Криптовалюта қылмыстық заңнамада да көрініс табады
|

Ресей Федерациясының заң жобасы жөніндегі үкімет комиссиясы елдің қылмыстық және қылмыстық процессуалдық кодексіне «цифрлы валюта» ұғымын енгізу туралы бастаманы мақұлдады. Бұл жайында islam.kz порталы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Көп ұзамай аталған елдің әділет министрлігі әзірлеген аталмыш заң жобасы мемлекеттік думаның қарауына жіберледі. Қазіргі уақытта қылмыстық және қылмыстық процессуалдық кодексте виртуалды активтің мәртебесі белгіленбеген. Бұл жайт өз кезегінде цифрлы активті мүлік ретінде танудың заңдық негізі болмағандықтан криптовалютаға қатысты қылмыстарды тергеу ісін қиындатады. Тергеп-тексеру органдары жұмысындағы тағы бір қиындық - криптовалютаны сақтау құралдары мен әдістерінің айырмашылығы. Заң жобасы қабылданған жағдайда цифрлық валютаның айналымы мен пайдаланылуына байланысты қауіп-қатер азаюы мүмкін. «2021 жылдың қаңтар айынан бастап криптовалюта «Банкроттық туралы» заңның талаптары үшін меншік ретінде танылды», – деп жазады «Ведомости» ақпарат көзі. Сондай-ақ, криптовалюта меншік ретінде «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарда да бекітілген. Ресей заңгерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Владимир Груздевтың айтуынша, қылмысқа жол берген виртуалды актив иесіне цифрлы валютаны пайдалануға тыйым салу кезінде оның меншігіндегі криптовалюта маманның қатысуымен тәркіленеді. Әдетте мұндай валюта шартты түрде «суық» және «ыстық» деп аталатын әмияндарда сақталады. Валюта ыстық әмиянда сақталған жағдайда оның сақталуын қамтамасыз ететін арнайы мекен-жайға аударылатын болады. Суық әмиян жағдайында әмиянға қол жеткізу коды бар материалдық жеткізгіштер немесе нақты материалдық жеткізгіш арқылы қол жеткізу мүмкіндігі бар белгіленген әмиян тәркіленуі мүмкін. Десе де ресейлік құзырлы органдар бұрын да криптовалютаны тәркілеген болатын. Алайда, қандай заңнама негізінде тәркіленгені туралы ақпарат жоқ.




