Ислам қаржысының келесі кезеңіне әзірлік – ислам қаржысының келешегіне жол ашу
|

Бүгінде ислам қаржысы маргиналды сипатынан арылып, арнайы саладан қажеттілікке айналды.Ислам қаржысы енді тек аймақтық деңгейдегі индустрия емес; ол әлемдік қаржы жүйелерінің құрылымдық негіздерінің бір бөлігіне айналуда. Бұл жайында islam.kz порталы dohanews.co сайтында жарияланған Muhannad Mukahall есімді сарапшының шолуына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұрын тек шектеулі нарыққа тән сипатымен, дәлірегі, мұсылман клиенттерге қызмет көрсететіндігімен ерекшеленетін ислам банкингі бертінге дейін жаһандық қаржының негізгі құрылымымен интеграцияланбай, өз алдына бөлек жүйе, параллел ретінде қарастырылды. Алайда, соңғы жылдары ислам қаржысы көп өзгеріске ұшырап, әлемдік қаржы жүйесінің ірі индустриясына айналды. Қаржылық қызмет ұсынатын Standard Chartered трансұлттық корпорацияның соңғы есебіндегі деректерге сәйкес жаһандық ислами қаржы активтері 2028 жылға қарай 7,5 триллион долларға жетуі мүмкін, ал бұл көрсеткіш 2024 жылы 5,5 триллион долларды құрады. Бұл өз кезегінде алдағы төрт жылда ислам активтерінің 36%-ға артатынын көрсетеді. Ислам қаржысының аз жылда танымал болуына ашықтық пен әділдік принципін негізге алатыны, дәлірегі, қаржылық тәуекел мен жауапкершілікті теңдей бөлісу секілді факторлар әсер еткен. Ислам қаржысына тән мұндай құндылық инвесторлар тарапынан сенім тудырып, осынау индустрияның дамуына ықпал етіп отыр. Ислам банкингі ислами қаржы активтерінің 70%-дан астамын құрайды және 2024 жылы 4 триллион доллардан 2028 жылға қарай 5,2 триллион долларға дейін өсі ықтимал. Ал мемлекеттік және қаржы институттары үшін маңызды өтімді құралға айналған Сукук нарығы жақын арада 1,5 триллион долларға жететіні болжануда. Бұл көрсеткіштер нарықтағы таңдау өзгерістерін, институционалдық интеграцияның тереңдеуін және тұрақты қаржыға әлемдік сұраныстың артуын көрсетеді. Ислам қаржысы енді "алтернативті қаржы" ретінде емес, стратегиялық қаржы ретінде қарастырылады. Ислам қаржысы - жаһандық активтер басқарушыларының портфолиосына және мемлекеттік байлық қорларының құрылымдарына интеграцияланатын модел. Сол себепті, ислам қаржысы өркендеуі үшін заңнамалық базасын қалыптастырудың, өтімділікті басқару тетіктерін жетілдірудің, ислами қаржы өнімдерінің инновациясын қалыптастырудың маңызы зор.
(Ықшамдалып алынды – ред.)




