|
Еуропалық ел халық санын шектейді
|
Швейцарияда көп ұзамай жалпыхалықтық референдум өткізеді. Шілде айының 14-і күніне жоспарланған референдумда 2050 жылға таман ел тұрғындарының санын 10 млн адамнан асырмау мәселесі күн тәртібіне шығарылады. Бұл жайында islam.kz порталы Reuters ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл саяси науқанды аталған еуропалық елдің оңшыл халық партиясы мигранттар қарасының көбеюіне алаңдап, бастама етіп көтерді. Егер бұл бастама қабылданса, ел тұрғындарының саны 10 млн адамнан аспауы тиіс. Бұдан бөлек, Еуропалық одақтағы еркін қозғалыс туралы келісім талаптары қайта қаралуы ықтимал. Ондай жағдайда аталған ел аумағында өзге аймақтардан ғана емес, сонымен қатар, мигранттар арасында еуропалықтар саны ең көп Швейцарияда ЕО-ға мүше мемлекеттердің өзінен келетін мигранттар санына шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл тараптағы жобада халық саны өскен жағдайда қолданылатын іс-шаралар да қарастырылған. Егер халық саны 2050 жылға дейін 9,5 млн адамнан асса, билік шетелдіктерге пана беру мен мигранттардың отбасын алдыруға шектеу қойып, квота енгізетін құқыққа ие болады. Алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесінде бұл бастаманы қолдайтындар мен қолдамайтындар саны тең түскен: 47 пайыз қолдаса, 47 пайызы қарсы. Қазіргі уақытта Швейцарияда шамамен 8,6 млн адам тұрып жатыр. Олардың үштен бірі - шетелдіктер.