Татуға тыйым салуды ұсынды. Мұсылман емес елдерде де татуға тыйым салынған
Татуға тыйым салуды ұсынды. Мұсылман емес елдерде де татуға тыйым салынған
4 жыл бұрын 2506 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерациясының мемлекеттік думасының депутаты, білім беру және ғылым жөніндегі комитет жетекшісінің орынбасары Геннадий Онищенко «Говорит Москва» радиостансасына берген сұхбатында осындай ой айтып қалды. Дәлірегі, елде татуировкаға тыйым салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кезінде соқыр наным-сенімнің жетегінде кеткен жабайылардан қалған жат әдеттің астарында бұғып жатқан қатерді денесіне инемен сурет салдырғысы келетіндер ескере бермейді. Ескінің сарқыншағының бүгінгі таңда сәнге айналғанын қынжыла отырып жеткізді. Терінің беткі қабатының қызметін бұзып қоймай, сонымен қатар, қан арқылы жұғатын түрлі дерттерді жамап алу қаупін тілге тиек етті. Осылай дей келе ол бүгінде еуропалық химиялық агенттігі (ECHA) тату өндірісі үшін жиі пайдаланылатын қара түсті сияның екі пигментіне, атап айтқанда, көгілдірін (Blue15) және жасылын (Green7) қолдануға тыйым салғанын да еске салып өтті. Химиялық құрамы аса зиянды бояу түрлеріне ғана емес, татудың өзіне денсаулыққа залал келтіретіні үшін тыйым салу қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталды. Жастық шағында албырт сезімнің жетегінде денесіне инемен сурет салдырғандар ертең ана, әже атанғанда немерелерінің алдында қадірін қашыратын жат әдетке жоламауы тиіс.

Мұсылман емес елдерде де татуға тыйым салынған

Денеге инемен сурет салдыруға дінімізде тыйым салынғанын білесіздер. Жалғыз исламда емес, мұсылман емес елдердің көбісінде татуға қырын қарайды. Оның түрлі себептері бар. Татуировка ежелгі Мысырдағы құл иелену кезінен белгілі. Ықылым заманда тату адамның қандай әлеуметтік топқа жататынын немесе мәртебесін аңғартатын белгі әрі қандай да бір наным-сенімдің жөн-жоралғысы үшін қажетті атрибут болса, бүгінде ол сән «үлгісіне» айналған. Тату, әсіресе, өз құрбыларына ұқсағысы келмейтін жастар арасында өзін ерекшеліп көрсететін белгіге айналған. Десе де татуға қырын айтатындардың уәжі бойынша ол тазалыққа қайшы әдеттердің бірінен саналады, оның үстіне, татуды қандай да бір сектаның немесе қылмыскер топтың белгісі ретінде қарайтын елдер де жоқ емес.

Дания 

Кәрі құрлықтағы аталған елде адам денесінің көзге шалынар жеріне (иығына, мойнына, бет-жүзіне, қолы мен аяғына) инемен сурет салдыруға 1966 жылдан бері тыйым салынған. Десе де денесіне сурет салдырғысы келетіндер бұл тыйымды елемейді. Ары кетсе, айыппұлмен құтылады. Бұл елде аталмыш тыйымды айналып өтетіндер көрші елдерге барып, денесіне сурет салдырып кетеді. Осылайша формалды түрде заңды бұзбайды. 

Жапония 

Күншығыс елінде татуды қылмыстық топпен байланыстыратындықтан денеге сурет салдырғандарға оң көзбен қарай бермейді. Мәселен, әлемге әйгілі якудза – мафиясының мүшелері татусыз жүрмейді. Аталған арал мемлекетте татуға 1946 жылдан бері тыйым салынған. Бұдан бөлек, денесіне инемен сурет салдырғандарды қоғамдық моншаға, бассейіндерге, спорт залына жібермейді. Десе де кейбір орындарда татуды жасыратын арнайы жапсырма беріледі. 

Үндістан 

Аталған елде әскери қызметкерлерге денесіне инемен сурет салдыруға тыйым салынған. Бұдан бөлек, кейбір жекеменшік компанияларда денесіне инемен сурет салдырғандар жұмысқа алынбайды. 

Қызықты дерек: 2014 жылы Ұлыбритания азаматы Шри-Ланкіден қуылған болатын. Қолына Будданың бейнесін салдырғаны үшін. Британдық азаматының қолына Коломбо әуежайында кісен салынған еді – «діндарлардың ар-намысына тигені үшін» деген айыппен. Осылайша британдық азамат Будданың бейнесін денесіне салдырып, Будданы қорлаған болып шықты. Тайландта Будда наным-сеніміне қатысты татуы барлар қандай да бір кедергілерге тап болады. Ал Иранда татуға заңмен тыйым салынған.

Түркия

Бүгінде Түркряида татуға заңмен тыйым салынбаса да 2014 жылдан бері мектепте шашын бояғандарға, макияж жасатқандарға, денесіне сурет салдырғандарға, пирсинг жасатқандар жүре алмайды. Киелі орындар мен мешіттерге келген татуы бар туристерге денесіндегі суретін бүркеп ұстауға кеңес беріледі.

0 пікір
Мұрағат