65 жастан асқан жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі керек. Көлікті сатып жіберсеңіз де, айыппұл келе беретін болса не істеу керек
65 жастан асқан жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі керек. Көлікті сатып жіберсеңіз де, айыппұл келе беретін болса не істеу керек
1 сағат бұрын 42 aikyn.kz kaz.inform.kz Ақтілек Алмасұлы
Бұл талап 25 тамыздан бастап күшіне енген.

Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, медициналық тексеруден өткені туралы анықтаманы полицияға апарып тапсырудың қажеті жоқ.

Қажетті ақпарат Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде беріледі.

Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімі жоқ екені туралы ақпарат болмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.

Бұл талап барлық жүргізушіге қатысты емес. Ол 65 жастан асқан жүргізушілерге және мүгедектігі бар жүргізушілерге қолданылады.

Сонымен бірге 65 жасқа толғаннан кейін жүргізуші куәлігін екі жыл сайын ауыстырудың қажеті жоқ. Міндетті талап жүргізуші куәлігін жаңартуға емес, медициналық тексеруден өтуге қатысты.

Заңдағы тағы бір өзгеріс жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілерге қатысты. Заңда көзделген жекелеген жағдайларда олар жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін.4

Aikyn.kz

Көлікті сатып жіберсеңіз де, айыппұл келе беретін болса не істеу керек

KAZINFORM – Сату-сатып алу шартын жасап, көліктің кілті қолға тигеннің өзінде айыппұл әлі де бұрынғы иесінің атына келетін жағдайлар кездеседі. Астана қаласының заң консультанттар палатасының заң консультанты Нұрсұлтан Бәйменов бұл көбіне тіркеу дерегі жаңартылмағаннан болатынын айтып отыр.

Осы орайда «қалай ізденіп, қандай органға жүгіну қажет?» деген сұрақ туындайды.

- Қазақстанда бейнекамера тіркеген жол ережесін бұзу дерегі бойынша айыппұл әдетте сол сәтте көліктің мемлекеттік тіркеуде кімнің атында тұрғанына байланысты. Сатып алу-сату шартына қол қою мен кілтті беру – азаматтық-құқықтық мәміле. Ал мемлекеттік тіркеу дерекқорындағы иесі – бөлек факт. Сатып алушы көлікті өз атына қайтадан тіркемесе, жүйе үшін бұрынғы иесі әлі де тіркелген күйі қала береді. Сондықтан «Сергек» және басқа автоматты құралдар бұзушылықты тіркегенде нұсқама сол адамға кетеді. Сатып алушыға заң бойынша механикалық көлік құралын сатып алғаннан кейін белгіленген мерзімде (әдетте 10 жұмыс күні) қайта тіркеу міндеті жүктеледі. Бірақ бұл міндеттің орындалмауы сатушыны автоматты түрде айыппұлдан босатпайды. Жауапкершілік алдымен тіркелген иесіне тиесілі. Айыппұл келген бойда төлемей тұрып төрт нәрсені ретімен тексеруді ұсынамын. Көп жағдайда жауап осы төрт қадамның бірінен шығады, - деді Нұрсұлтан Бәйменов.

Нұрсұлтан Бәйменов.Фото: Нұрсұлтан Бәйменовтің жеке мұрағатынан

Заңгер алдымен көлік әлі сіздің атыңызда ма әлде жоқ па, соны көруге кеңес берді. Екінші себеп өте жиі кездеседі, яғни қайта тіркеу жасалмағанына көз жеткізу. Ол үшін •eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өзіңізге тіркелген көлік құралдары туралы мәліметті білуге болады. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тіркеу деректерін растауды ұмытпаңыз. Банк қосымшаларындағы көлік сервистерінен (Kaspi және басқалары) кейде тіркеу мәртебесі көрінеді. Егер көлік әлі сіздің ЖСН-іңізге байланса, айыппұлдың келуі жүйе тұрғысынан қисынды. Мұнда негізгі міндет – тіркеуді жаңарту және бұзушылық күнін сату күнімен салыстыру. Одан соң бұзушылық сату күнінен кейін болғанын білу керек.

