"Абайдың нәр алған мектебі - шығыс әдебиеті...": Абай және Нәуәи
"Абайдың нәр алған мектебі - шығыс әдебиеті...": Абай және Нәуәи
11 ай бұрын 2627 ult.kz
Қалдыбек СЕЙДАНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Абай Құнанбаев ХІХ ғасырдың екінші жартысында жасаған қазақ поэзиясының шұғылалы шыңы, ұлы тұлғасы. Ол қазақ әдебиеті тарихында қазақ жазба әдебиетінің негізін салумен бірге, сыншыл реализмнің де негізін қалаған кемеңгер ақын. Оның ұлы ақын, тамаша философ, кемел аудармашы, композитор, ірі қоғам қайраткері болып жетілуінің бірден-бір сыры, академик-жазушы Мұхтар Әуезов берген мәліметіне қарағанда, ол үш мектептің қайнар көзінен, нәрлі бұлағынан сусындап, әлем әдебиеті қазынасына өзінің мол үлесін қоса алды. Біріншіден, ол туған әдебиетінің бал бұлақтарынан нәр алған болса, екіншіден, Шығыс классиктерінің мол мұраларынан, үшіншіден, орыс және Батыс Еуропа әдебиетінің таңдаулы шығармаларынан сусындағандығын байқаймыз.

Иә, жасыратыны жоқ, күні кешегі, ХХ ғасырдағы қызыл империяның негізгі тұтқасы болған, коммунистік партия тұсында Абай нәр алған мектептер ішінде «Орыс әдебиетінің ықпалы басымдау, молдау» болды деген ой түйінді жиі-жиі айтып келген болатынбыз. Шынтуайтына келгенде, оның айрықша нәр алған бал бұлақтары – Шығыс әдебиетінде жатқандығын байқау оншалық қиын емес. Әрине, бұдан біз Абайдың шын мәніндегі ұлы тұлға болып жетілуінде орыс әдебиетінің де бір жөн ықпалы болғандығын түгелдей жоққа шығармақ емеспіз. Бірақ, Абайдың Абай дәрежесіне көтерілуінде Шығыс шайырларының ықпалы басым екіндігі анық аңғарылды.

Мәселен, ақынның өз қолымен жазған 45 қара сөздеріне байыппен үңілер болсақ, оған анық қаныға түсеміз. Тіптен, Абай, 1859 жылы 14 жасында жазған өлеңінің өзінде де: Физули, Шәмси, Сәйхали, Навои, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммаси, Мәдет бер, я шағри фәрияд, – деп, Шығыстың ұлы шайырларын айрықша құрметпен тілге алып, олардан шалқар шабыт жолында медет сұрап, ерекше қадір-құрмет тұтқан болса, Абайдың шәкірті болған немере інісі Шәкәрім Құдайбердиев те өзінің 1907 жылы жазған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының кіріспесінде: Науаи, Сағди, Шамси, Физули бар, Сайқали, Қожа Хафиз, Фирдаусилер… Бәйітші елден асқан шешен болып, Әлемге сөздің нұрын жайған солар, – деп, Абай дәстүрін одан әрі жалғастыра түседі. Бұл жолдар ақынның Шығыс шайырларының шығармашылығынан жастайынан-ақ мол хабары бар екендігін анық аңғартумен бірге, оның үлкен зейіні мен пайым-парасатының аса биіктігін де байқатады. Оның үстіне, бұл, Абай өмірінің соңғы сәттеріне дейін кең өріс алған негізгі кредосы болды десек, ол артық айтқандық бола қоймас. Өйткені, ақын ержетіп есейген шағында да, әбден танылған кезінде де, ылғи да Шығыс шайырларына, оның ішінде Физули, Науаи, Низами, Фирдауси, Хожа Хафиз, Бедил, Бабыр еңбектеріне жиі-жиі соғып отырады.

