Мысыр экономикасы ұйыққа батып барады
Мысыр экономикасы ұйыққа батып барады
1 сағат бұрын 44 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыстағы соғыстан, дәлірегі, Америка құрама штаттары мен Израилдің Иранға қарсы әскери жорығынан әлемнің көптеген елі экономикалық қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Бұған Үрміз бұғазының Иран тарапынан бұғатталуы ең басты себеп болып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Сursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Парсы шығанағындағы қарулы қақтығыстан туындаған дағдарыстан Мысыр экономикасы да шет қалмады. Пирамидалар елінен капитал жылыстап, ұлттық валютасы құнсызданып жатыр, қарыз қамыты да ел эконмикасын кері тартып барады. Мысыр экономикасында мұндай қиындықтар бұрын да бар болатын, алайда, соғыс бұл қиындықты одан ары ауырлатып жіберді. Бұл тарапта сарапшылар Мысыр экономикасының он қиындығын бөле-жара атады: халық санының өсуі – айналдырған он жылда ел тұрғындарының қарасы 100 млн адамнан 120 млн-ға көбейген. Бұл демографиялық фактор өз кезегінде инфрақұрылымға, энергетика саласына, тұрғы үй мен еңбек нарығына салмақ түсіріп отыр. Бүгінде Мысыр газды өндіруден тұтыну көсеткіші асып кеткен. Яғни, газды экспорттау мүмкіндігі тарылып келеді. Бұдан бөлек, аймақтағы проблемалар да, атап айтқанда, Судандағы азаматтық соғыс, Либиядағы тұрақсыздық, Синай мен Газа секторын қоса алғанда шекарадағы шиеленіс, ел экономикасының күретамырына айналған Ніл өзеніне Эфиопияның бөгет құрылысын жүргізуі, Қызыл теңіздегі хуситтер әрекеті (Мысыр экономикасында елеулі маңызы бар Суэц каналынан өтетін жүк кемелері осы Қызыл теңіз арқылы келеді), т.б. факторлар «етегінен тартып, алқымынан алуда». Сонымен қатар, мемлекеттік әскери сала жекеменшік секторды ығыстыра бастаған. Бұған қоса, шығыны көп мемлекеттік жобалар да аяғынан шалуда. Мысыр экономикасын сыртқы көмектер, несие мен инвестиция құтқаруы мүмкін. Алайда, оның өзі уақытша әрі қысқа мерзімді пайдасы ғана бар. Десе де экономикаға серпін бере алмайды, тұрақты дамуға ықпал ете алмайды. Әдетте Мысыр экономикасына ең алдымен Парсы шығанағы елдері инвестиция құятын, олардың өзі Иран соғысына байланысты «басымен қайғы болып отыр». Бір ғана Біріккен Араб Әмірлігі Мысырдың солтүстік жағалауын дамытуға 35 млрд доллар инвестиция құйған. Ирандағы соғыстан импорт бағасы өсті, отын тапшылығы артты (Израил уақытша газ жеткізбейтін болды), ал Суэц каналынан өтететін кемелер саны кеміген. Ирандағы соғыс басталғалы бері Мысырдан он млрд доллар шамасында инвестиция шығарылған екен. Бұл тығырықтан шығу үшін Мысыр билігі тиімділігі төмен болса да классикалық дағдаорыспен күрес шараларын қолға алып жатыр: азық-түлік пен дәрі—дәрмек және аса қажетті заттар бағасының өсуіне бақылау орнатты, қымбатқа түссе де сұйытылған газды сатып алып жатыр, энергияны үнемдеуге көшті, т.б. Десе де ең басты қиындық – Мысырдың Ирандағы соғысқа қатысты сақтық саясаты болып отыр. Бейтарап қалғандықтан Мысырдың бұл қадамына одақтастары наразы. Мысыр билігінің бұл ұстанымы болашақта инвестиция тартуға кедергі келтіруі мүмкін. Мысыр шығынының 64%-ы тек қарызды және оның пайызын өтеуге жұмсалады. Мысыр бюджетінің тек 36%-ын ғана пайдалана алады. Қалғаны қарызды жабуға кетіп жатыр. Мысыр экономикасы соғыссыз-ақ шатқаяқтап, күйреу алдында тұр.

0 пікір
Мұрағат