Араб елі семіздікпен күресудің тың әдісін қолданады
|

Біріккен Араб Әмірліктерінде жыл сайын өтетін артық салмақты тастау байқауына қатысқандар әр келі салмақтан арылғаны үшін 300 дирхамға дейін сыйақы алады. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Соңғы жылдары эпидемияға айналған семіздік індетімен күреске арналған, RAK Biggest Weight Loss Challenge (RBWLC) деген атпен өтетін айтулы іс-шара осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы аталмыг акция ақпан айының 21-нен мамыр айының 22-не дейін, яғни, он екі аптаға созылады. Ерекше байқауға қатысқысы келетіндер тегін тіркеле алады. Биыл акция ұйымдастырушылар артық салмағынан арылғандарды отбасымен бірге марапттау ережесін енгізді. «Нақты» номинациясында ерлер мен әйелдер арасындағы үздік қатысушылар жоғалтқан әр келі салмақ үшін 300, 200 және 100 дирхам ақшалай сыйлықтар алады. «Виртуалды» номинация бойынша қатысушылар демалыс пакеттерін, денсаулық пакеттерін, азық-түлік жолдамаларын және спорт залдарына тегін баруға мүмкіндік беретін жолдаманы жеңіп алады. «Нақты» санаты бойынша қатысушылар жарыстың басында да, соңында да РАК ауруханасында салмағын өлшетіп, арнайы бақылаудан өтуі тиіс. Виртуалды санат үшін салмақ өлшеуді жергілікті емханада жүргізуге болады. Жаңадан енгізілген «Отбасы» санаты ата-аналарды, балаларды және отбасының басқа да мүшелерін акцияға бірге қатысуға ынталандырады. Қатысушылар (кемінде үшеу) нақты және виртуалды санаттар бойынша тіркеле алады. Байқауда артық салмақтан арылғандары саламатты өмір салтына арналған түрлі тауарларды тегін алуға мүмкіндік беретін құжатқа ие болады. RAK Hospital ауруханасының дерегі бойынша БАӘ-дегі ересектердің 40%-ға жуығы және балалардың 40%-ы семіздік індетіне шалдыққан. Осының кесірінен қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, онкологиялық аурулар сияқты созылмалы аурулардың өсуіне ықпал етіп отыр. «Біздің бастамамыз БАӘ-де ғана емес, шет елдердің де ерекше назарын аударды. Көптеген елдің тұрғындары байқауға қызығушылық танытып отыр. Біз қазірдің өзінде кең аудиторияға шығу үшін байқауды қалай кеңейтуге болатынын жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті RAK Hospital ауруханасының атқарушы директоры, доктор Раза Сыддық. Өткен жылы бұл байқауға 18 мыңнан аса адам қатысқан екен. Жеңімпаздарға 40 мың дирхам қолма-қол ақшамен берілді. Осы елдегі 31 жастағы экспат 30 келі салмақтан арылып, 9 мың дирхам ұтып алды.




