Қазақстан күн және жел электр стансаларын бастан-аяқ өз аумағында өндірмек
Қазақстан күн және жел электр стансаларын бастан-аяқ өз аумағында өндірмек
6 ай бұрын 544 inform.kz Есімжан Нақтыбай

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің іскерлік алқасы аясында күн және жел электр стансаларын бастан-аяқ Қазақстан аумағында өндіруді көздейтін жобалар қолға алынбақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Бұл жайында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов АӨСШК бизнес форумында мәлім етті

«АӨСШК іскерлік алқасының аясында жаңартылатын энергиямен байланысты 4 жобаны қарап жатырмыз. Яғни, жаңартылатын энергия көздерімен байланысты дүниенің бәрін жергілікті өндіріске шоғырландыру көзделіп отыр. Мысалы, жел электр стансасын алсақ, қапалағын бір елден, мұнарасын басқа бір елден әкеліп жатады. Тасымал шығынының өзі ғана өте жоғары. Бір мұнараға 100 мың доллардан артық жұмсайды. Бүгінгі таңда осындай өндірістерді жергіліктілендіру бағытында 4 жобаны қарастырып жатырмыз», - деді ол БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.

Оның сөзінше, іскерлік алқа аясында күн энергетикасының өндірісін бастан-аяқ Қазақстанда шоғырландыру жобасы да қарастырылып отыр.

«Өте қызық жобалар. Инвестициялар түрлі елдермен байланысты. Мұндағы әр жобаның құны 20 млн доллардан кем емес. Әрқайсысының сипатына байланысты. Бұл жобалар шындыққа жақын. Яғни, миллиардтаған инвестиция туралы айтып, кейін ауаға айналатын жобалардың қатарынан емес. Орталық Азия елдерінің, Қытайдың, Түркияның, Германияның инвесторларынан нақты ұсыныстар бар. Оның бәрін жалпы жиынтықта қарастырып жатырмыз. Өйткені әр түрлі технологиялардың болғаны бізге ұтымды. Ұйымға мүше елдер бірлесіп қаржыландыруға ниетті. Мұндай жобаларды инвестициясыз іске асыру мүмкін емес», - деді Райымбек Баталов.

0 пікір
Мұрағат