Ей, айташы, Алланы айт!
Ей, айташы, Алланы айт!
7 жыл бұрын 38348
Бұқар жырау

Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды айт!

Төрт шадияр Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғалымды айт.

 

Тәңірім сөзі Фұрқанды айт,

Кәләм Алла – Құранды айт.

Тәңірім салса, аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт.

 

Жамандыққа жақсылық,

Көктемеген Еділді айт.

Қара қылды қақ жарған,

Наушаруандай әділді айт.

 

Аршы менен Күрсіні айт,

Лаухы менен Қаламды айт.

Құдіретімен жаратқан,

Он сегіз мың ғаламды айт.

Ақтан сия танытқан,

Дәуіт пенен қаламды айт,

Сөйлеу үшін жаратқан,

Сөз анасы сәлемді айт.

 

Тірлікте сыйласқан,

Ата менен анаңды айт.

Адам үшін жаратқан,

Қызықты нәубет балаңды айт.

Өлгеннен соң жер жұтқан,

Қараң қалған денеңді айт.

  

0 пікір