Қытай Орта-Таяу Шығыстағы ымырасыз үш елдің тілін қалай тапты
Қытай Орта-Таяу Шығыстағы ымырасыз үш елдің тілін қалай тапты
6 жыл бұрын 4523 qazaqtimes.com Естай Божан

Сауд Арабиясының патшасы былтыр наурызда Қытайға сапарлай барды.

Фото: China Ona7

Қытай экономикалық дамудың қарқынды кемесіне мінуден бұрын да, кейін де өзіне көршілес елдер мен аймақтарға сауда жолын ашуға аса мүдделі болды. Қытайдың шығысы онсыз да өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың бас шенінде қарқынды дамудың көрсеткіштеріне жеткен елдер мен аймақтар еді. Бұл аймақтарда сауда-экономикалық, стратегиялық байланыс орнатудың Қытайда дәстүрлі тәжірибелері де бар болатын. Ал, батысында Қытай экономикасы қарқын алған тұста, енді ғана құрылып жатқан бұрынғы кеңестік республикалар болды да, бұл біршама әлсіз экономикалық аймақ бір есептен Қытай экономикасының жебеуіне мұқтаж еді.

Қытай үшін өз территориясының оңтүстік, оңтүстік-батысындағы елдер мен аймақтарға сауда жолын ашу біршама қиын тиді. Оған Қытай мен осы аймақтағы елдердің ұқсамаған мәдениеті, тарихы, діні және географиялық факторлардың ықпалы болды.

Орта және Таяу Шығыс әлемдегі саяси жағдай күрделі, тынышсыз аймақ.  Бір-біріне іргелес жатқанына қарамастан, от пен судай отаса алмайтын мемлекеттер арасындағы қайшылық, аймақтың тұрақсыздығы мен саяси аумалы-төкпелілікті асқындырып келеді. Солардың ішінде Иран, Сауд Арабиясы және Израиль елдері арасындағы қайшылық мәңгі ымырасыз күйде қалып келеді. Бұлардың арасында Иран мен Сауд Арабиясы аймақтағы лидерлікке таласқан бақталастар болса, Сауд жұрты мен Израиль араб-еврей және ислам-иудизм арасындағы тарихи теке-тірестің екі басында тұрған елдер.  Солай бола тұрса да, Иранның ядролық қауіп-қатеріне келгенде бұл екеуі АҚШ-тың одақтастары болып шыға келеді. Осыдан бұрын парсы мен араб арасындағы қайшылық араб-еврей ынтымақтастығын қалыптастыруы мүмкін деген де болжамдар айтылған болатын.

Бейжің жоғарыда айтылғандағыдай күрделі жағдайдағы Орта-Таяу Шығыспен мәмілеге келуге мүдделі болды. Өңірдегі мұнай мен табиғи газ сынды шикізат байлығын айтпаған күннің өзінде, базар іздеген қытайлық өндірушілер мен тауарларына жол ашып, Батысқа жалғанатын сауда жолын қалыптастыруы керек еді. Таңқаларлығы Бейжің үкіметі үнді, араб, парсы және еврей елдерімен бірдей тіл табысып, ортақ мәмілеге жете алды. Қытайдың Орта-Таяу Шығыспен мәмлеге жету үшін әр бір қадамды аса сақтықпен және байыппен жасағанын көруге болады. Қытай дамуы үшін басып өтуге тиісті бұл маңызды қадамды Ши Жинпиң (Си Сциньпин) билікке келісімен жасады. Ши ҚКП мен ел билігіне жетісімен алғашқы мемлекеттік сапарларын Орта-Таяу Шығыс елдеріне жасап, Сауд Арабиясы, Иран, Израиль, өзге араб елдері, Пәкістан және Үндістанмен екіжақты байланыстарды жақсартуға келісімдер жасасты. Соңғы жылдардағы мемлекеттік сапарлардан

Иран мен Қытай байланысы 

Қытайдың Таяу-Шығысты өз мүддесіне қалай пайдаланғанын анық аңғаруға болады.

Шидің Ирандағы алғашқы сапары. Фото: IRNA. 

