|
Мұсылман елі шетелдік студенттерден жылына 5 млрд доллар пайда көріп отыр
|
Қазіргі уақытта Малайзияда білім алып жатқан 167 000-ға жуық шетелдік студенттер ел экономикасына оқу, тұру және басқа да шығыстар есебінен жыл сайын шамамен 20 миллиард MYR (5 миллиард доллары) пайда әкеліп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы eVnExpress аақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Education Malaysia Global Services (EMGS) зерттеу нәтижесіне сәйкес әрбір шетелдік студент Малайзияда білім алуына, өзінің жеке шығындарына орта есеппен айына шамамен 10 000 MYR (малайлардың ұлттық валютасы, яғни, төл ақшасы – ринггит) жұмсайды. EMGS - Малайзияның жоғары білім министрлігіне қарасты халықаралық білім беруді ілгерілетуге және елдегі шетелдік студенттерді басқаруды қолдауға жауапты ұйым. Университеттер төңірегіндегі жергілікті мекемелер мен қызмет көрсету орталықтары тұрғын үй, азық-түлік, көлік және басқа да қызметтерге шетелдік студенттер тарапынан болатын сұраныстан әжептәуір пайда көреді. Оңтүстік-шығыс Азия аймағында орын тепкен осынау мұсылман елі әлемдегі жоғары білім берудің 14 үздік саласының біріне айналған, яғни, аталған ел халықаралық білім беру нарығында белді ойыншыға айналды. Ұлыбритания, Америка құрама штаттары, Аустралия және Канада сияқты елдер бұрынғысынша шетелдік студенттер үшін басты бағыттар. Малайзия жаһандық білім беру секторында алпауыт елдермен бәсекелесіп келеді, елдегі білім алатын шетелдік студенттердің саны соңғы үш жылда шамамен 23% -ға өскен. Оңтүстік-шығыс Азия аймағында Малайзия шетелдік студенттер қарасы бойынша Сингапурдан кейінгі орынға шыққан. Малайзияның үш университеті Quacquarelli Symonds World University Rankings 2027 рейтингісінде әлемдегі ең таңдаулы 150 университет құрамына енген, тағы үш университеті QS Asia University Rankings алдыңғы қатарлы 30 университет қатарына кірген. Жоғары білім беру саласындағы британдық талдау компаниясы Куала-Лумпур қаласын (Малайзия астанасы) шетелдік студенттер саны бойынша әлемдік рейтингте 15-орынға қойды. Малайзия билігі жоғары білім берудің 10 жылдық жоспарына сәйкес 2035 жылға қарай 500 000 шетелдік студентті тартуға ұмтылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін шетелде білім беруді ілгерілетудің түрлі бағдарламалары іске асырылуда. Қытай, Индонезия, Бангладеш, Үндістан және Пәкістан қазіргі уақытта Малайзияда студенттер саны ең көп бес ел ретінде алға шығады.