Қару-жарақ жарысы: Қытай мен Ресей қандай қауіпті қаруға ие болды?
Қару-жарақ жарысы: Қытай мен Ресей қандай қауіпті қаруға ие болды?
2 жыл бұрын 1814 Естай Божан

Қазір ірі державалар арасындағы қарым-қатынас толықтай «Қыри-қабақ соғысына» ұқсас демесек те, соның көптеген белгілері бар. Айталық, қауіпті қару-жарақ жарысы белең алып келеді. Бұдан бұрын сайтымызда Қытай әскери қуатының артуына ілесе оған көршілес немесе жақын орналасқан шағын елдер де қорғаныс қуатын, әсіресе, зымыран және әуе күштерін жарыса дамытып жатқанын айтқан едік. Ал, державалар арасында көбіне көп стратегиялық активтерге саятын жаңа қарулардың жарысы басталуға жақын. Бұл жайында The Qazaq Times ақпарат көзінің сараптамалық материалынан біле аласыздар.

Гипердыбыстық қарулар – стратегиялық активтерге айналды

Қазір стратегиялық активтердің қатарына жаңа технологиялар көптеп кіріп жатыр. Ең үлкен стратегиялық актив қатарында ядролық қару саналғанымен, оны жоғары қарқынмен алып ұшатын зымыран болмаса, діттеген жеріне жете алмайтын ядролық оқтұмстық ешкімді де қорқыта алмайтын болды. Үйткені, қазіргі THAAD (америкалық), S-400 (ресейлік) секілді озық қорғаныс жүйелері жөп-жөңкі зымырандарды қалпақша қағып, көздеген жеріне жетпей құлата алады. Солтүстік Кореяның өзін барынша үрейлі көрсету үшін жыл сайын баллистикалық зымыран сынақтарын өткізетінін, зымыран бағдарламаларын үздіксіз дамытатыны да сондықтан.

Гипер-дыбыстық зымырандардан неге қорқады? Себебі, оны қазіргі кездегі зымыран қорғаныс жүйелері ұстай алмайды. Аталған қорғаныс жүйелерінің жұмыс ітсеу жүйесі бірнеше басқыштардан, жалпы құрылымы да бірнеше бөліктерден тұрады. Радар, басқару орталығы және зымыран батериялары, тасымал көліктері секілді бөліктер бірігіп, анықтау, көздеу, бұйрық еру және ату деген секілді бірқатар сатылы опрацияларды орындайды. Ал, дыбыс жылдамдығынан 5 есе тез ұшатын нысанды табу, оны радар арқылы көздеу, атып құлату өте қиын. Аталған сатылы операцияларды орындауға да уақыт жеткіліксіз. Ал, мұндай қарулардың қозғалтқышы мен жанарзаты қалай жасалғаны, қалай жұмыс істейтіні туралы, өкінішке орай, анық мәліметіміз жоқ.

Қытай мен Ресей АҚШ-ты артта тастап кетті

Бұндай қорғаныс жүйелерінен тек дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе тез ұшатын гипер-дыбыстық зымрандар ғана  айналып өте алады. Гипердыбыстық қару деп дыбыс жылдамдығынан 5-6 немесе одан да көп есе тез ұша алатын зымыран немесе өзге техниканы айтуға болады. Бұндай зымыран қазірше нақты пайдалану күйінде емес, Ресей мен Қытайдың сынақтан өткізгеніне де көп болмады. Тап осы жаңа қаруға келгенде Құрама Штаттар  Қытай мен Ресейге жол беріп қойды. Ресей құрлық, әуе, су және су астынан аталмыш зымыранды ұшырудың сынақтарында табысқа жетті. Тамыз да Қытай да осындай зымыранды сынақтан өткізді. Бірақ, Бейжің сынақтың нәтижесі мен барысы туралы анық мәлімет берген жоқ, ресми мәліметтерде тек «ғарышқа ұшу бағдарламасының кезекті сынағы» деген уәж айтты. АҚШ өзінің әскери барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Қытай гипер-дыбыстық зымыранға қол жеткізген болуы мүмкін деп мәлімдеді. Тіпті, осы бойынша алаңдаушылығын да білдірген еді. Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрлігіндегі шулы мәлімдемесінің арасында гипер-дыбыстық зымыран туралы сөз етіп қалды. Ол сөзінде: «Қазірше, АҚШ-та гипер-дыбыстық зымыран жоқ, бірақ, оған қашан ие болатынын біз білеміз. Бұны жасыра алмайсың, сынақтар табысты ма, жоқ па, оның бәрі жазулы. Оған қашан ие болатыны болжалды түрде белгілі», – деді. Құрама Штаттар гипер-дыбыстық қаруға ие болудың бірқатар бағдарламаларын жасап жатыр. Бұны тіпті басымдық берілген әскери-қорғаныс бағдаламасының бірі. Америка Құрама Штаттары да өзінің стратегиялық қарсыластары қол жеткізген қаруға ие болуға тырысады. Себебі, бұл қорғаныс қуатының баламасын сақтауда аса маңызды.

Держвалар арасындағы бұған дейінгі қарым-қатынастың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, кімде артық көзір бар, сол бір ұпай артық алмақ. Бұл тағы да айналып келіп қару жарысына соқтырмақ. Нәтижесінде жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке жыл өткен сайын қауіп күшейіп келеді. Державалардың кейінгі жүрістері бір-біріне жол беру, мәселені бейбіт шешу сынды "дипломатия мәдениетін" кері итеріп, бұдан біраз жыл алдындағы "жаһандық сенім, тұрақтылық, өзара ынтымақтаса даму" секілді құрғақ ұрандарды шетке сырды. Заманның бұндай ағысы Қазақстан секілді геосаяси белсенділігі жоққа тән, жаһандық қатысуы төмнен елдерге тікелей қару-жарақ жарысына қатыспаған күнде де қорғаныс қуатын қайта пысықтауды ескертеді.  

0 пікір
Мұрағат