Қытайдың Таяу-Шығыстағы ымырасыз үш елмен қалай ортақ мәмілеге жете алғаны туралы BBC  сарапшысы Анхел Бермудес жеке-жеке талдау жасаған. Ол Қытай-Иран қатынасының 1979 жылдағы Ислам революциясынан кейінгі жағдайларда шыңдалып бүгінге жеткенін айтады. Айталық, Иран-Иран соғысы (Шығанақ соғысы) кезінде Қытай Иранның негізгі қару-жарақпен қамтамасыз етуші елдерінің бірі болған. 2000 жылдардан кейін АҚШ пен Еуропа елдері Иранға бағытталған санкцияларды ұлғайту кезінде де, Бейжің мен Теһран арасындағы сауда байланысы үзілмей сақталған. Тіпті, 2010 жылы БҰҰ Иранға бағытталған санкцияны мойындағаннан кейін де екі ел арасында сауда байланыстары жалғаса берген. Ал соңында Иран Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасындағы маңызды серіктесіне айналды. Биылға жеткенде, Трамп үкіметінің Иран ядролық келісімінен бас тартуы Қытайдың Иранға деген маңыздылығын екі есе арттырғандай болды.

Қытай мен Израильдің сауда байланысы

Қытай мен еврей басшыларының кездесуі. Фото: GETTY IMAGES/BBC   

Ең ірі державалар арасында АҚШ-тың Израильмен болған қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Тіпті, Израиль мүддесін қорғау АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясатының маңызды бір бөлгі болып табылады. Соған қарамастан, Израильдің Қытаймен болған байланысы да жоғары деңгейде. Соңғы жылдарда екі елдің сауда-экономикалық байланысы қарқынды дамыды. Былтыр Қытайға сапарлай барған еврей премьер-министрі Нетаньяху Ши Жинпиңмен кездесу кезінде 25 млрд АҚШ доллары көлеміндегі сауда келісімін жасасқан болатын. Қытайдың израильдік технологияларға салған инвестициясының өзі 2016 жылы 16 млрд долларды құраған. Қытайдан Израильге баратын туристер саны да жылдан жылға еселеп артуда. 2017 жылы 100 мың қытайлық турист еврей жеріне барған. Дегенмен, халықаралық қауымдастық алдында Қытай Израильге қарсы дауыс берушілердің бірі болып келеді.  

Сауд Арабиясы мен Қытайдың тамырластығы

Қытай мен Сауд жұртының жоғары деңгейдегі кездесуі соңғы рет былтыр наурыз айында болды. Ши таққа отырғалы бері екі мәрте жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Қазір Қытай Сауд Арабиясының мұнайын алатын екінші ірі ел. Қазір Сауд Арабиясының билігі мұнайға деген тәуелсіздікті барынша азайтып, болашағы бар салаларды дамытуға тырысып жатыр. Ал, Қытай осы тұста Сауд Арабиясының маңызды сауда серіктерінің біріне айналып үлгірген. Ал, саяси майдан тұрғысында Қытай бір жерде Сауд Арабиясының қарсы жағына шыққанымен, келесі бір майданда оны жақтап, таразы басын тең басуға тырысып тұр. Бұл да болса Орта Шығыстағы алып мұнай елін уыстан шығармау үшін Пекиннің жасаған шарасы деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жауласып отырған үш елдің ортақ мәмілесін алу үшін Бейжің билігі өңірдегі саяси, аймақтық, діни мәселелерде барынша қырағылықпен қарауда. Екі елдің мүддесіне тең қайшы болатын нәзік мәселелерде бейтарап қалып отыру Бейжіңнің дәстүрлі тәсілінің бірі. Ең маңыздысы, Қытай бұл елдермен тек экономикалық байланыс орнатуға тырысып, қандай да бір идеологияны насихаттаудан аулақ болуға тырысуда. Бұл Қытайдың аймақтағы басымдығын барған сайын арттырып отыр. Дегенмен, Қытайдың Таяу Шығыстағы күн сайын артып жатқан ықпалы, оның ұзақ болашағына кері әсер етуі де мүмкін деген болжамдар айтылады. 

0 пікір
Мұрағат