|
Үнділер көлігін сиыр тезегімен жүргізеді
|
Үндістан энергетикалық егемендіктің ерекше жолын тапты әрі таңдады. Бұл жайында islam.kz порталы Roadandtrack ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған елде көрініс берген жаһандық отын дағдарысын еңсеруге жапондардың Suzukiкомпаниясы қолдау көрсеткен. Қазірдің өзінде үнді жолдарында сиыр тезегінен алынған отынмен жүретін автокөліктер мен авторикшалар жүйткіп жүр. Әр көшесінде сиыр емін-еркін жүретін үнді елді-мекендеріндегі аяқ астында күнге қурап жататын тезектің биологиялық отынға - құнды ресурсқа айналатынын кім білген. Малдың қиын тығыздалған табиғи газға айналдыру жобасына қажетті шикізаттан таршылық көрмейді. Көрінген жерден табылатын сиыр тезегін өз кезегінде құнды ресурсқа, отын шикізатына айналу арқылы елді жанармай-жағармай импортын азайтуға болады. Гүжарат штатындағы биологиялық сығымдалған табиғи газ (bio-CNG) шығаратын Banas Suzuki кәсіпорны күн сайын 88 тоннаға жуық мал шаруашылығы қалдығын өңдейді. Алынған жаңартылатын отынның келісін шамамен 80 рупиден сатады. Үндістанның кейбір бөліктерінде бұл баға жанармай-жағармайға қарағанда 20 рупи арзанға түседі. Бұл бастама Suzuki мен Banas Dairy компанияларына - Азиядағы ірі сүт кооперативтерінің біріне тиесілі. 16 ауылдың малшылары бір келі қиды бір рупиге тапсырады. Өндірілген отынды күн сайын 600-ден 700 машинаға дейін құяды. Қайта өңдеудің қатты қалдықтарын тастамайды: олардан органикалық тыңайтқыштар жасап, жергілікті алқаптарға қайтарады. Шілде айында Жапония мен Үндістан бір мың жаңа биогаз қондырғысын салуды көздейтін стратегиялық жоспарға қол қойды. Бұдан басқа, Үндістан үкіметі инвестицияларды тарту үшін биогаз өндірушілерге субсидияларды ұлғайту мүмкіндігін зерттеуде