Араб әмірлігіндегі мешіттерде уағыз нақты уақыт аралығында 40 тілге аударылады
|

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарждағы ислам істері жөніндегі министрлігі нақты уақыт аралығында мешіттердегі уағызды 40 тілге аударатын Minbar app қолданбасын жасады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Gulf News ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Негізінде бұл қолданба араб еліне мейман болып келгенімен араб тілін білмейтін туристер мен өзге де қонақтарға арналған. Аталмыш өзгеше бастама Шарждағы аса ірі мешіттердің бірінен саналатын әл Мағрыф мешітінде сынақтан сәтті өтті. Ислам істері жөніндегі министрлік дінді таратуда және діни мәселелерді шешуде, дінге қатысты мәселелер бойынша кеңес беруде осы заманғы озық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып келеді. Minbar app қолданбасы уағыздың мағынасын жедел әрі дәл аударып бере алады. Қазіргі уақытта оны App Store және Google Play платформаларында жүктеп алуға болады. Сосын қалаған тілін таңдап, уағызды тыңдай алады. Бұдан бөлек, қолданба уағыздың мәтіндік жазбасын сақтауға және қажетті тілде мәтіндік нұсқасын алуға мүмкіндік береді.