- Әрбір нұсқаманы жеке қараңыз. Күні, уақыты, орны, мемлекеттік нөмір, фото/видео бар-жоғы маңызды. Бұзушылық сатуға дейін жасалған болса – бұл сіздің кезеңдегі іс. Оны «сатып жібердім» деп жою қиын. Бұзушылық шартқа қол қойылғаннан және көлік берілгеннен кейін жасалған болса, дәлел жинап, иеліктен шыққаныңызды көрсетіңіз. Бір нұсқаманы даулап, екіншісін төлеуге болады. Әр іс жеке қаралады. Үшінші тексеріс құжаттардың толық болуына қатысты. Тек ауызша келісім немесе қолхат жеткіліксіз. Сатып алу-сату шарты, нотариус куәландырғаны немесе eGov арқылы электронды рәсімделгені, кілттер мен техникалық құжаттардың берілгенін растайтын акт немесе шарттағы табыстау күні, ақша аударымының түбіртегі, банк көшірмесі, сатып алушының ЖСН-і, байланысы, қайта тіркеуге берген өтінімі туралы мәлімет сенімді дәлел бола алады.

«Айыппұл шықса, өзім төлеймін» деген қолхат – инспектор мен сот үшін әлсіз құрал. Ол сатып алушымен арадағы дауға пайдалы болуы мүмкін, бірақ мемлекеттік тіркеуді алмастырмайды. Басқа нұсқа қалмаған жағдайда айыппұлдың өзі қате емес пе, соны зерттеп көріңіз. Кейде мәселе сатуда емес, нұсқамада. Нөмір қате оқылған, сіздің көліктің «егізі» болуы мүмкін, техникалық ақау, күні немесе уақыты сәйкес келмейді. Бұл жағдайда даулау негізі басқа — сату емес, дәлелдің сапасы. Qamqor.gov.kz арқылы іс материалдарын, фотоны қараңыз. Шағымды айыппұл қай өңірде тіркелсе, сол өңірдің полиция департаментіне жіберген жөн.

eOtinish арқылы бергенде адресатты дұрыс таңдаңыз, ішкі істер органдары, тиісті облыс немесе қаланың полиция департаменті жазылуы керек. Айыппұл келген күні нұсқаманың нөмірін, күнін, орнын, көлік деректерін сақтаңыз. Скриншот жасаңыз. Qamqor немесе eGov арқылы фотоны, іс дерегін қараңыз. Сатып алу-сату шарты мен табыстау күнін қатар қойыңыз. Көліктің қазір кімнің атында екенін eGov-тан тексеріңіз. 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге асықпаңыз, бұл көбінесе іспен келіскеніңіз болып есептеледі және даулауды қиындатады, - деді заңгер.

Бір өтініш барлық болашақ істі автоматты түрде жаппайды. Сақтық үшін ескеретін нәрсе, мәмілені тіркеусіз бұл мәселе шешілмейді. Кілт берілген күн емес, қайта тіркелген күні сізді жүйеден шығарады.

- «Айыппұлды төлесем, кейін қайтара аламын ба?» дейтіндер бар. Төлем көбінесе іспен келісу болып саналады. Қате төленген соманы қайтаруға болатын жағдайлар бар, мысалы, камераның қатесі ресми мойындалса. Бірақ сатылған көлік бойынша дауды төлемнен бұрын бастаған дұрыс. Сатып алушы «кейін тіркеймін» деп кетсе, жазбаша ескерту болуы керек. Полицияға иеліктен шыққаныңыз туралы өтініш беріңіз. Айыппұл уақыт өткен сайын көбейеді, ал әр нұсқаманы бөлек даулауға тура келеді. Сенімхатпен берген көлік мәселесі одан да қауіпті. Ол көлік сіздің тіркеуіңізден шықты деген сөз емес. Камералық айыппұл тіркелген иесіне келе береді. Көлік салығы меншік құқығы тіркелген кезеңге есептеледі. Қайта тіркеу кешіксе, салық та бұрынғы иесінде қалуы мүмкін. Салық пен айыппұл – екі бөлек міндеттеме, - деді Нұрсұлтан Бәйменов.

0 пікір
Мұрағат