Өз-өзіне қол жұмсап өле алмай қалғандарды өлім жазасына кесетін болады
Өз-өзіне қол жұмсап өле алмай қалғандарды өлім жазасына кесетін болады
1 сағат бұрын 51 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ын қатыгездігі жағынан адам ақылына сыймайтын бұйрық берді. Дәлірегі, өз-өзіне қол жұмсақ өлмек болып өле алмай қалғандарды «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартып, өлім жазасына кесетін бұйрық турасында сөз болып отыр бұл арада. Бұл жайында islam.kz порталы маусым айының 24-і күні Корей халық демократиялық республикасының орталық телеграф агенттігіне жөн сілтеген Yonhap ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметі бойынша 2026 жылдың алғашқы бес айында КХДР-да өз өмірін қиюға талпыныс жасаған 17 адам жазаланған. Тағы 40-қа жуық адам лагерде жазасын өтеп жатыр. Ким Чен Ынның өзі провинция басшыларымен жабық жиында сөз сөйлеп, өзін-өзі өлтіруді «социалистік революцияның және жеке басының сатқындығы» деп атады. Оның айтуынша, мұндай қадамға бел буған азамат «партиядан, Отанынан және өз мақсатынан бас тартады, демек, екінші мүмкіндікке құқығы жоқ». Ол, сондай-ақ, аман қалғандарға мейірімділік таныту «әлсіздік тудырады» және «жаза бұлтартпас болуы тиіс» деп атап өтті. Human Rights Watch және Amnesty International сияқты халықаралық беделі жоғары құқық қорғау ұйымдары Солт. Корея билігінің суицидтің радикалды жолмен алдын алатын бұл қадамын қатаң айыптады. Алайда, Солтүстік Корея жөніндегі сарапшылар мұндай тәсіл азаматтың өмірін жеке құндылық ретінде емес, мемлекет меншігі ретінде қарастыратын режимнің қисынына толық сәйкес келетінін атап өтті. КХДР-дың қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмірге қастандық жасау мемлекетке зиян келтіру әрекеті ретінде түсіндіріледі және атуға дейін жазаланады. Yonhap сілтеме жасаған оңтүстік кореялық барлау мәліметтері де КХДР-дағы суицидтер санының 2025-2026 жылдары күрт өскенін көрсетеді. Бұл шекаралар жабылып, халықаралық санкциялар күшейтілгеннен кейін енгізілген экономикалық шаралардың қатаңдатылуымен, сондай-ақ, бірқатар провинциядағы жаппай ашаршылықпен байланысты. Ресми билік азық-түлік дағдарысын жоққа шығарып отыр. Солтүстік Корея билігінің бұл шешімі Женевада өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің таяудағы отырысында талқыланатын болады. Америка құрама штаттары мен Жапония өкілдері Солтүстік Корея басшылығының іс-қимылын айыптайтын қарарға бастамашы болатынын мәлімдеді. Ал интернет пайдаланушылары Солт. Корей билігінің бұл әрекетін “өмірден түңілгендерге көрсететін нағыз мемлекеттік қолдауы” деп мысқылдауда.

0 пікір
Мұрағат