары сол арқылы ақша табады. Ол ресейлік олигархтар мен Мемлекеттік Думадағы, Кремльдегі  лоббистерге пайда әкеледі”, – дейді ол. 

Ресейдің АЭС салу туралы ұсынысы қоғам тарапынан тегеурінді қарсылыққа тап болды. Соның ішінде қазақтілді аудитория биліктен бұл мәселеге қатысты үзілді-кесілді жауап беруді талап етуде.  

Саясаткер Мұхтар Тайжанның пікірінше, біздің билік “көнбейді де, көнбеймін демейді де”. 

Оның пікірінше Ресей тарапы саламыз деп сайланып отырған АЭС-те жарылыс болса, ХХІ ғасырдағы ең үлкен трагедия осы болады.

– Ресейдің бірде бір атом электр станциясын Қазақстанға кіргізбеу керек! Чернобыльдегідей бір жарылыс болса, Қазақстанда XXI ғасырдағы ең үлкен трагедия болады. Мұның шығыны Ашаршылық апатынан да зор болуы мүмкін. 

Бұл мәселеге – таулардағы демалыс орындары мен дәретханаларға баруға үзілді-кесілді қарсы болып жүрген «экологтарымыз» не айтар екен? Олардың да тегеурінді қарсылықтарын күтеміз…”, – дейді Тайжан. 

Ал АҚШ сарапшысы алдағы жылдары Ресейдің назары Орта Азияға ауып, уыстан шығып бара жатқан аймақты өз ықпалына қайтару үшін жанталасады дейді.  

“Қырымды отарлағаннан кейін санкцияға ұрынып, жалпақ әлемнен оқшауланған Кремль АҚШ пен Батыста кеткен кегін Орта Азиядан алуы ғажап емес. Аталған аймақтан өзге саяси жүріс жасайтын кеңістігі де жоқ, Кремльдің тынысы тарылып тұр”, – дейді ол. 

Оның айтуынша Қазақстан билігін алдап-сулап АЭС салып алса Кремль одақтасын қолында ойнатады. Қазақстанға бір еніп алса, әрі қарай аймақтағы басқа елдерге де емеурін білдіруі ықтимал.   

“Беларусьтегі ресейліктер салып берген АЭС биылғы жылы іске қосылуы керек еді. Бұл енді шешілген шаруа. Қазақстан билігінің тілін тапса, келесі кезекте Өзбекстан тұр”, – дейді сарапшы. 

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да Ресейдің Қазақстанда АЭС салу идеясына түбегейлі қарсы. 

Сарымның пікірінше Ресеймен байланысты кез-келген бірлескен жобаға сақтықпен қарау керек, өйткені оның аржағында Қазақстанның ішкі ісіне тұмсық тығу деген пасық пиғыл жатыр.

Одан бұрын бұған халық қарсы. Билік халықтың пікіріне керағар шешім қабылдаса, өзі қайталап жүрген “еститін мемлекет” қағидасына қарсы келген болады. 

АЭС салу идеясына жаппай қарсы шығып, өре түрегелген әлемжелідегі жұрттың ашу-ызаға толы ашық хаттары мен петициясы Тоқаевқа жетіп, президент былтырғы жылдың қазанында бұл жобаға пәрмен беруден бас тартқан.   

“Біздің ел мұндай авантюраға бас сұқпауы керек. Бүгінгі экономикалық жағдайға шынайы көзбен қарап, әлеуметтік ахуалды есепке алған жөн”, – дейді Айдос Сарым.  

Ресеймен әріптестіктің Қазақстанға пайда әкелген кезі жоқ. Мәжіліс депутаты Ресей жалға алып отырған Байқоңырды мысалға келтіріп, соның салдарынан болған экологиялық апат туралы айтыпты.

Ресей зымырандарының қалдығы Қызылорда облысының аумағында үйіліп жатыр. Олардан тараған у жергілікті тұрғындардың ағзасын улап, өңірдің климатына да теріс әсер етуде.  

Депутат Сарым осы күнге дейін Қазақстанның экологияға қатысты талаптарына құлақ аспай келе жатқан Кремльді айыптап отыр.

“Біздің ел АЭС салу туралы идеядан бас тартқанын кесіп айтса да, Мәскеудің Орта Азиядағы пропаганда құралдары жобаны жарнамалауды доғарар емес. Үгіт-насихаттың аржағында Мәскеудің сұғанақ саясаты мен астыртын амбициясы жатқаны бесенеден белгілі. Осыдан-ақ бұл жобаға кімнің шын “мұхтаж” екенін аңғарамыз”, – дейді Сарым. 

Ресейдің Қазақстандағы елшісі АЭС салу туралы идеяға биыл болмаса да, келесі жылы қайта айналып соғуы мүмкін. Себебі, бұл бастама бүгін қана көтерілген жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын дәл сол Бородовкин: “2019 жылы бұл мәселе бойынша нақты шешімге келеміз”, – деп мәлімдеген. 

2019 жылдың сәуірінде Путин президент Тоқаевқа Ресей технологиясын пайдалана отырып АЭС салуды ұсынған. Еліміздің Энергетика министрлігі АЭС салу үшін Алматы облысының Үлкен ауылы қолайлы екенін айтқан. 

Путиннің ұсынысы қоғам қарсылығына ұшырап, Тоқаев ел пікірі ескерілмей елде АЭС салынбайтынын айтқан еді.  

«АЭС құрылысы тақырыбы қоғамда үлкен резонанс пен пікірталас тудырды. Бұл проблема өте күрделі. 2030 жылға қарай Қазақстан электр энергиясының тапшылығына тап болады. Сондықтан, бұл мәселені қазір шешу керек. Сонымен бірге, елдің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданбайды», – деді ол.

 
0 пікір
Мұрағат