Шартарап: 19 тілде сөйлейтін құлтемір ауруханаға «жұмысқа орналасты» (видео)
Шартарап: 19 тілде сөйлейтін құлтемір ауруханаға «жұмысқа орналасты» (видео)
8 жыл бұрын 3911 24.kz Т.Әбдіқожаев, Ж.Джазина

Бельгияның Остенде қаласындағы аурухана қызметкерлерінің қатары толықты. 19 тілде сөйлеп, мұқтаж жанға жәрдем беруден шаршамайтын «Пеппер» есімді құлтемір науқастарға ғана емес, медбикеге, тіпті ауруханада жатқандардың халін сұрап келгендерге де көмек береді. Жұрт «Пепчик» деп атап кеткен робот бағдарламасын жергілікті «ZORA BOTS» фирмасы жасап шыққан. Бұл – Пеппердің атқаратын күнделікті жұмысы. Ол ауруханаға келгендерді күтіп алып, сұрақтарына жауап беріп, жол көрсетеді. Қажет болса, медбикелерге де ненің қайда тұрғаны туралы ақпарат бере алады. Құлтемір бағдарламасын жасап шығарған компания басшысы «оның негізгі міндеті – келушілерге дұрыс ақпарат беріп, жағымды көңіл-күй сыйлау» дейді. Фабрис Гоффэн, «ZORA BOTS» компаниясының басшысы: - Бойы – небәрі 120 сантиметр. Пішіні де фильмдердегі зұлым құлтемірлер сияқты емес, сүйкімдірек. Адамдар оған оң көзқараспен қарайды. Бір жақсысы, ешкімнің жұмыс орнын тартып алған жоқ және қызметке таласпайды. «Пеппердің» салмағы 28 келі және сағатына үш шақырым жылдамдықпен козғала алады. Мамандардың айтуынша, құлтемір – қозғалысы қиын науқастарға көмек беруге таптырмас құрал. Сондықтан көбіне сәбилер мен қарттар бөліміне қойылады. Бике Вандепутте, жас ана: - Бөлмеден шықпай-ақ ақпарат алудың керемет тәсілі екен. Кейбір адамдарға онымен сөйлесу өте қызық болуы да мүмкін. Әуелде балам қорқа ма деп едім, жоқ, жыламады. Меніңше, бұл маңызды. «Пеппер» Остенде қаласындағы «Аз Дамиан» ауруханасында қызметке алынған алғашқы құлтемір емес. Бұған дейін мұнда сөйлей білмейтін кішкентай ғана «Зора» атты робот болған. Ол науқастардың физиотерапиямен айналысуына көмек берген.

Су үстінде қалқып жүретін тұрғын үй орамы пайда болмақ (фото+видео)

Дубайда 2018 жылға дейін су үстінде қалқып жүретін тұрғын үй орамы пайда болады. Мұнда 130 үй, 14 қонақ үй мен шипажай, мейрамханалар мен дүкендер салу жоспарда бар. Үшқабатты құрылымның ең төменгі қабаты аквариумге ұқсас жасалған. Мұнда су астындағы тіршілікпен танысуға мүмкіндік бар. Ал тұрғын үй орамы маңына аумағы 18 гектар болатын жасанды риф салынады. Джозеф Клайндинст, жоба жетекшісі: - Бұл жоба аясында біз Малдив аралдарына ұқсас қалашық салуды көздеп отырмыз. Мұнда жасанды риф, ағаш мейрамханалар, спорт залдары, бассейні бар үйлер болады. Сондай-ақ, әлемнің өзге елдеріндегі әдемі нысандардың барлығын осы Дубайға жинақтағымыз келді. Бұл жобаны алғашқылардың бірі болып, жүзеге асырамыз.
Дубайда су үстінде қалқып жүретін тұрғын үй орамы пайда болмақ

0 пікір
Мұрағат