|
Сүрілген мешіт орнына салынған пұтхана қомақты қаражатқа байланысты жанжал ошағына айналды
|
Үндістандағы аса ірі пұтханадағы қаржының жымқырылуы, дәлірегі, үнді наным-сенім жетегіндегі жергілікті діндарлардың өздері киелі санайтын пұтханаға садақа еткен ақшалай және асыл тастай ірі мөлшердегі қаражаттың жымқырылуы әлем қауымдастығын елең еткізді. Бұл жайында islam.kz порталы Al Jazeera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Шілде айында полиция ұрлық пен тонау фактілеріне байланысты тергеу-тексеру жұмыстарын бастап, елдің солтүстігінде орын тепкен Айдоқия қаласындағы Рама пұтханасындағы алымдар мен есеп жүргізуге жауапты сегіз адамды тұтқындады. Билік қанша қаражаттың қолды болғанын ашып айтпады, алайда, үнді бұқаралық ақпарат құралдарының есебінше, 30 млн рупи (шамамен 314 мың доллар) залал келген. Соңғы екі жылда ғибадатханаға үш рет келген Дели тұрғыны Ашок Прасад Кушвахидің айтуынша, үнді наным-сенімінде пұтханаға жасалған қайырымдылық шынайы сенімнің көрінісі ретінде бағаланады. Бұл жанжал Бадринатх ғибадатханасы мен 31 миллиард долларға жуық активтері бар әлемдегі ең бай пұтханалық қайырымдылық ұйымдарының бірі Tirumala Tirupati Devasthanams қорын қоса алғанда, ірі үнді ғибадатханалардағы қаржыға қатысты заңсыздықпен байланысты кезекті келеңсіздік болды. Сарапшылардың айтуынша, көптеген діни мекемелер ірі компаниялардың бюджеттерімен салыстыруға келетін қаржыны басқарады әрі бақылайды, алайда, елде қаржылық есептіліктің бірыңғай стандарттары жоқ. Тергеу мәліметтері бойынша күдіктілер қайырмалдықтарды есептеу жүйесінің кемшіліктерін және ішкі бақылаудың әлсіздігін пайдаланған. Үндістанның ең көп баратын пұтханаларының бірі - Рама пұтхаанасын премьер-министр Нарендра Моди 2024 жылы салтанатты түрде ашты және бүгінде күн сайын орта есеппен 90 мыңға жуық адамды қабылдайды. Діндарлар мұнда қолма-қол ақша, алтын, күміс әшекей және басқа да бағалы сыйлықтарды қалдырады. Үнді ғибадатханасы 1992 жылы үнді радикалдары мен билік тізгінін ұстаған үнді халық партиясының (BJP) өкілдері мен жақтастары қиратқан Бабыр мешітінің орнына салынған. Үнді наным-сенімінің өкілдерінің пайымдауынша, осыдан жеті мың жыл бұрын Рама құдайы дүниеге келген, ал мешіт XVI ғасырда оның кір жуып, кіндік кескен жерде тұрғызылған. Мешіттің сүрілуі екі мыңнан астам адамның өмірін қиған дінаралық қақтығыстарды тудырды. 2019 жылы Үндістанның жоғарғы соты ғибадатхана құрылысына арналған жерді үнді наным-сенімдегі пұтхана салуға берді, содан кейін бүкіл елде қаражат жинау бойынша ауқымды науқан ұйымдастырылды. Ғибадатхана әкімшілігінің мәліметінше, шамамен 341 миллион доллар жиналған. Үндістанның IMARC консалтингтік компаниясының дерегіне сәйкес Үндістанда діни және рухани қызмет көрсету нарығының көлемі 2025 жылы 71 миллиард доллардан асты, ал 2034 жылға қарай 135 миллиард долларға жетуі мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, түрлі штаттардағы діни ұйымдар түрлі заңдар мен салық режимдері бойынша жұмыс істейді, сондықтан қаржылық ашықтыққа бірыңғай талаптар жоқ. Сарапшылардың пайымдауынша, үнемі ірі көлемде қолма-қол ақша алатын пұтханалар мемлекеттік мекемелер мен ірі корпорациялардағыға ұқсас бақылау жүйелерін қажет етеді. Олардың пікірінше, қазіргі заманғы діни ұйымдар ғибадат мекемелерінің шеңберінен шығып кеткен, сол себепті, қаржылық басқарудың жоғары стандарттарына сәйкес келуі тиіс.