Ғұмырды ұзартуға септігін тигізетін өзгеше фактор табылды
Ғұмырды ұзартуға септігін тигізетін өзгеше фактор табылды
4 жыл бұрын 3768 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар жауынқұртына тәжірибе жүргізгенде мынадай қызықты жайтқа куә болды: қышқылдану стресіне ерте ұшыраған жауынқұрттар өзгелеріне қарағанда ұзағырақ өмір сүреді әрі төзімді келеді. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі Nature мерзімді басылымында жарияланды. Қышқылдану стресі – ағзаның қартаюына басты себеп болатын қышқылдану нәтижесінде жасушалардың зақымдану процесі. Қышқылдану стресі ауыр салмақ түскенде немесе қатты ашыққанда пайда болады. Адам ағзасында қышқылдану стресі атеросклероз, гипертензия, Альцгеймер дерті, сусамыр, бедеулік пен белсіздік, қажу, т.б. аурулардың пайда болуына себеп болып жатады. Қышқылдану стресі жасушалар қышқылдар мен еркін радикалдардың көптеген мөлшерін бөлгенде пайда болады. Нәтижесінде ДНК, липидтер секілді жасушаның маңызды компоненттері қышқылданады. АҚШ-тағы Мичиган университетінің ғалымдары Caenorhabditis elegans құртын зерттей келе өмірінің бастапқы кезінде көп қышқыл бөлген құрттардың оттегінің белсенді түрін аз бөлген құрттардан ұзақ тіршілік ететініне көз жеткізген. Әдетте ғұмырдың ұзақтығына екі фактор әсер етеді деп есептеліп келген болатын: генетика мен қоршаған орта жағдайы. Ал мына тәжірибеден кейін мичигандық ғалымдар ғұмыр ұзақтығына әсер ететін өзге де факторлардың барын алға тартып отыр. Ғалымдар тәжірибе жүргізу үшін Caenorhabditis elegans құртын неге таңдады? Мұның бірнеше себебі бар болып шықты: біріншіден, олар аз ғұмыр сүреді, екіншіден, әрбір гермафродит-ана генетикалық жағынан бір-біріне ұқсас жүздеген ұрпақ өрбітеді. Олар генетикалық тұрғыдан бір-біріне толық сәйкес келсе де, бір ортада тіршілік етсе де олардың ғұмырының ұзақтығында елеулі айырмашылық орын алған. «Егер ғұмыр ұзақтығы генмен және қоршаған орта жағдайымен байланысты болса, онда Петри ыдысында өсірілген, генетикалық тұрғыдан сәйкес құрттардың бір мезгілде өлуі керек еді. Алайда, олай болған жоқ. Кей құрттардың тіршілігі үш күннен соң тоқтаса, кейбіреулері 20 күнге дейін өлмеген болатын. Генетика мен қоршаған ортадан басқа ғұмыр ұзақтығында мұндай үлкен айырмашылық неден болды деген сауал пайда болады»,- деді осы зерттеуге қатысқан ғалымдардың бірі Урсула Жакоб (Ursula Jakob).

(Ықшамдалып алынды – ред.)

0 пікір
Мұрағат