Әлемнің 56 елі Дүниежүзілік жылқы күні туралы қарарды қолдады
Әлемнің 56 елі Дүниежүзілік жылқы күні туралы қарарды қолдады
2 сағат бұрын 33 kaz.inform.kz 24.kz Фото: montsame.mn

KAZINFORM — Моңғолия Президенті бастамашы болған «Дүниежүзілік жылқы күні туралы» қарарға әлемнің 56 елі қосылды, деп хабарлайды Монцамэ.

Дүниежүзілік жылқы күні жыл сайын 11–13 шілде аралығында Төв аймағы Аргалант сомоны аумағындағы Хүй Долоон Худэг жерінде өткізіледі.

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх бастамашы болған «Дүниежүзілік жылқы күні туралы» қарар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 79-сессиясында 2025 жылғы 3 маусымда қаралып, қабылданды. Бұл қарарға Аустрия, Бахрейн, Бразилия, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Германия, Венесуэла, Португалия, Таиланд, Қатар, Жапония, Түркия, Қырғызстан және Қазақстанды қоса алғанда, 56 мемлекет қосылды.

«Наадам» ұлттық мерекесін ұйымдастыру комитеті ұлттық мерекені өткізуге дайындық жұмыстарын, сондай-ақ Ұлы Моңғол империясының құрылғанына 820 жыл толуын және Дүниежүзілік жылқы күнін атап өту іс-шараларын үйлестіреді.

Айта кетелік, Моңғолиядағы қазақтар Наурыз мейрамын қалай тойлайтыны туралы жазған едік. 

Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша рекорд жаңартты

KAZINFORM – Былтырғы төртінші тоқсанда Қазақстанда бір адамға шаққандағы жылқы етін тұтыну көлемі 2,35 кг болды. Бұл – соңғы 15 жылдағы кез келген тоқсан бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды DATA HUB.

Ұлттық статистика бюросының іріктемелі сауалнамасы негізінде жүргізілген есептеулерге сәйкес, бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға артқан.

Сарапшылардың мәліметінше, жылқы етін тұтыну маусымдық сипатқа ие. Әдетте ең жоғары көрсеткіштер жылдың ең суық кезеңдері – бірінші және төртінші тоқсандарға келеді. Соңғы төрт жылда тарихи рекордтар дәл қазан-желтоқсан айларында жаңарып отыр.

IV тоқсанда жан басына шаққандағы жылқы еті тұтыну өсімі жалпы ет және ет өнімдерін тұтыну қарқынынан әлдеқайда жоғары болды. Жалпы ет тұтыну жылдық есепте небәрі 0,6%-ға өсіп, бір адамға шаққанда орта есеппен 21,96 кг болды.

2025 жылдың қорытындысында бір қазақстандық орта есеппен 7,63 кг жылқы етін тұтынған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көп және кемінде соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгей. Жалпы ет тұтыну көлемі де рекордтық көрсеткішке жетіп, бір адамға 84,4 кг болды. Алайда, өсім қарқыны салыстырмалы түрде төмен – 1,9%.

Бұл деректер қазақстандықтардың ет рационының құрылымы өзгеріп жатқанын көрсетеді. 2025 жылы жылқы етінің үлесі жалпы ет тұтынудың 9%-ына жетіп, бір жылда 0,5 пайыздық тармаққа артты.

Ал басқа ет түрлерінің үлесі азайған:
– сиыр еті – 0,9 п.т. төмендеп, 30% болды
– қой еті – 0,4 п.т. төмендеп, 6% болды
– шошқа еті – 0,2%-ға азайып, 3,8% болды

Сонымен қатар, тауық етінің үлесі аздап өсіп, 6,6%-ға жетті (+0,1 п.т.).

Мамандардың пікірінше, тұтыну құрылымындағы өзгерістер бағаның өсуімен байланысты болуы мүмкін. 2025 жылы сиыр еті 32,1%-ға, қой еті 28,8%-ға қымбаттаған. Ал жылқы еті 17,3%-ға, құс еті 10,7%-ға ғана өскен.

Француздар жылқы етін жей ме?

Францияда жылқы етін тұтыну көлемі кеміді, деп хабарлады 24.kz 

Салалық институттардың дерегіне сәйкес, соңғы жылдары ет нарығы бір пайыздан төмен деңгейге түскен.  Француз нарығында импорттық жылқы еті басым, ал ел ішіндегі өндіріс экспортқа шығарылады.

Қазақстан Еуропаға жылқы етін ұлғайтуды қарастырып отырған тұста Францияда бұл өнімге сұраныс бар ма? Нарық қалай жұмыс істейді? Францияда жылқы еті кең тарамаған. Мысалы, 2024 жылы ел аумағында төрт мың тоннаға жуық жылқы еті сатылған. Салыстырсақ, сиыр етін тұтыну көлемі бір жарым миллион тоннаға таяу. Бүгінде жылқы етін елдегі шаруашылықтардың шамамен 6 пайызы ғана сатып алады. Негізінен солтүстік және орталық аймақтарда.

