Шариғат өтірік айтуға рұқсат ететін жерлер
Шариғат өтірік айтуға рұқсат ететін жерлер
8 жыл бұрын 15878 old.muftyat.kz/
Ардақ Нүсіпханұлы
Өтірік – күнәлардың тұрпайы және айыптардың арсыз түрі

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шынында шындық, жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың жанында "шыншыл" деп жазылады. Өтірікші жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам (үнемі) өтірік  айтса,  Алланың жанында "өтірікші" деп жазылады» (Бұхари және Мүслім).

Және бір хадисте: «Кімде-кімнің бойынан мына үш сипат табылса, ораза ұстап , намаз  оқып және өзін мұсылманмын деп айтса да, ол екіжүзді адам болады: егер сөйлесе жалған айтады, уәде берсе , бұзады және аманатқа қиянат жасайды» (Бұхари және Мүслім).

Бір күні Пайғамбарымыздан (с.а.у.): "Мұсылман адам қорқақ бола ма?" - деп сұрағанда, Ол: «иә» деп жауап берді, "Мұсылман адам сараң бола ма?" дегенде, Ол: «иә», "Мұсылман адам өтірікші бола ма?" - деп, сұрағанда, Ол «жоқ» деп жауап берген.

Мұсылман адам Алла мен елшісінің әміріне толығымен бойұсынады.  Ал, өтірік айту – күнә. Сол үшін өтірікші адам көп күнә табады. Өйткені, ол өзін ақтау үшін кез келген жерде өтірік айта салады. Алайда, ол өтірігі бұл дүниеде болмаса о дүниеде көместі білуші Алланың алдында әшкерленеді.

 

Шариғат өтірік айтуға рұқсат ететін жерлер:

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қызы Үмму Гүлсім (р.а) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымыздан (с.а.у.) өтірік айтуды үш жерден артық  рұқсат бергенін естімедім деген:

- Бір адам екі жақты жарастыру мақсатымен айтса (яғни келіспей қалған екі тарапты);

- Бір адам соғыс кезінде (айла үшін) айтса;

- Күйеуі әйелімен сөйлескен кезде және әйелі күйеуімен тілдескен кезде». (Мүслім)

Ерлі-зайыптылар арадағы көркем қатынасты сақтау үшін өтірік айтса болады. Ал одан басқа ниет көзделсе, онда өтіріктің қай түрі болмасын – харам.

 

Өтірік айтуға рұқсат етілетін жерлерге ұқсас орындар:

-  Өлтірмекші болған залым адамнан  мұсылман жасырынып қалса, жасыру мақсатында өтірік айту міндет болады. 

-  Бір адам мұсылманның мал-мүлкін қақысыз тартып алмақшы болса, жоқ екенін айтып құтылуға болады. 

-   Бір адам біреудің қандай күнә жасағанын сұраса, одан бас тарту керек. Өйткені, бір істің ашылуы екінші бір іске жол ашады. Ал,  Алла Тағала  біреудің  айыбын  жасырушыларды жақсы көреді.  

-   Бауырының абыройын қорлау үшін, біреу сырын айтып беруді өтінсе, қайтару керек.

 

Тәурия – ол естушіге жақын мағынасын беріп, басқа мағынаны көздеу. Өйткені, ашық айтса зиян тигізу мүмкін. Қажет кезде – рұқсат, басқа жағдайда – мәкрүһ.

Бір күні Әбу Бәкір мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) үңгірге бет алып бара жатқанда, алдарынан бір адам шығып, Әбу Бәкірден: «Бұл кім?» - деп, Мұхаммед пайғамбарды (с.а.у.)  меңзейді. Сонда, ол: «Бұл кісі маған жол көрсетуші», - деп, сыр бермей құтылып кетеді. Өйткені, сол кезде шөл далада біреу жол білмесе, міндетті түрде жол көрсетушіні алатын. Ал, бұл жерде Әбу Бәкір Пайғамбарымызды (с.а.у.) хақ Ислам жолын көрсетуші екенін мақсат еткен.

Тағы да бір жолы оларды біреулер тоқтатып, «Сендер қайдансыңдар?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Нахну мин маа’ - біз суданбыз», - деп, бір тамшы судан жаратылғандықтарын көздеп, жауап береді. Жаңағы адам бұлар ендеше (Маа’) «Су» деген рудың адамдары болғаны ғой деп, өз жөндерімен кетіп қалған. 

Бір ізгі адамды ұнатпайтын біреу келіп сұраса, қызметшісіне: «Өтірік болмау үшін,  "үйде жоқ" деп айтпа, керсінше,  "ол кісіні мешіттен қараңыз" деп айт» деген екен.

 

Адамдардың арасында кең тараған асырмашылық 

Мысалы біреу:  «Жүз рет сұрадым, тоқсан тоғыз рет көрдім ..., он рет бардым..» деген тәрізді сөздер көп айтылып жатады. Бұл рұқсат, себебі ол көп сұрап,  көп көрген  және бірнеше рет барғанын білдіреді. Ал егер оның осы істері тек бір мәрте ғана болып, асырып айтқан болса, онда ол өтірік айтқан болып есептеледі. 

Өтірік айту болып табылатын кейбір әдеттер:

Мысалы біреуге "мына тамақтан алыңыз" деп өтініш білдірсе, тәбеті бола тұра "тәбетім жоқ" деп айтуы өтірік болып саналады.

Ескерту: Мұсылман адам өтірік айтудың рұқсат етілген аясын одан әрі кеңітуден сақтанған жөн. Оған әуес болмағаны жақсы. Осы жерде Әлидің  (р.а.) мына сөзіне құлақ түрген жөн болады: «Алланың жанында ең үлкен күнә әрі Қиямет күні ең жаман өкініш ол – өтірік айту».

Егер өтірік айтуға мәжбүр болса, тәурианы қолдансын, тіпті  болмай жатса шариғат рұқсат берген шектен аспасын. Өз бетінше дұрыс көрген нәрсесін істесе, шайтанның тұзағына түсуі ғажап емес.

Айша анамыз (р.а) бір сөзінде: «Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә өтірік болатын. Өйткені олар өтірікпен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді», - дейді.

Бір кісі Алланың елшісіне келіп:

– Мына үш күнәға тұтылдым, тастай алмадым. Бұлар зина, өтірік айту және арақ, - дейді. Пайғамбарымыз оған:

–  Мен үшін өтірік айтуыңды таста! - деп бұйырады. Әлгі кісі мақұл деп шығып кетеді. Бір күнә істейтін кезінде «Егер мына күнәны істейтін болсам, Расулуллаһ (с.а.у.) сұраған кезде “Иә” десем күнә істегенім мәлім болады, “Жоқ” десем Пайғамбарымызға берген сөзімде тұрмаған боламын» деп ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бас тартады.

«Өтіріктің арты - бір-ақ тұтам», адам өтірікке жақындаған сайын, Алладан алыстайды. Кім тек қана шындықты өзіне дос тұтса Алланың алдында шыншылдардың қатарында жазылады.

0 пікір