Рас, Абай Құнанбайдың 41 жасында көрген аса талантты, шоқтығы биік перзенті. «Атадан алтау, анадан төртеу, Жетімдік көрер жайым жоқ» деп өзі айтқандай, Құнанбайдың алты баласының ішінде Абай жастайынан-ақ аса зерек, ерекше ұқыпты, алғыр ойлы, тым зейінді болып өседі. Табиғатында аса зерек боп өмірге келген Абай, өмірдің алуан сырларына тереңірек үңіліп, өмірде, қоғамда болып жатқан әлеуметтік теңсіздіктерге ой көзімен қарайды. Өзінше ізденіп, көп оқып, ойға көп тоқиды. Осы арада өзбек халқының: «Өмірден алмаса тәлім, үйрете алмас ешбір мұғалім» деген қанатты сөзі ойға оралады. Сондай-ақ, Абай да қазақ қоғамында болып жатқан күрес-тартыстардың негізгі сырларына тереңірек үңіле отырып, зорлық-зомбылықтарды, әпербақандықтарды, алауыздықты өз көзімен көріп, біліп, оны зерек жүрекпен сезінеді. Өмірдегі ұсқынсыз іс-әрекеттерден, жер дауы, жесір дауы, әмеңгерлік мәселелеріне қатты налиды. Абай тек налып қана қоймастан, онымен тікелей күреседі. Феодалдық қоғамның зорлық-зомбылығына қарсы тұрып, әділеттілік пен адалдықты арман етеді. Халықты солай қарай жұмылдыра түсуге бет бұрады.

Абай мен Науаи

Жастайынан-ақ айрықша зейінді, ойлы боп өмірге келген Абай, араб, парсы, ескі өзбек (шағатай тілі) тілінде жазылған Шығыс шайырлары еңбектерімен кеңірек танысып, олардан рухани нәр алады. Әсіресе, өзіне Әлішер Науаиды ұлағатты ұстаз ретінде танып, оның шығармаларынан ерекше нәр ала бастайды. Науаи мен Абай арасындағы әдеби байланыстардың терең сырларын жан-жақты аңғарған жазушы, ғұлама ғалым, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Оған тілдері түсінікті болған соң Низами, Науаи көп әсер етті – дей келе, одан әрі: – … Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді», – деген ойды алға тартады. Иә, бұл, түгелдей шындық. Оны біз Әлішер Науаи мен Абайдың кейбір шығармаларын өзара салыстыра назар аударсақ, анық аңғара түсеміз. 

Рас, Әлішер Науаи мен Абай екі түрлі дәуірде, екі түрлі тарихи-әлеуметтік, саяси жағдайда, яғни бірі – орта ғасыр мәдениетінің әбден гүлденген кезі – ХV ғасырда, қолөнершілер ортасында, қалада жасаса, екінші – Абай ХІХ ғасырдың екінші жартысында, қасиетті мекенде, қазақ сахарасында дүниеге келіп, сонда жасады. Солай бола тұрса да, олардың өмір жолдары мен шығармашылығында өзара ұқсастық пен үндестік, сарындастық сипаттар аса молынан кездеседі.

Біріншіден, олардың өмір жолдарындағы ұқсастықтарға назар аударар болсақ, онда өзінің сыныптас досы Құсайын Байқараның тікелей бұйрығымен Әлішер Науаи Астрабад әкімі болған сияқты, Абай да әкесі Құнанбайдың қолдап-қуаттауымен біраз уақыт болыс болып, ел басқарады, билік құрады. Екеуі де үстем тап иелерінің озбырлығына, әділетсіздігіне шыдай алмай, оларға тікелей қарсы шығып, ылғи да қарапайым халық жағында болады. Өз өлеңдерінде адамдықты, адалдық пен пәктікті, теңдікті биікке көтере жырлап, зорлық-зомбылықты, әпербақандықты, әділетсіздіктерді сын астына алады. Әлішер Науаи мен Абай Құнанбаев әділет пен адамгершілікті, пәк сезім мен таза махаббатты, адалдықты, азаматтықты өз шығармаларында дәріптеп, барлық ой-түйіндерін ақ қағазға түсіруді басты мақсат етеді. Жауыздыққа, зорлық-зомбылыққа тікелей қарсы шығып, достық пен ынтымақ, бірлікке, теңдікке айрықша мән береді. Жастарды білімге тікелей шақырып, оқып, үйренуге үндейді. Әрі өмір, қоғам жайлы кең толғана отырып ақындық, өнер туралы да, оны орындаушылар жөнінде де өз пікірлерін ашық айтады. Жалпы, өнерге үлкен баға береді.

