Рамазан! (Өлең)
Рамазан! (Өлең)
2 ай бұрын 2176 Фото: qazradio.fm
Қалқаман Сарин

Нығмет-нұрын Аллаһтың
шашып келген, Рамазан!
Бар қақпасын жəннəттың ашып келген, Рамазан!

Ақ жанымды арылтып күмəнді істен, Рамазан!
Тура жолды нұсқаушы ҚҰРАН түскен, Рамазан!

Жамандықты өшіріп пешенеден, Рамазан!
Жақсылықты өсіріп еселеген, Рамазан!

Қия бассам құтқарып қиянаттан, Рамазан!
Тыныштықты жүрекке ұялатқан, Рамазан!

Отыз күндік иллəһи мерекелі, Рамазан!
Ауыз ашқан дастархан берекелі, Рамазан!

Тарауыққа асығып күнəлі жан, Рамазан!
Таңға дейін сəждеде дұға қылам, Рамазан!

Басқаға емес,
Раббыма жақын еткен, Рамазан!
Бастан-аяқ ҚҰРАНДЫ хатым еткен, Рамазан!

Таңғажайып таңғы азан... Сəресі - бал, Рамазан!
Жəннəт бақтан жанымның дəмесі бар, Рамазан!

Мың айдан да хайырлы ҚАДІР түнің, Рамазан!
Сол түнді іздеп таппайды-ау,
жаным тыным, Рамазан!

Мейірімге мұқтажбын,
Кешірімге, Рамазан!
Шүкір Алла, жеткіздің осы күнге, Рамазан!

Күрестіріп тəкəппар нəпсіменен, Рамазан!
Бауыр қылдың кіл жайсаң-жақсыменен, Рамазан!

Туысқа - иман сыйлаған, Досқа - сабыр, Рамазан!
Қимай-қимай өзіңмен қоштасамын, Рамазан!

Қайтып бізге белгілі келетінің, Рамазан!
Бірақ, сені белгісіз көретінім, Рамазан!

Құрметінен ҚҰДАЙДЫҢ құр қалғым жоқ, Рамазан!

Сен келгенше, білмеймін, кім бар, кім жоқ, Рамазан?

Алла берем деген соң сый мөлшерін, Рамазан!
Əр сəтіңді ардақтап сүйгем сенің, Рамазан!

Он екі айдың мырзасы, сұлтанысың, Рамазан!
Момын-мұсылмандардың іңкəрісің, Рамазан!

Сағындыршы, Шөлдетші, Қаталатшы, Рамазан!
Қияметте болатын шапағатшым, Рамазан!

 

 

0 пікір