Еуропалық ел құжаты жоқ мигранттарға елде тұруға және жұмыс істеуге рұқсат берді
Еуропалық ел құжаты жоқ мигранттарға елде тұруға және жұмыс істеуге рұқсат берді
5 ай бұрын 613 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Грекия парламенті ел аумағындағы жеке басын куәландыратын құжаты жоқ он мыңдаған босқындарға елде заңды негізде қалуына әрі жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады. Грек билігінің мұндай қадамға баруына жұмысшы күшінің жетіспеушілігі себеп болған. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Arab News ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған елдің еңбекпен қамту министрлігі осылайша ауыл шаруашылығына шамамен 30 000 жұмысшы күшін тартуды көздеп отыр. Аталған заң жобасына 300 депутаттың 262-сі жақтап дауыс берген екен. Грекияда көпшілік дауыспен қабылданған заңға Біріккен Ұлттар Ұйымының көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы жоғары баға берді. Осы орайда Грекия географиялық орналасу орнына қарай Таяу шығыс аймағынан келетін мигранттардың алғашқы тоқтайтын ел екенін айта кетпекпіз. 2015 жылы аталған ел аумағына 1 млн босқын келсе, биыл бұл көрсеткіш 45 мыңнан аспады. Осының өзі өзге еуропалық елдермен салыстырғанда анағұрлым көп. Еуропаның тағы бір елі Грекиямен бір мезгілде мигранттарға қатысты заң, дәлірегі, Франция билігі мигранттарға қатысты шектеу шаралары қарастырылған заң жобасын қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде The Guardian ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш заң аталған еуропалық елдегі шетелдіктердің әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізу мүмкіндігін қысқартады, ал шетелдік студенттерге елге келу талаптарын күшейткен. Бұдан бөлек, көші-қон квотасы енгізілген, ал ел аумағында дүниеге келген шетелдіктің балаларына француз азаматтығын алу процедурасын қиындатады. Екі азаматтыққа ие болуды полицияға қарсы келумен бірдей ауыр қылмыспен теңестірілді. Сонымен қатар, бірқатар маңызды әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін шетелдіктер Францияда бес жыл (немесе еңбек шарты болса, кем дегенде 30 ай) тұруы керек. Бұған қоса, аталмыш заң жұмысшы күші тапшы салаларда заңды тіркеусіз жұмыс істеген шетелдіктерді заңдастыруға мүмкіндік бермек. Дәлірегі, мигранттардың құрылыс, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тамақтандыру және мейманхана сияқты салаларда жұмыс істеу тәртібін жеңілдетеді.

0 пікір
Мұрағат