Екіншіден, Әлішер Науаи өзінің сыныптас досы, құрдасы Құсайын Байқараның ел басқару ісіндегі әділетсіздіктеріне тікелей қарсы шығып, оны ылғи да адамгершілікке, адалдыққа, қарай үндеп отырса, Абай Құнанбаев та озбырлыққа, зорлық-зомбылыққа, әрі сол тұстағы болыс-билердің әділетсіздіктеріне тікелей қарсы шығады. Оларды өз өлең жолдарында мінеп, сынап, ылғи да әділетті, ынсапты болуға үндейді. Оны біз ақынның 1889 жылы жазған «Болыс болдым мінеки» өлеңінен анық аңғарамыз.

«Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе жүрегім,
Орнықпайды суылдап», – деп, ұлы ақын өз дәуірінің шындығын шынайы аша түседі. Бұл орайда белгілі әдебиет сыншысы В.Г.Белинскийдің: «Ұлы ақындардың басқа ақындарға тигізетін әсері, сол ақын поэзиясының басқа ақын поэзиясында көрінуінде ғана емес, қайта сол ақын бойындағы қуатын кең өріс алдыруында», – деген ойы ойға оралады.

Дегенмен де, күні бүгінге дейін Әлішер Науаи мен Абай Құнанбаевтың шығармаларындағы сарындас сипаттар мен үндестік сырларын терең танып, оны жан-жақты ғылыми тұрғыдан үйрене алмай жүрміз. Әрі екі ақын шығармашылық жолдарының ішкі мәндеріне терең үңіле алмай келеміз. Мәселен: ұлы ақын Әлішер Науаидың бейнелеу теориясы «Ақси-Жиһан» жайлы болған көзқарасы мен Абайдың дәл осы мәселе жөніндегі ой-түйіндерінде бір ұқсастықтар мен өзіндік ерекшеліктері өз алдына сөз боларлық – бір төбе, қадау-қадау мәселелер. Өйткені, Әлішер Науаи қоғамдық өмірдегі бес сезім мүшесінің рөлін ерекше бағалап, хауасқа («Харенки захир булбул беш Хауас-Хамса») айрықша мән бере қараған болса, Абай өзінің 38-қара сөзінде «Хауас хамса заһари» деп үлкен ой түйеді. Абай өлең жолдарының бірінде: «Ақыл хауас барлығын Білмейдүр жүрек сезедүр» – деп, көп жағдайда адам жүрегі кейбір нәрселерді, оқыс оқиғаларды алдын-ала сезетіндігін ескертеді. Егер, екі ақынның ой-толғаныстарына тереңірек көңіл бөлер болсақ, онда Науаи мен Абай таным мәселесін бір мағынада, яғни адам баласының ішкі, сыртқы сезімдерінің жиынтығы ретінде бағалайтындығын байқау оншалық қиын емес. Сондықтан да белгілі ғалым, ұлағатты ұстазым Мекемтас Мырзахметов осы мәселе төңірегінде ой жүгірте келіп: «Дүниетаным туралы мәселеде хауастың орны өзгеше екендігіне екі ойшыл ерекше мән береді» – деп, терең байлам жасайды. Расында да Әлішер Науаи ақылды, ойлауды –шындықты білудің негізгі критерийі, өлшемі ретінде анық айтса, Абай да бұл мәселеге осы тұрғыдан көңіл аударады. Сол үшін де ақын Абай: «Ақыл – мизан, өлшеу қыл… Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз», – деп, барлық мәселеге ақыл көзімен ой бөліп, ақыл сенгенде ғана соған сене біліңіз деген ойды алға тартады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Мұхтар Әуезов берген мәліметке қарағанда, Абай өзінің үлкен ұлы Ақылбайға кемеңгер ақын Әлішер Науаидың «Сабъай Сайер» («Жеті кезбе») дастаны негізінде «Жаррақ» атты дастан жазуды тапсырған екен. Бірақ, Ақылбай «Жаррақ» атты дастанды жазды ма, жоқ әлде жазбады ма, ол жайлы күні бүгінге дейін қазақ әдебиеттану ғылымында бірде-бір мәлімет жоқ. Оны ғылыми тұрғыдан мұқият зерттеп, ғылым сарабына салу да алдағы абзал міндеттердің бірі. Ұлы ақын Әлішер Науаи өзінің «Чар диуан» атты лирикалық туындысында адам өмірін «балалық», «жігіттік», «орта жастық», «кәрілік» деп төрт кезеңге бөліп, оның әрбір кезеңі жайлы өз ойын жан-жақты білдірсе, Абай оның тек «жігіттік» кезеңіне ғана айрықша мән беріп, ол туралы өз ойын ортаға салады. Оның үстіне, Әлішер Науаидың кейбір ғазелдері мен лирикалық шығармаларында көрініс тапқан ой түйдектері, көтерген көкейкесті мәселелері Абай шығармаларында да аз көрініс береді. Оны біз Абайдың «Иузи рау­шан», «Көзімнің қарасы», «Адамның кейбір кездері», т.б. өлеңдерінен байқау мүмкіндігіне ие боламыз. Міне, олар Әлішер Науаидың «Хазаийн-ул-моаний», яғни «Мағыналар қазынасы» атты еңбегіндегі көңіл-күй лирикасымен үндесіп, сарындасып кетеді.

