|
Араб елі түйе саудасына қатысты жаңа ережені енгізеді
|
Саудияның қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрлігі бүкіл ел бойынша түйе саудасын реттейтін, жануарды сатуды, сатып алуды, жалға алуды және айырбастауды қамтитын жаңа ережені ресми бекітті. Бұл жайында islam.kz порталы Saudi Gazette мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған араб елінің бейресми брендіне, тарихи және мәдени ен-таңбасына айналған төрт түліктің төресіне қатысты ереже түйе шаруашылығын дамытуға, мал иесі мен саудагерлердің құқықтарын қорғауға, түйе жануарын қорғауға бағытталған. Министрлік бекіткен қағидалар түйелерге байланысты мәмілелерге арналған интеграцияланған нормативтік базаны белгілейді, меншік және коммерциялық мәмілелер туралы құжаттамаға қойылатын талаптарды қатаңдатады, сондай-ақ, денсаулық сақтау және биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұйғаарады. Ереже талаптары шөл кемесі атанған жануарды сатумен, сатып алумен айналысатын жеке тұлғалар мен ұйымдарға қолданылады және ауыл шаруашылығы туралы заңға және оның атқарушылық нормативтік актілеріне, Жануарлардың әл-ауқаты туралы Парсы шығанағының заңнамасына және атқарушылық нормативтік актілерге, сондай-ақ, электрондық платформалар арқылы түйелерді тіркеу мен басқаруды реттейтін министрлік рәсімдеріне негізделеді. Соның ішінде түйе күтімі мен сауда келісімшарты, бағасы ереже талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сатушылар меншiк құқығын беру рәсiмiнен өтуге, түйелердi келiсiлген мерзімде және бабында жеткiзуге және жануардың денсаулық жағдайын, т.б. жасырмауға мiндеттi. Сатып алушы тарап өз кезегінде жануардың келісілген ақысын бұрынғы иесіне төлеуге, сатып алған соң жануарға медициналық қызмет көрсетуге, тексеруге, екпе салдыруға, тасымалдауға және тіркеуге байланысты талаптарды сақтауға жауап береді. Қағидалар бекітілген рәсімдер бойынша меншік құқығын беруді талап ете отырып, түйелердің уақытша бәссаудасын да реттейді. Стресс немесе ауру белгілері бар түйелерді немесе мақұлданған екпе бағдарламаларын аяқтамағандарды бәссаудаға қоюға немесе сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ сатылуы тиіс түйенің жасы мен жынысы, салмағы, денсаулығы, сондай-ақ, сатушылар, сатып алушылар, бағасы мен есеп айырысу тәсілдері туралы деректер құжатталуы тиіс. Ережелер малды тасымалдау ережелерін және басқа да бекітілген қадағалау талаптарын сақтауды талап етеді. Түйені министрлік мақұлдамай жатып тасымалдау ауыл шаруашылығы туралы заң және оның атқарушылық нормативтік актілері бойынша айыппұл салуды көздейтін заң бұзу фактісі ретінде тіркеледі. Ойсыл қара тұқымына қатыгездікпен қарау фактілері министрлік бекіткен арналар арқылы хабарлануы мүмкін, бұл ретте жануарға қатыгездік танытқан тұлғаға қарсы заң шеңберінде шаралар қолдаанылады. Түйелерді жалға алу үшін олардың иелері министрлікте тіркелуі және қолданыстағы түйелердің бастапқы тізілімі болуы тиіс. Жалдау шарттары электронды түрде тіркелуі тиіс, ал жазбалар жануарларды беру немесе олардың ақпаратын немесе орналасқан жерін өзгерту кезінде жаңартылуы тиіс. Келісімшарттарда жалдау мерзімі мен құны көрсетілуі тиіс, бұл ретте тараптар денсаулық сақтау, биоқауіпсіздік және екпе салу жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Түйелерді жалдау шарты аяқталғаннан кейін олардың бастапқы иесінің тізіліміне қайтарылуы тиіс. Түйелерді айырбастау ісі де шарт бойынша электронды құжаттамаға, меншікті тексеруге, бірдейлендіруге және тіркеуге, сондай-ақ, жануарларға байланысты барлық қолданыстағы құқық орындалуы тиіс.