|
Кітап тек білім азығы емес...
|
Таяудағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, кітап оқу дағдысы тек ми қызметін жақсартып қоймай, алжу ауруының алдын алады әрі стресті басады. Ең бастысы - адамның ұзақ өмір сүруіне ықпал етеді. Бұл жайында islam.kz порталы "Science alert" мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кітап - адамға ләззат сыйлайтын құрал. Білікті мамандардың тұжырымынша, кітап оқу кезінде адам миының сөз, жады, ақпаратты талдауға, қиялдауға мүмкіндік беретін түрлі аймағы белсенді әрекетке көшеді. Кітапты ұдайы оқитын адамдардың миында ойлау процесіне жауапты сұр заттар молынан кездеседі. Кітаптардың ішінде, әсіресе, көркем туындылардың организмге тигізер жағымды әсері тек сөз қорын байытып қоймай, адаммен қарым-қатынасты, эмпатиялық сезімді қалыптастырады. Мидың қартаю процесі бәсеңдейді. Содан соң кітап оқыған адамның күйзеліске бой алдыру қатері төмендейді. Күнделікті күйбең тірліктің уайымынан арылуға көмектеседі. Тіпті, күніне бірнеше парақ оқыған адамның өзі кітап бетін ашпайтын адамға қарағанда оң нәтижеге қол жеткізеді. Десе де сарапшылар кітап оқуды әдетке айналдыру үшін оны ықылассыз орындалатын міндетке айналдырмауға кеңес береді. Мұндай міндет адамның кітаптан мүлдем “суып” кетуіне жол ашады. Адам өзін қызықтырған кітапты ғана оқуы тиіс және ләззат алуы тиіс. Цифрлы технология дамыған сайын адамзат ең пайдалы әдеттерінің бірінен, дәлірегі, кітап оқудан қалып барады. Бұл құбылыс адамның әлеуметтік, психологиялық, физиологиялық жай-күйіне теріс әсер етеді.