Шындығында да Абай Шығыс шайырларына жас шағында ізденіп барған болса, ол кейін келе-келе, кең тынысты кемел ақын болған шағында да, оқта-текте болса да қайта соғып, оларға сын көзімен қарап, өзінше түйіндеулер, пайымдаулар, байламдар жасағандығын да байқаймыз. Әлішер Науаи ұлы адамгершілік пен шын мәніндегі адамилықты аса жоғары бағалап «Одамий эрсанг демагил адами, Ониким йуқ халқ ғамидин ғами» десе, Абай да «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген тамаша идеяны алға тартады. Сондай-ақ, Әлішер Науаи «Одамларда одамлар бор, одамларнинг нақшидур, одамларда одамлар бор, хайвон ундан яхшидур» – десе, Абай да «Адамның адамы бар, наданы бар» деп, ұлы адамдықты, адалдықты барлық нәрседен биік қоя біледі. Оның үстіне Әлішер Науаи «Өмірді босқа өткізбе, еңбек ет» дей келіп,

«Умирини зайъе этма, мехнат қил,

Мехнатни саодатининг калиди бил», – дейді. Абай болса:

«Сақалын сатқан кәріден,

Ақылын сатқан бала артық.

Арын сатқан патшадан,

Еңбегін сатқан құл артық», – дей отырып, адал еңбектің, шынайы пешене тердің мәні мен мазмұнын аса биікке көтере түседі. Сөйтіп, екі ақынның екеуі де адал еңбек, төккен тер адам баласын ер атандыратындығын өте әдемі жеткізумен бірге, адамды қарапайымдылыққа, адалдыққа баули түседі.

Сондай-ақ, Әлішер Науаи өзінің «Хайратул-аброр» («Жақсы жандардың қайраттануы») еңбегінде өлең сөздің мазмұны мен пішініне айрықша мән бере келіп:

«Назмда ҳам анга маъни дурур

Бўлсин анинг сурати ҳар не дурур.

Назмки маъни анга марғуб эмас,

Назмни ҳам сурат зрур хуш анга.

Заинда маъни доғи дилкуш анга», – десе, Абай Құнанбаев та өзінің «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде, өлеңнің мазмұнын алтынға, сыртын күміске балайды:

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – дейді, Абай. Тіптен Әлішер Науаи өзінің «Фархад-Шырын» дастанында қыс көрінісіне жан бітіре, жандандыра суреттей келіп:

Совурда чун шажар баргини сар-сар,

Су(в)нинг сиймобини дай қилди мар-мар.

Ҳаво доғи булутдин кийди синжоб,

Булут доғи хавога сочди сийоб», – десе, Абай Құнанбаев та өзінің «Қыс» атты өлеңінде табиғат тылсымына жан бітіріп, жандандыра суреттейді. Оқып көрелік:

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық.

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Дем алысы үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды», – дейді ұлы ақын. Екі ғұлама ақын өлеңдеріндегі үндестік осылай жалғасып отырады.

