Түркістанға сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны 200-ден асты
Түркістанға сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны 200-ден асты
5 ай бұрын 590 kaz.inform.kz Қайрат Зайнишев. Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Түркістан өңіріне 2000 жылдары Бұхар бұғысының сегізі жеткізілген болатын. Бұл туралы kaz.inform.kz ақпарат көзі хабарлады.

Алматы облысындағы «Қарашеңгел» қорығынан алып келінген түз тағылары сол сәтте тоғай ішіне салынған тұқымбаққа жіберілді. Қазір олардың саны 200-ден асты. Оның 32-сі «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақта көбейіп жатыр. Ал, қалғаны Сырдария өзенінің бойындағы тоғайға еркіндікке жіберілген.

Жалпы, Түркістан қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан тұқымбаққа бару үшін жол талғамайтын көлік қажет. Себебі, топырақ жолда жеңіл көлікпен жүру мүмкін емес. Орманшылардың айтуынша кішкене жаңбыр жауып, жер суланса, жол талғамайтын көліктің де жүруі мұң болып қалатын көрінеді.

үй
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Біз мінген көлік те таңертеңмен тоғай ішіне қарай топырақ жолмен жүріп келеді. Әр жерден орманшылар мен қойшылардың үйлері көрінеді. Баршасының қабырғалары құзданып тұр. Сондай-ақ, жол-жөнекей кездесетін бірен-саран бос үйлер де бар. Иелері көшіп кеткендіктен, жыңғыл ішінде есік-тересіз, аңғал-саңғал күйде қалған.

жер қазу
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Айдалада күйгін қышпен үй тұрғызып жатқандарды да көріп, таңқалыстық. Бұл құмда да тіршіліктің тоқтаусыз жүріп жатқанын аңғартса керек.

Сыр
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Сонымен бір сағаттың ішінде Сыр бойындағы тоғайға да келіп жеттік. Зырғып келген көлік орманшының үйіне тоқтады. Жарық жанып, су келіп тұр. Тасымалмен жеткізілетін газ алауымен ас пісіп, шәй қайнайды. Ауладағы көлік қаламен байланысты қамтамасыз етеді. Ұялы байланыс дұрыс ұстамайтындықтан, орманшылар рация арқылы сөйлеседі. Айдалада дегені болмаса, жанға қажеттінің барлығы бар.

тұқымбақ
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Жалпы, 2000 жылы құрылған тұқымбақтың аумағы – 22 гектар. Биіктігі 3 метрлік темір тормен қоршалған. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғы бағушыларға пайдалануға берілген. Аумағын күзетуге және бақылап отыру үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

тұқымбақ
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

«Жалпы Сырдария маңында Бұхар бұғылары бұрыннан болған. Содан 1956 жылы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сол Сыр сұлуы атанған түз тағыларын қайта қалпына келтіру үшін осы тұқымбақ салынды. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай өңірдің тоғай-орманында мекендеген жануарларды көбейтіп, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 8 Бұхар бұғысы жеткізілді. Алматы облысының Іле өзені бойында орналасқан «Қарашеңгел» қорығынан әкеліп, жерсіндірілген бұғылардың саны 23 жылда 215-ке жетті», - дейді «Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ Сырдария филиалының аң қорғау инженері Құралбай Жарменов.

тұқымбақ
астау
із
бұғы
жем
Фото: Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Мұндағы бұғы бағушының есімі – Федя (Федор). Жұбайы екеуі сонау тұқымбақ құрылғалы бері қызмет етіп келеді. Сондықтан болар, бұғылар да Федяны жатсынбайды. Алдына дейін келіп, дайындаған жем-шөбін жеп кетеді. Ал, өзге адамдарды көрсе, тоғай ішінен шықпайды. Федя да әр бұғыға ат қойып қойған. Сөйлеседі. Бір-бірін тілсіз ұғынысады.

Федя
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Бұғыларға таңғы сағат 5 пен 6 аралығында вольер алдында түрлі дәрумендер қосылған құнарлы жем беріледі. Құдықтан ағып жатқан таза сумен қоректенеді. Арнайы жасалған балшыққа келіп, аунап алады. Содан, тұқымбақтың ішіне кетеді.

«Еркіндікке жіберілген бұғылар тоғай ішінде 5-6-дан бөлініп жүреді. Ол тоғайдың аумағы Қызылорда облысымен шектеседі. Ал, бір жағы Арыс қаласы аумағында жатыр. Еркіндіктегі бұғылар сол аумақтарды мекендеп жүр. Ал, тұқымбақ ішіндегі бұғылар қоршаудан шықпайды. Жыл сайын көбейтіп, бір бөлігін еркіндікке жіберіп отырамыз», - дейді Құралбай Жарменов.

жем
жемжем
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Табиғи парк аймағындағы әр бұғы ерекше күтімге алынған. Оларды бұғы бағушылар мен қарауылдан бөлек арнайы мал дәрігерлері қадағалап отырады. Сондай-ақ бұғылар туған сәтінен төлдеген шағына дейін ұдайы бақылауда болады. Тіпті, бұғышы жыл сайын тастайтын мүйізіне дейін ай-күнін жазып, сақтап отырады.

мүйіз
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Ал, «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркі мамандары жылына бір рет санақ жүргізеді. Бұл жұмыстарға фототұзақ пен дрон аппараттары қолданылады.

Бұхар бұғысы
Бұхар бұғысы
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Бүгінде Бұхар бұғылары Арыс қаласындағы Шөгірлі тоғайына да жіберілген. Ондағы арнайы қорықта 11 бұғы тіршілік етеді. Олар да көбейтіліп, жергілікті табиғатқа үйренген соң Сыр бойына жіберіледі.

Бұхар бұғысы
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова бұғылардың жылдық өсімі жоғары екендігін жеткізді.

Бұхар бұғысы
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

«Қазіргі уақытта облыс көлемінде Бұхар бұғылары тұқымбағында 226 бұғы күтіп-бапталып отыр. Олардың ішінде 11-і Арыста, 32-сі Түркістанда, жалпы 43 бұғы тұқымбақ ішінде болса, 183-і еркіндікте өмір сүріп жатыр. Бүгінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде 19 аналық, 9 аталық және 4 төл Бұхар бұғысы бар. Биыл мамыр-маусым айларында тағы да төлдейді деп күтіп отырмыз. Содан соң санақ жүргіземіз. 2019 жылы аналық бұғы егіз төлдеген болатын. Бұл - өте сирек кездесетін құбылыс», - дейді Ақжайық Хаметова.

Бұхар бұғысы
Бұхар бұғысы
Фото: «Сырдария-Түркістан» МӨТП

Жалпы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақ туризмді дамыту мақсатында құрылған. Демалушыларға арнайы жасалған ағаш үй салынған. Жатын орын мен ас пісіретін құралдар да жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өзенінен балық аулап, демалуға таптырмайтын жайлы орта. Дегенмен, жолдың нашарлығы бұл мақсатқа жетуге негізгі кедергінің бірі болып отыр.

даладағы үй
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

...Жүйткіген жол талғамайтын көлікпен топырақ жолға түсіп, қалаға қарай жолға шықтық...

0 пікір
Мұрағат