Фермерлердің айтуынша, жылқы басы жыл сайын азайып келеді. Қазір Францияда көбіне спорттық және бәйге бағытындағы тұқымдар өсіріледі.

Кристиан Шрамм, Trait Du Nord ауыр жүк тұқымын өсіруші: - Біз Франция мен Бельгияның шекарасынан шыққан жылқының ауыр жүк тұқымын өсіреміз. Негізгі мақсатымыз – селекция мен тұқымды сақтау. Десе де жыл сайын құлын саны азайып келеді. Әрине, бір бөлігі сатылымға немесе етке жіберіледі. Мен өз басым жылқы етін тұтынамын, басқаларға да әрдайым сондай кеңес беремін. Алдымен өз жылқымызды пайдалануымыз керек. Басқа елдерден ет әкелмей тұрып, ішкі өндірісті қолдаған жөн. Импорт қажет кезде ғана керек, ал бізде өз жылқымыз әлі бар.

Жылқы өсіруші Кристиан айтып отырған мәселе –жергілікті нарықтағы парадокс. Француздар жылқы етін тұтынса, көбіне импортталған өнімді сатып алады. Негізгі жеткізушілер – Оңтүстік Америка елдері, Румыния, Бельгия, Моңғолия. Ал Францияда өндірілген еттің едәуір бөлігі көрші Италия, Швейцария және Нидерландыға экспортталады.

Өткен ғасырда жағдай мүлде басқаша еді. Франция Еуропадағы ірі жылқы өсіруші елдердің бірі саналатын. Жылқы әскерде, ауыл шаруашылығында, өндірісте кеңінен пайдаланылды.

Бүгінде тұтыну нарығына ауыл шаруашылықтың дамуы мен этикалық көзқарас әсер етті. Сұраныстың төмендеуіне байланысты мамандандырылған ет дүкендері де жабылып жатыр. Мәселен, Парижде 50 жыл қызмет көрсеткен жылқы еті сататын бұл дүкен екі аптадан кейін жұмысын тоқтатпақ.

Десе де жылқы еті Францияда гастрономиялық дәстүрдің бір бөлігі болып қала береді. Әсіресе, елдің солтүстігінде және тарихи қалыптасқан қауымдастықтарда бұл әдет сақталған. Алайда, бүгінгі таңда тар сегменттегі нарық. Бұны Еуропаға жылқы етін экспорттауды ұлғайтуды көздеген қазақстандық мал өсірушілер ескерсе игі. Мүмкін, шикі еттен гөрі дайын қазы, шұжық секілді өңделген, сапалы әрі ерекше дәмі бар өнімдер дәстүрлі гастрономияны бағалайтын нарықта көбірек қызығушылық тудыруы ықтимал.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Франция мен Жапония: тағы қандай елдер жылқы етін жейді

Қазақстанда жылқы етін жеу ежелгі дәстүр болғанымен әлемдегі көптеген елдер үшін бұл жабайылық болып көрінуі мүмкін. Алайда қазақтар жылқы етін жейтін әлемдегі жалғыз ұлт емес. Kursiv.Lifestyle жылқы етін жейтін немесе жылқы етін сататын елдерге қатысты материал ұсынады.

Жылқы етінің пайдасы

Қой немесе сиыр етімен салыстырғанда жылқы етінің майы аз сондықтан ол көп елдер де диеталық тағам ретінде ұсынылады. Майы аз болғанына қарамастан, оның құрамында ақуыз жоғары, гипоаллергенді және асқазанға жеңіл. Жылқы етінде холестерин аз немесе мүлдем жоқ, бұл оны жүрек-тамыр жүйесі үшін қауіпсміз етеді. Бұған қоса, ол тері, тырнақ пен шашты қатайтып, құрылымын нығайтып, қалпына келтіреді. Жылқы етінде көптеген дәрумендер (әсіресе В тобы) және магний, фосфор және калий сияқты минералдар бар. Бұл иммундық жүйенің жұмысын қолдайды және ағзаға инфекциялармен күресуге көмектеседі. Бұған қоса, эндокриндік жүйенің қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін аминқышқылдары мен микроэлементтер бар.

Азия

Жылқы етін ең көп өндіретін елдер Азияда орналасқан: Қытай мен Қазақстан. Жылқы еті Орталық Азия елдерінің дәстүрлі тағамы. Түркіменстаннан өзге, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда және Тәжікстанның кейбір аймақтарында жылқы етін көп тұтынады. Етті негізінен тұздап, қайтып жейді. Қазы-қарта, жал-жаясына дейін жейді. Арнайылап сүрлейтін аймақтар да бар. Оны дәстүрлі палау мен лагманға да қоса береді. Орта Азия елдерінің ішінен тек Түркіменстанда жылқы етін жеуге болмайды. Олар үшін жылқы – дос және жауынгер жолдас. Олар өздерінің «Ақалтеке» тұқымды сәйгүліктерін құрмет тұтады.