Абай шығармаларының өзбек тіліне аударылуы

Абай шығармалары 1922 жылы Ташкентте қазақ тілінде басылып шыққаны белгілі. Белгілі ғалым Абдурахман Сағди 1923 жылы Ташкентте қазақ тілінде шығып тұрған «Ақ жол» газетінде алғаш рет «Абай» атты мақаласын жариялайды. Онда Абай өлеңдеріне аса жоғары баға береді. Әсіресе, «Жаз» атты өлеңіне тоқтала келіп: «Ес кетерлік ұсталықпен, тіпті жеңіл һәм табиғи шығарылған», деген байлам жасайды. Одан әрі ол: «Абай барлығы 5313 жол шамасында өлең жазған. Бұлардың ішінен орысшадан тәржімалағаны 1700 шамасында. Соңғыларын шығарып тастағанда 3612 жол шамасында болады», деген ойды алға тартады. 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы Алматыда ерекше салтанатпен атап өтілгенде, бұл ұлы жиынға Өзбекстаннан Айбек, Ғафур Ғұлам, Абдурахман Сағди, Миртемир, Хади Зариф секілді өзбек жазушылары мен ғұлама ғалымдары қатысады. Әрі сол жылы ақынның 100 жылдығына орай «Өлеңдер» жинағы тұңғыш рет өзбек тілінде басылып шықса, онан соң 1961, 1970 жылдары тағы да «Өлеңдер» жинағы жарық көріп, туысқан өзбек халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналады. Тіптен, 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай «Абай» деген атпен, оның 20-дан астам өлеңдері, «Мақсұд», «Ескендір» поэмаларымен бірге, 45 қара сөзі Нәсір Фазылов аудармасында өзбек тілінде жарық көреді. Әрі сол жылы, «Шолпан» баспасынан осы мақала авторының «Абай мәңгілігі» атты зерттеу еңбегі өзбек тілінде басылып шықты. Абай өлеңдерін өзбек тіліне аударуда Ұйғын мен Миртемир, Мақсут Шайхзаде мен Жұманияз Жаббаров, Асқад Мұхтар, Мұхаммад Әлі, т.б. ақындар өз үлестерін қосты. Тіптен, белгілі өзбек ақыны, қазақ әдебиетінің ең жақын досы Миртемирдің ақынға арнап «Абай – бабай» атты өлең жазуының өзі, ұлы тұлғаға деген мейірінің сәтті жемісі десек, ол артық айтқандық бола қоймас. Ақын өлеңін Ә.Абайділданов «Абай ата» деп, қазақ тіліне сөлін жоғалтпай сәтті аударды.

«Алатаудың мәрмәр тасын тұғыр етіп қырандай,

Алматының көшесінен отыр көзін бір алмай.

Халқының ол зердесіне жағып сөнбес шырақты,

Елдің даңқын жырға бөлеп, ойлы отырған сияқты. 

Замандардан зарлап өмір, қаншалықты көрді азап,

Туған елдің күш-қуатын бүгін ашты бұл қазақ.

Сол халықтың даналығы бойында еді Абайдың,

Ескерткіші алдында оның бас имесін қалай кім?» – дей келе, ұлы тұлғаның бүгінгі қазақ өміріне емірене қарап, қол жеткізген табыстарына дән риза екендігін ақын ерекше сезініп, қуана тілге алады. Онан соң ақын:

«Барған сайын терең бойлап табиғаттың сырына,

Бүгін міне, шықты қазақ – өнер, білім шыңына.

Жеті қабат көк жүзінде ғарышқа да бойлады,

Жұлдыздарға бірге жетпек ақын Абай ойлары. 

Жазда барсаң, қыста барсаң – Абай отыр бір қалып,

Кептер барып иығына қонақтайды жыр барып.

Абай ата маңғаз отыр, төбесінде – көк аспан,

Түзде жұлдыз жыпырласып көруге оны таласқан», – деп, тамаша түйіндеулер жасайды.

Бүгінгі таңда ұлы ақынның 170 жылдығын үлкен салтанатпен тойлағалы отырған осы бір кезеңде, Абай тойы тек қазақ халқы арасында ғана емес, ол сонымен бірге, туысқан өзбек халқының да ұлы тойына, мерейлі мерекесіне айналары дау­сыз. Осы мерейлі мерекеге орай өзбек тілінде Әбділлә Рустемовтің «Абай әлемі» атты еңбегі жарық көрумен бірге, біздің алғысөзімізбен, әрі әзірлеуімізбен Абайдың кітабы «Жарқын жұлдыз» деген атпен өзбек тілінде басылып шықты. Міне, мұның бәрі, туысқан өзбек халқының данышпан ақын Абайға деген сүйіспеншілігінің жемісі десек, ол артық айтқандық емес, бірден бір шындық.

"Егемен Қазақстан" газеті

 

0 пікір