Тірі жасушаның ішін көргіңіз келе ме (видео)
|

Жасушадағы процестерді нақты уақыт аралығында қадағалау технологоясы биология мен медицинада үздік жетістікке бастайды. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Communications мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бейжің университетінің, Нинбо Шығыс технологиялық институтының және Сидней технологиялық жоғарғы оқу орнының (UTS) ғалымдары ажыратымдылығы (яғни, ажыратып көрсету дәлдігі) аса жоғары микроскопия, жасанды зерде және терең оқыту технологиясының көмегімен тірі жасушалардың ішкі құрылымдарын визуализациялаудың (көрудің) тың әдісін әзірледі. Көптеген аурулар мен патологиялық жағдайлар жасуша деңгейіндегі ауытқулар мен ақаулардан орын алады. Ал бұл тәсіл, яғни, жасуша ішіне үңілу технологиясы аурудың (қатерлі ісік, нейродегенеретивті ауытқулар, зат алмасу процесінің бұзылуы, т.б.) нақты себебін анықтап, емін тағайындауға көмектеседі. Флуоресценттік микроскопия сияқты қолданыстағы құралдардың мүмкіндігі шектеулі, сондықтан жасушалардың ішіндегі титтей құрылымдарды байқау немесе егжей-тегжейлі процестерді қадағалау қиын. Бұдан басқа, әдеттегі әдістер фотозақымдануға және фототүссізденуге - жарық әсерінен жасушалардың зақымдануына әкелуі мүмкін. Олар, сондай-ақ, пайдаланылатын түстер санының шектелуіне байланысты бірнеше құрылымды бір уақытта көрсетуге мүмкіндік бермейді. Жаңа әдіс бір ғана лазер мен екі детекциялық арнаны пайдалана отырып, 15 түрлі субжасуша құрылымын жоғары дәлдікпен болжауға мүмкіндік береді. Осылайша зерттеулерді жеңілдетіп, жеделдетеді. Жоғары сапалы бейнелер органеллалар арасындағы айырмашылықтарды дәл тіркеп, «оптикалық таңба» түрін жасайды. Технология, сондай-ақ, бейімділік қабілетке ие және микроскоптардың, жасушалардың, тіпті, күрделі, тірі тіндердің түрлеріне қолданылуы мүмкін. Мұндай икемділік ғалымдарға бөлінудің түрлі сатыларында тірі жасушалардың үш өлшемді құрылымын зерттеуге және жасуша ішіндегі компоненттер арасындағы өте шапшаң жүретін процестерді, соның ішінде компоненттердің өзара іс-қимылын бақылауға мүмкіндік береді




