Ресей соты тәліптерге қатысты тыйымның күшін жойды
|

Ресей Федерациясының жоғарғы соты Ауғанстан билігіндегі тәліптер қозғалысының қызметіне салынған тыйымның күшін тоқтатты. Бұл жайында islam.kz порталы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2024 жылдың желтоқсан айында РФ президенті Владимир Путин терроризмді ақтаудан, насихаттаудан немесе қолдаудан тыйылса, тәліптерді террористік ұйымдар тізімінен шығару тетігі енгізілген заңға қол қойған болатын. Ал жоғарғы соттың шешімі тәліптерді террористік ұйымдар қатаррынан шығаруға мүмкіндік бермек. Тәліптердің Катардағы саяси бюросының мүшесі Сүхел Шахел Кремлдің бұл әрекетін екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалады. 1994 жылы құрылған тәліптер қозғалысының ел аумағындағы қызметі мен насихатына Ресейде 2003 жылдың ақпан айының орта шенінде жоғарғы соттың шешімімен тыйым салынған еді.




