Имам Раббанидің (р.а.) Садық Қабилияға жазған хаты
Имам Раббанидің (р.а.) Садық Қабилияға жазған хаты
1 жыл бұрын 1998

Бұл хат тағы Садық Қабиляға жазылып отыр. Алла Тағала барлық нәрсені себеппен жаратса да, белгілі себептерге жармасу шарт емес екендігін білдіруде.


Бауырым, молда Мұхаммед Садық! Бүкіл болмысыңызбен себептерге сүйенгеніңіз таң қалдырды. Себептердің жаратушысы Ұлы Алла Тағала барлық нәрсені себепке байланыстырып жаратса да, әрбір нәрседе белгілі себепке жармасудың қажеті жоқ. Өлең жолында айтылғандай:

«Бір есік жабылар болса,
Қайғырма, ей көңіл,
Ашылар басқасы!»

Бұндай тар ойлау өте ыңғайсыз жағдай. Сіз сияқты кісіден мұндай халді байқау айып болады. Өз-өзіңізге келіп, бір пәс бұның қаншалықты әбес екендігін пікірлеңіз. Тақуа бола тұра Алла Тағаланың ұнатпаған істерінің соңына түсу – өте ағат нәрсе. Мұндай ағаттықтың сізге көркем іс болып көрінгені таңқаларлық жағдай.

Аса қажет нәрселеріңізге қажеттілік мөлшерінше қол жеткізу үшін әрекет етуіңіз керек. Бірақ бүкіл уақытты соған жұмсап, бүкіл өмірін соның соңынан қуумен өткізу – ақылдылық емес. Мұрсаттың қадірін біліңіз. Қолдағы мүмкіндікті пайдасыз нәрселерге жоғалтқандарға нендей өкініш!

Хат алмасып тұрайық. Хабаршының міндеті – хабардар ету ғана. Адамдардың өсек-аяндарына мән бермеңіз. Сіз тұралы айтылған алып-қашпа әңгімелерге көңіліңіз түспесін. Сізді қаралағысы келгендердің таққан айбы сіздің бойыңызда болмағандықтан, ол үшін мұңаю дұрыс емес. Бәрінің жамандаған адамы негізінен жақсы адам болып шықса, қайта ол – бақыт. Алайда керісінше болса (яғни, бәрі мақтап жүрген адам негізінен жаман адам болып шықса), сол – қауіпті. Сау болыңыз![1].


[1] «Мәктубат», Имам Раббанидің 149-ші хаты. (Кітаптың түрікше аудармасынан аударылды).

Абдусамат Қасым

 

0 пікір