Моңғолияда да жылқы етін жеуге рұқсат. Олар шошқа етін де тұтына береді, сондықтан қандай да бір етті жеуге болмайды деген тыйым жоқ. Қытай жылқы етін әлемде ең көп өндіретін мемлекет. Елдің шығысында тұратын мұсылман халықтар: қазақтар мен ұйғырлар жылқы етін жейді. Сондықтан елде бұл етті жеуге болмайды деген тыйым жоқ.

Жапонияда жылқы етінен жасалатын ұлттық тағам бар. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл елге жылқыны алғаш моңғол шапқыншылары алып келіп, мәдениеттеріне сіңірген. Ал тағы бір деректер де жылқы етін Кумамота префектурасында жей бастаған. Себебі, аралда орналасқан аймақта жылқы тым көп болғандықтан, оларды өлтіріп, етін тұтына бастаған. Қалай болғанда да осы Кумамота аймағы «басаши» атты тағамымен танымал. Бұл жұқа болып туралған жылқының шикі сан еті. Сондай-ақ, дәл осы аймақта «қуырылған банику» сатады. Бұл жылқы етінен жасалған кәуап. Елде бұл тағам өте қымбат саналады, себебі аралдар да жылқы бағатын жер жоқ. Етті өзге елдерден, көбіне Қытайдан сатып алады.

Индонезияда тұратын мұсылмандар жылқы етінен тағам жасап жейді. Негізінен жылқы етінен кәуап жасайды. Өздерінің дәстүрлі рецептімен жасалатын кәуаптарын негізінен әртүрлі мал етімен жасай береді. Бірақ дәл жылқы етінен жасалған тағам құнды саналады.

Америка және Аустралия

Америка материгіндегі елдер жылқы етін жемегенімен оны бағып, етін Еуропаға сатады. Мексика, Аргентина, Бразилия мен Уругвайдан шыққан ет өнімдері Еуропаға кең таралған. Әсіресе, аргентиналық жылқы еті әлемде өте танымал. оны Еуропа мемлекеттері сатып алып жатады. Бұл туралы сәл кейінірек.

АҚШ пен Аустралияда жылқы етін жеуге заңмен тыйым салынған. Алайда, капитализм стандартына сәйкес, өсіруге және етін шетелге сатуға тыйым салынбаған.

Еуропа

Еуропада жылқы етін жеуге тыйым салу туралы жиі сөз қозғалады. алайда көптеген елдердің дәстүрлі тағамдары жылқы етімен жасалатындықтан, әзірге ешкім шектеу қойған жоқ. Тарихи деректерге сәйкес, Рим империясын талқандаған Ғұн әскерлері аймаққа өз дәстүрлерін ала келген. Олардың қатарында осы жылқы етінен тағам жасау да бар. Еуропада негізінен жылқыны француздар жейді. Олардың «тартар стейгі» деген тағамы осы жылқы етінен жасалады. Әсіресе бұл тағам қымбат мейрамханаларда көп ұсынылады. 2024 жылы Франция мен Қазақстан арасында келісім жасалып, Қазақстанда шыққан жылқы еті Елисейге сатылатын болған. Бельгияның француздар тұратын аймағында жылқы етін жейді. Бұл ел етті жоғары да аты аталған Аргентинадан сатып алады. «Шауербратен» аталатын дәстүрлі неміс тағамын да елдің кей бөлігінде жылқы етінен жасайды. Аустрияда жылқы бауырынан жасалатын «Пферделеберкаше» тағамы бар.

Жылқы етін көп жейтін тағы бір еуропалық ел Ресей. Негізінен елдің Азия бөлігінде өмір сүретін бурят және қалмық халықтарымен қоса, түркі халықтары жылқы етін қазақтар мен қырғыздардан кем жемейді.

Қазақстан Жапонияға жылқы етін жеткізетін болады

Астана мен Токио Жапонияға жылқы және жылқы етінен жасалған өнімдерді экспорттау жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Kazakh Invest хабарлады.

"Zhabyak" ЖШС мен жапондық Senko Farm компаниясы Қазақстаннан Жапония нарығына жылқы және жылқы етінен жасалған өнімдердің экспортын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тұрақты жеткізілімдерді жолға қоюды, сондай-ақ экспорттық операцияларға қатысты ұйымдастырушылық және логистикалық мәселелерді үйлестіруді көздейді», – деп мәлімдеді Kazakh Invest.

Атап өтілгендей, жоба жоғары қосылған құны бар өнімдерді жеткізуге бағытталған және жапон нарығының қатаң ветеринариялық және санитариялық талаптарына толық сәйкес келеді.

«Келісім аясында тараптар сапа, қадағаланушылық және сертификаттау стандарттарын сақтай отырып, қазақстандық өнімді Жапония нарығына кезең-кезеңімен шығаруды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», – делінген хабарламада

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қаңтар–қараша айларында республикада 146,8 мың тонна жылқы еті өндірілді. Жылқы саны 6,9%-ға өсіп, 4,4 млн басқа жетті, ал құлын саны 1 млн басты құрады.
Senko Farm – Жапонияның Кумамото префектурасында орналасқан, шикі жылқы етінен жасалған өнімдерді өндіру және сатумен айналысатын компания.


 

0 пікір
Мұрағат