Қытай мен Халықаралық валюта қорының несие беру саясатындағы айырмашылық немесе дамушы елдер несиені ХВҚ-нан емес, Қытайдан алғанды жөн көреді
Қытай мен Халықаралық валюта қорының несие беру саясатындағы айырмашылық немесе дамушы елдер несиені ХВҚ-нан емес, Қытайдан алғанды жөн көреді
3 жыл бұрын 2189 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Бүгінде Қытайдан қарыз алмаған ел кемде-кем, әсіресе, Азия мен Африканың дамушы елдері қаржыдан қысылса, Қытайға алақан жаяды. Соңғы жылдары, өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, Қытай қарыз беру саласында, дәлірегі, мемлекеттік несиелеу нарығында үстемдік құрып келген батыс ойыншыларын ығыстырып, белсенді ойыншыға айналды. Бұл жайында Quora.com дерек көзіндегі қаржыгер сарапшылардың пікіріне негізделген  islam.kz порталының сараптамалық шолу материалынан біле аласыздар. Қытай несиесінің пайызы жоғары, соған қарамастан аталған елден қарыз алушылар қарасы артып келеді. Мәселен, Орта Азия мен Африка елдері қарызды Халықаралық банктен немесе Халықаралық валюта қорынан емес, Қытайдан алғанды құп көреді. Пайызы жоғары болса да қытай несиесін алуға сонымен не итермелейді? Фред Чуатиуко есімді америкалық қаржыгердің айтуынша, Халықаралық банк немесе Халықаралық валюта қоры ең тиімді ұсынады, алайда, оны жайдан-жай бере салмайды, белгілі бір шарттармен ұсынады. Мәселен, адам құқығын қорғауды, азшылықты құрайтындардың құқығына құрметпен қарауды жетілдіру, әлеуметтік институттардың, азаматтық қоғамның маңызын арттыру, қысқасы демократиялық құндылықтарды орнатуды талап ете отырып ұсынады. Тиімді несиені қалайсың ба, онда нарыққа қолайлы макроэкономикалық саясатты ұстануың керек, Мәселен, бұл шарт экономиканың ірі салаларын ырықтандыруды және жекешелендіруді талап етуі мүмкін. Мұндай шарттар көбінесе батыс елдері компанияларына жергілікті нарықта өз бақылауын орнатуына көмектесіп жатады. Ал қытай несиесі – инфрақұрылымды дамытуға қандай да бір шартсыз ұзақ мерзімге берілетін несие. Міне, осы щарты болмағаны үшін әрі ұзақ уақытқа берілетіндіктен көптеген елдер пайызы жоғары болғанына қарамастан алады. Қытай қарызын қайтаруға неге асықпайды? Қытай осылайша өзіне деген қарыз алушы елдің кіріптарлығын, яғни, тәуелділігінің артқанын қалайды. Әлбетте, Қытай ешкімге қарызын қайтармаса, кешірмейді. Соңғы 20 жыл ішінде Қытайға қарыз болып қалған елдер көбінесе стартегиялық маңызы зор экономикалық нысандарын (мәселен, айлақтарын, т.б.) ұзақ уақытқа өз мүддесіне пайдаланатын болады. Бұл туралы кезінде жазғанбыз (қараңыз: «Әлемнің сегіз елі Қытайдың қарыз қақпанынан құтыла алмайды» (https://islam.kz/kk/news/alem/alemnin-segiz-eli-qytaidyn-qaryz-qaqpanynan-qutyla-almaidy-10497/#gsc.tab=0) Мәселен, Индонезия 1997 жылы Халықаралық валюта қорынан ссуда алған екен, нәтижесінде өздерінің ұшақ өндірісін тоқтатуға мәжбүр болған. 68 жолаушыға шақталған N250 авиалайнерінің болашағы зор болатын, басқасы басқа, дәл осы Азияда өз тұтынушысын табатын жоба болатын. Алайда, 1998 жылы азияны шарпыған қаржы дағдарысынан аталған ел амалдың жоғынан Халықаралық валюта қорының шартына көнуге мәжбүр болды. Осылайша Индонезияны еуропалық ұшақ өндірушілерге «жығып берген». Яғни, аталған елдің өз ұшағы болуын қаламады, есесіне, еуропалық компаниялардың бұл саладағы өнімін сатып алғанын қалады. Қытай несиесі 20 жылға шамамен 2%-бен алғашқы бес жылдығына жеңілдікпен беріледі, ал Бүкіл әлемдік банк дамушы елдерге 40 жылға дейін 1,54%-бен 10 жылдық жеңілдікпен береді. Бұл бір қарағанда солай – ең бастысы, Қытай несиесі негізінен инфрақұрылымдық жобалар үшін берілетінін айта кету керек. Әлбетте, бұл жобаларды қытай компаниялары өздері жүргізеді. Кейбір елдерге бұл ұтымды да, неге десеңіз, қытай компаниялары инфрақұрылымды мейлінше аз уақыттың ішінде салып бітіруге тырысады әрі сол себепті де шығыны төмен болып келеді. Мәселен, қытай компаниясы теміржолдың әр шақырымына 50 млн доллар жұмсаса, жапон компаниясы бұл үшін 100 млн доллар талап етуі мүмкін. Ал еуропалық немесе америкалық компаниялар әр шақырымы үшін 200 млн доллар талап етуі мүмкін. Ал қытай компаниясы осы теміржол құрылысын 3 жылда аяқтауы мүмкін, ал жапон немесе еуропалық компаниялар 5-10 жылға созуы мүмкін. Қандай да бір жобаның ерте аяқталғаны тиімді экономикалық жағынан – тезірек өз шығынын жауып, пайда әкелуі үшін. Бұдан бөлек, ХВҚ немесе Бүкіл әлемдік банк қытай несиесіне қарағанда, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол бермесі үшін ашықтықты талап етеді. Оның үстіне, қандай да бір жобаның экономикалық тиімділіген бұрын экологиялық қауіпсіздігіне ден қояды.

Ұқсас материалдар:

«Қытай дамушы елдерге қарызды құпия шарттармен берген» (https://islam.kz/kk/news/alem/qytai-damushy-elderge-qaryzdy-qupiya-sharttarmen-bergen-15041/#gsc.tab=0);

«Әлемнің сегіз елі Қытайдың қарыз қақпанынан құтыла алмайды» (https://islam.kz/kk/news/alem/alemnin-segiz-eli-qytaidyn-qaryz-qaqpanynan-qutyla-almaidy-10497/#gsc.tab=0)

 

0 пікір
Мұрағат