|
АІ адамға тән тұлғалық қасиеттерін жояды – зерттеу
|
Халықаралық ғалымдар тобы жасанды зердемен ұзақ уақыт өзара тілдесудің арты жақсылықпен аяқталмайтынын ескертіп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы AI & Society мерзімді басылымындағы зерттеуге сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, ғалымдар бұл тарапта адамдарды машиналық мінез-құлық үлгілерін қабылдауға және біртіндеп оларды бірегей адам қасиеттерінен айыруға мәжбүр ететін теорияны ұсынды. Клиенттерге қызмет көрсету саласындағы қазіргі заманғы чат-боттар дамудың жоғары деңгейіне жетті. Алгоритмдер адамның ойын, эмоцияларын және сөйлеу ерекшеліктерін қайталауда жетістіктерге жетті, сондай-ақ, нақты пайдаланушыға оңай бейімделеді. Мұндай имитация адамның машинамен байланысына әлеуметтік сипат дарытады және тірі сұхбаттасушымен қарым-қатынас жасау иллюзиясын тудырады, яғни, тірі адаммен тілдесіп отырғандай алдымшы әсер қалдырады. Десе де мұндай диалогтың қауіпті салдары бар. Әзірлеушілер жасанды зердені құрылымдалған және болжамды сұраныстарға ең жақсы жауап беретіндей етіп жобалайды. Бағдарлама пайдаланушы өзінің сөйлеген сөзінен күрделі адамдық нюанстарды, ақылға сыйымсыз эмоциялар мен екіұштылықты алып тастағанда барынша сапалы жауаптар береді. Нәтижесінде адамдар пайдасы мен қолайлылығы үшін өздерінің коммуникация стилін өзгеркенін байқамай да қалады. Пайдаланушылар алгоритмдердің талаптарына бейімделеді, олардың қарым-қатынас әдісін көшіреді және өзінің мінез-құлқын технологияға бейімдейді. Зерттеушілердің пікірінше, уақыт өте келе бұл процесс адамның тек өзіне тән мінез-құлық ерекшелегін, даралығын, қасиеттерін жойып, оны машинаға ұқсатып жібермек. Әзірге бұл ғылыми жұмыс тек теориялық сипатқа ие. Мақала авторлары тірі адамдарға тікелей зертханалық сынақтар немесе ауқымды өлшеулер жүргізген жоқ. Сарапшылар өз қорытындыларында соңғы жылдары жинақталған адамзаттың озық технологиялармен өзара іс-қимылының психологиялық аспектілері туралы деректерді талдауға сүйенген.