Ғалымдар билингвизмнің артықшылығы мен кемшілігін саралады
Ғалымдар билингвизмнің артықшылығы мен кемшілігін саралады
4 жыл бұрын 3427 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ұлыбританиядағы Энглия Раскин университеті ғалымдарының бұл тараптағы зерттеуі шет тілін білудің артықшылығы мен кемшілігін саралауға мүмкіндік берген. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Scientific Reports мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы зерттеу нәтиесі көрсеткендей, екі тілді ерте жастан, яғни, бала кезден меңгерген адамның жасы ұлғайғанда когнитивті артықшылықтарға ие болмақ. Яғни, есте сақтау қабілеті мен назар аудару, білімге ынталық, т.б. функциялары жақсы дамиды. Өзге тілді білу әлеуметтік байланыс пен қарым-қатынасты дамытып қоймай, сонымен қатар, өзге мәдениетті терең тануға көмектеседі, т.б. артықшылықтары көп. Ал денсаулық үшін оның осындай маңызы бары енді белгілі болып отыр. Бұл бағытта жүргізілген тәжірибеге 127 ересек адам өз еркімен қатысқан екен. Оларға екі түрлі тест жүргізілді. Біріншісінде экрандағы картинкаға қарау арқылы олардың конгнитивтік қабілеті қадағаланды: картинканың бірі біртіндіп өзгерсе, екіншісі бұрынғыша қалған болатын. Ерте жастан шет тілін меңгергендер көрер көзге байқала бермейтін картинкадағы өзгерісті басқалардан бұрын байқаған болатын. Ал екінші тәжірибеде ерте бастан екінші тілді меңгергендер өздерінің назарын жіті бақылайды, яғни, бір картинкадан екіншісіне өзгелерге қарағанда дереу назар аударған. Осынау зерттеуге жетекшілік еткен дәрігер Дин Д'Сузаның айтуынша, шет тілін ерте бастан меңгерген адамның конгнивтивтік қабілеті жасы ұлғайғанда да көмегін тигізеді. Десе де ғалымдар баланы ерте бастан шет тілін үйретуден бұрын алдымен өз ана тілінде сөйлесіп үйрену керектігін алға тартып отыр. Өйткені, өз тілін меңгеріп алмай тұрып, өзге тілді үйрету өз кезегінде баланың дүниетанымы мен конгнитивтік қабілетіне теріс әсерін тигізетінін айтып отыр. Бұл тарапта жапондардың тәжірибесін қолдануға болады: алдымен ана тілінде сөйлетіп үйретеді, содан кейін барып бөгде тілді үйренуіне жағдай жасайды. Өйтпеген жағдайда баланың есейгенде конгнивтивтік деңгейі дамымай қалады. Бұдан бөлек, 2019 жылы Канаданың Уотерл университетінің ғалымдары да бұл бағытта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген екен: канадалық ғалымдар бірнеше тілді меңгерген адамдарда жас ұлғайғанда пайда болатын алжу ауруына ұшырау қатері аз болатынын алға тартқан еді. Бұл туралы зерттеу материалы кезінде Journal of Alzheimer's Disease мерзімді басылымында жарияланған болатын. Канадалық ғалымдар «монастырлық зерттеу» деген атпен белгілі бұрынғы зерттеу нәтижесі мен дерегін сараптап көрген екен. Аталмыш зерттеудің мақсаты қарттарға тән Альцгеймер ауруының пайда болуы мен даму процесін зерделеуге саятын. 1986 жылдан бері АҚШ-та жүргізіліп келе жатқан ауқымды зерттеу. Дәрігерлер католик ұйымына мүше монахиндердің денсаулығын қадағалаған болатын. Неге монахиндерді таңдады зерттеу жұмыстары үшін? Өйткені, монахиндер бір қалыпты, бір сыдырғы өмір сүреді. Сол себепті, олардың денсаулығын қадағалау оңай әрі жас ұлғая келе жабысатын аурудың пайда болуына себеп болатын факторларды анықтауға қолайлы. Нәтижесінде тек бір тілді (ана тілін) білетіндер арасында алжу дертіне шалдыққандар қарасы көп болып шыққан - 31%. Ал кем дегенде 4 тілді білетін монахидер арасында бұл көрсеткіш 6%-дан аспаған еді. «Тілді меңгеру – адам миының аса күрделі қабілеті әрі бір тілден екіншісіне ауысу конгнитивтік икемділікті қажет етеді. Яғни, бірнеше  тіл білу, бейнелеп айтқанда, дене сымбатын ұстап тұруға әрі денсаулықты күтуге арналған жаттығу секілді»,- деп түсіндірген болатын осы зерттеуге атсалысқан авторлардың бірі Сюзаннан Тиас Medical Xpress ақпарат көзіне берген сұхбатында.

0 пікір
Мұрағат