Елімізде ажырасатындар мен шетелге кететін жастар көбейіп келеді
Елімізде ажырасатындар мен шетелге кететін жастар көбейіп келеді
6 жыл бұрын 3056 Ержан Жаубай

Бүгін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің нәтижесі бойынша «Қазақстан жастары – 2017» Ұлттық баяндамасы жасалды. Онда еліміздегі жастардың соңғы үш жылдағы әлеуметтік, қоғамдық, саяси-экономикалық әлеуеті талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

Баяндамада белгілі болғандай, еліміздегі жастар саны азайып келеді. Мысалы 2014 жылы 4 млн 293 мың жас болса, биылғы жылы 3 млн 994 мың адам болған. Яғни барлық халық санының 22,3 пайызын ғана жастар құрап отыр. Енді осы жастарды өз арасынан топтаған кезде 14-18 жас аралығында – 1,5 млн, 19-23 жас – 1,2 млн, 24-28 жас аралығындағылар – 1,1 млн-ды құраған.

«Дегенмен 2025 жылдан кейін Қазақстанда жастардың саны артады деген болжам бар. Себебі бұл кезде қазір дүниеге келген балалардың ұрпақ айналымы өміршеңдігін көрсететін болады» - дейді мамандар.

Жастардың білім және ғылым, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік, құқық, денсаулық, бос уақыт және қоғамдық-саяси белсенділігін тереңдете талдаған зерттеуде олар нені басты құндылық ретінде қоятыны көрініс тапқан.

Мысалы жастардың 82,4 пайызы отбасыны ең басты орынға қойған. Соған қарамастан үйленудің орташа жасы 26 жас ретінде таңдалыпты. Ал 2012 жылдары бұл көрсеткіш 24 жасты көрсеткен еді. Отбасын жоғары бағалағанымен, жастар арасында ажырасу деңгейі де жоғары. Елімізде отбасын құрған әр алты жұптың біреуі ажырасады. Ажырасудың негізгі себебі көбінде жұмыссыздық және бір қызығы ерлерден көрі әйелдер көбірек ажырасады екен. 25-28 жас арасында 10 мыңнан астам әйел ажырасса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 8415, ал 20-24 жас расында әйелдер – 6926, ерлер – 3018 ажырасу тіркелген. Бір қызығы 18-19 жаста үйленгендер арасында ажырасу оқиғасы өте аз тіркелген.

2015 жылғы 9 ақпанның № 285-V «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасы – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруды талдауға және оның дамуына арналған ұсыныстарын қамтитын жылдық есепте жас отбасылардың балалы болуы да төмендеген.

2013 жылы 250 мыңға тарта жас ана босанған болса, 2016 жылы 237 мың ана босанған. Мұнда да 20-24 жастағы аналардың туу көрсеткіші басым.

2017 жылдың алғашқы 7 айының көрсеткіші бойынша жастар арасындағы өлім де жылдағымен салыстырғанда көбейіп кеткен. Әсіресе 25-29 жас арасындағы жастардың өлімі көп (2096 адам). 7 айда 4 мыңға жуық жас қайтыс болған. Өлім себебінің көбі өз-өзіне қол салу болса (339 адам), екінші орында жол апаты тұр (250 адам).

«Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясаты концепциясын жүзеге асыру бойынша өткен талдауда еліміздегі жастардың шет елге кетуге деген құштарлығы басым.

2016 жылы еліміз бойынша 8 мыңнан астам жас шетелге кеткен. Көбі Ресей (7262 адам) мен Германияны (592 адам) таңдаған. Соған қарамастан еліміздегі жастардың басым көпшілігі (59,6 пайызы) елде қалуды қалайды. Ал шетелге кететіндердің 17,4 пайызы әлемді аралауға деген құштарлығын жасырмаған. 10,7 пайызы білім алуға ұмтылса, 8,4 пайызы материалдық жағдайын түзеуге, 6,8 пайызы жұмыс іздеп баратынын айтқан.

Мәліметтер ҚР ҰЭМ Статистика комитеті мен түрлі жастар ресурстар орталығының зерттеулері негізінде дайындалды.

Естеріңізде болса, зерттеулер нәтижесінде еліміздегі кәмелетке толмаған жасатрдың босануы мен түсік тастауы бойынша өңірлер анықталған болатын.

0 пікір
Мұрағат