|
Азық-түлік бұдан былай ешуақытта арзандамауы мүмкін
|
Соңғы зерттеу нәтижесіне қарағанда, жаһандық жылынудан әлем экономикасы жыл сайын кем дегенде 20 млрд доллар шығын көріп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы New Scientist мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаһандық жылыну негізгі тамақ өнімдерінің өндірісін күрделі сипат алатын және қымбатқа түсетін міндетке айналдыра отырып, ауыл шаруашылығын жедел түрде өзгертуде: аптап ыстықтан және құрғақшылықтан жыл сайын әлемдік экономика 20 миллиард доллар жоғалтуда, дәлірегі, бидай, жүгері және соя секілді жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінде стратегиялық маңызға ие ауыл шаруашылық өнімдерінің түсімін кеміту есебінен. Ғалымдардың ескертуінше, егер адамзат атмосфераға бөлініп жатқан көміртегі диоксидінің мөлшерін азайту бойынша батыл шаралар қабылдамаса, осы ғасырдың соңына қарай жыл сайынғы шығын көлемі сегіз есе артып, 160 миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұл дағдарыс аграрлық сектор экономиканың негізіне айналған табысы төмен елдерге ең ауыр соққы болады. Салдары - климаттық босқындар қарасы көбейеді. 2007 жылдан бастап 2019 жылға дейін климаттық дағдарысқа байланысты ауыл шаруашылығындағы өнімділік 1974-2004 жылдардың базалық кезеңімен салыстырғанда 3,5% -ға төмендеген. Атмосфераға бөлінетін парниктік газдар мқлшерінің қарқыны сақталған жағдайда 2100 жылға қарай негізгі дақылдардың түсімділік көрсеткіштері 35% -ға төмендеуі мүмкін. Яғни, аптап ыстық пен құрғақшылықтан шығын мөлшері жылына ең аз дегенде 855 миллион тоннаны құрайды. Осылайша адамзат 2 миллиардқа жуық адамның тұтынуға жететін азықтан айырылады.