Оңтүстік-шығыс азиялық ел бала санына қатысты шектеуді алып тастады
|

Вьетнам елдегі демографиялық ахуалдың нашарлауына байланысты бұрын қабылданған бала санына қатысты шектеуді алып тастады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде аталған елдің ақпарат агенттігіне жөн сілтеген eVnExpress дерек көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Соңғы жылдары, дәлірегі, соңғы үш жылда оңтүстік-шығыс Азиядағы аталған елде туу көрсеткіші күрт төмендекеп кетті. Бұрын бір отбасына екі баладан артық перзент сүйуге тыйым салынған еді. Бұдан былай әр отбасы қанша ұрпақ өрбітетінін өздері шешеді. Вьетнамның денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәлімет бойынша бір әйелге шаққанда туу коэффициенті 1,91-ден аспай қалған. Бұл деңгей халық санының қалпына келу деңгейінен төмен көрсеткіш. Туу деңгейі 2021 жылы бір әйелге 2,11 баладан, 2022 жылы 2,01-ге және 2023 жылы 1,96-ға дейін төмендеді. Мемлекеттік реттеу шарасы халық санының табиғи өсуіне кедергі келтіргені турасында нақты дәлел жоқ. Дегенмен, «Бір отбасы – бір бала» саясатын жүргізген Қытайда да осыған ұқсас жағдай орын алып отырғандықтан мемлекеттік реттеу шарасының кері әсері туралы болжам жасауға болады.




