|
Көлемі 100 нанометрден аспайтын лас ауа бөлшектерінен жылына 2 млн-дай адам көз жұмады
|
Ластанған ауаның титтей бөлшектері немесе тозаңы жыл сайын бүкіл әлемде 2 миллионға жуық өлім-жітімнің себебіне айналған. Дәлірегі, адамның өмірден ерте кетуіне ықпал етіп отыр. Мұндай қорытындыға халықаралық ғалымдар тобы келді. Бұл жайында islam.kz порталы Cardiovascular Research мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл арада көлемі 100 нанометрден кем ұсақ бөлшектер турасында сөз болып отыр. Олар соншалықты кішкентай болғандықтан, өкпеге тыныстаған кезде еш кедергісіз еніп, қан айналымына түседі, тіпті, мидың қорғаныш қабатынан да өтіп кетеді. Проблеманың ауқымын бағалау үшін зерттеушілер спутниктік деректерді, әлемнің 155 нүктесіндегі ауа сапасын өлшеу нәтижелері мен машиналық оқыту әдістерін біріктірді. Осы мәліметтер негізінде олар ультра кішкентай бөлшектердің таралу аумағының бірінші жаһандық картасын жасап, оны өлім-жітім туралы ақпаратпен салыстырып көрген екен. Ғалымдардың есебі бойынша мұндай бөлшектердің денсаулыққа кері әсерінен жылына шамамен 1,99 миллион адам мезгілінен бұрын көз жұмады. Бұл көрсеткіш жұқпалы емес аурулардан болатын барлық өлім-жітімнің шамамен 5 пайызын құрайды. Зерттеушілер ультра кішкентай бөлшектердің организмде тотықтыру (қышқылдану) стресс пен қабынуды тудыруға, қан тамырларының қабырғаларын зақымдауға және атеросклероздың өршуіне ықпал ете алатынын алға тартып отыр. Мұндай бөлшектердің пайда болуына қазбалы отынды пайдалану, автокөліктерден, өндіріс орындарынан, электр стансаларынан атмосфераға парникті газдардың бөлінуі ықпал етеді. Атмосфераға бөлінетін зиянды заттар мөлшері азайған сайын адамның ғұмыр жасы да соншалықты артады.